ӘлеуметҚоғам

Сексеннен асқанға сұқтанбайық

Жасы ұлғайған адамдарға медицина қызметкерлерінің немқұрайлы қарауы белең алды. Алайда қарттарға, оның ауру-сырқауына кәрілік деп салғырт қарау – мәдениеттің төмендігі. Тегін ем алу – жас ерекшелігіне қарамастан, Қазақстан азаматтарының бәріне бірдей Ата Заңмен берілген құқы. Жедел жәрдем де шақыртқан адамды кәрі-жас деп бөлмей, бәріне бірдей білікті қызмет көрсетуге тиіс.

qariya

Таяуда бір әжеймен жолымыз тоғысқан еді. Кейбір қатарластары секілді үміт­сіздікке түспеген. Әлдекім­дердей әрнәрседен секем алмайды. Кіжінбейді. Кейімейді. Жастардың болашағына се­німмен қарап, айналасына мейірленіп отырады. Жылы сөйлейді, аузы жақсы. Өзі батагөй.
Қарияның жасы сексен ал­тыда екен. Денсаулық туралы сөз болғанда, әлденеге алаң­дайтынын сездірді.
Әңгімесіне қарағанда, қайбір жылы облыс орталықтарының біріндегі қызының үйіне барып жатып, қатты ауырыпты. Қызы жедел жәрдем ша­қыр­тады. Дәрігерлер келе сап қарияның аяғы ісіп, қы­зуы көтеріліп жатқанын көреді. Бірақ бұл аурудың сы­ры «қарттықта» екенін айтып, оған жасының сексеннен асқанын есіне салып, шара­сыздық танытып кетеді.
«Сонда біз сексеннен ассақ, өле беруіміз керек пе?» деп үнсіз қалдым дейді әлгі әжей. Сол оқиғадан соң, өліп бара жатса да, жедел жәрдем шақыртпауға бекінгенін сөз ауанымен білдіріп қойды.
Сол әңгімеден кейін көп жасаған адамдар туралы ой көкейімнен кетпей жүрді. Бүгінгі күні бізді өзімшілдік билеген сияқты. Өзімшілдік билегені сондай, қоғамның бар игілігі бізге ғана тиесілідей көреміз. Денсаулықты күтіп, сау жүру біздің ғана құқымыз секілді. Жасы ұлғайған адам­дарға көбіміздің «сіздің жа­сыңызға жетем бе, жоқ па», «сіздің жасыңызда сіздей болып жүре алсақ, қанеки» деп тұрып, сұқтанып сөйлейтін де кездеріміз бар.
Иә, сексеннен асу біз үшін ұзақ жасаған болып саналады.
Ал шын мәнінде, көп жасау адам баласы үшін таңсық па?
Швейцария халқының орташа өмір сүру жасы – 82,70-ті көрсетеді екен. Жапон елінде де орташа өмір сүру ұзақтығы 82,59-ды құрайды. Исландияда – 82,39; Испанияда – 82,33; Италияда – 82,09; Австрияда – 81,85; Швецияда – 81,8; Израильде 81,76; Францияда – 81,67; Норвегияда – 81,3 жас. Ал CIA World Factbook-тің мәліметтері бойынша Монакода халықтың орташа өмір ұзақтығы 89,68 жас деп көрсетілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштеріне сәйкес, жер бетіндегі барлық ер азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 80,2 жас, ал әйел­дер­дің өмір сүру ұзақтығы 85 жас екен. Қазіргі жедел қарқынмен дамып жатқан медицинаның ар­қасында бұл көрсеткіш санаулы жылдардан соң 90-ға жететін болады дейді болжамшылар.
Демек, сексен жастан асқанға сұқтану – кісі мәдениетінің төмендігі. Медицина саласы қызметкерлері де кісі жасының ұзақтығын пайдаланып, өз біліксіздігін бүркемелеуге ха­қысы жоқ.
Хош. Әлемде жүзден асқан адамдары мыңдап саналатын елдер көп. Бір ғана Жапон елінде өткен жылдары мұндай ғасыр жасаған адамдардың саны 52 мыңға жуық болған. Ондай елдерде, әрине, қарт адамдарда еш­қашан «көп жасап қойдым-ау» деген қолайсыз сезім болмайды.
Қазақстан да өмір сүру ұзақ­тығы бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің алдыңғы қа­тарларының бірінде тұр. Нақты сандарды сөйлетсек, Ресейде орташа өмір сүру ұзақтығы 66,05 жас болса, Украинада – 68,1 жас, Белоруссияда 70,2 жас. Ал Қазақстандағы бұл көрсеткіш 69 жасты құрайды.
Қазақ тағамтану академия­сы­ның президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, мұн­дай өмір сүру ұзақтығын жо­ғарылатуға адамның қоғамға жақ­­сы көзқараспен қарауы, жүйке жүйесінің тұрақты болуы және тамақтану режимінің сақталуы себеп болады екен.

P.S. Жалғыз әжеймен әңгімеден соң жер бетіндегі ең ұзақ жасаған адамдар, көп жасайтын халық туралы ой жетегіне алған. Халқының орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары елдердің бәрі қоғамы мейірімге бай, адамдары табиғатын да, елін де, өздерін де аялаған, халқының мәдениеті жо­ғары мемлекеттер еке­ніне көзіміз жете түсті. Бұл маған ақын апамыз Күләш Ахметова жиі айта­тын ылғи ұзақ өмір сүре­тін­дер­дің аралы туралы әңгімені есіме түсірді.
«Жапонияда Окинава ара­лы бар. Сол аралдың тұр­­ғындары, негізінен, ұзақ өмір сүреді екен. Соның сыры неде деп іздеуші едім. Сөйт­сем, ол аралда өзі мың­даған адам өмір сүреді екен. Бір аралды мекен­деген елдің бәрі бір-біріне туыстық сезіммен қарай­тын көрінеді. Ауылда бір үйде тұратын жалғыз қарт болса, бүкіл ауыл соған барып, қол ұшын беріп, отынын түсіріп, отын жағып, ұдайы қамқорлық таны­тып тұрады екен. Ол арал­дың тұрғындарында кісі­киіктену жоқ. Бір-біріне шынымен туысындай қа­райды. Сол қамқор­лық­тың, сол жақсылықтың, сол ме­йір­бандықтың арқа­сында ол жердің халқы ұзақ өмір сүреді» дейді ақын…
Осы тақырыпта қы­зық­ты деректерді оқып отыр­ғанда, адам қар­тай­ғанда да айнала­сын­да­ғыларды жақсы көре ме, өмірден, өзге адамдардан мезі болып кетпей ме, кәрі жүректе мейірім сарқылып қалмай ма, көп жасаған жанда жылу бола ма деген секілді сұрақтар жылт етеді. Сол мұң екен, арсыз көңіл жер бетіндегі ең кәрі адамдардың фото­су­реттерін көруге құмарта берді.
Иә, адам жүрегі жүз жыл, тіпті жүз жиырма, жүз елу жыл мейірім мен махаббат бесігі болып қала алады екен. Жан бар жерде жылу болады.
Өмір – аяқ-қолы балғадай жастарға ғана тән емес.
Ендеше, ғасыр жасаған жүрек сақтаған мейірімді біз неге сақтай алмаймыз?

Нәзира БАЙЫРБЕК

(Сурет фотограф Айбек АХАНОВТЫҢ Instagram парақшасынан алынды)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button