Жаңалықтар

Бауырлас елдердің басқосуы

Астанадағы «BI Village Deluxe-1» коттедж қалашығында Татарстан Республикасының Қазақ­стандағы өкілетті өкілдігі ресми түрде ашылды. Бұл салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Татарстан Республикасының президенті Рүстем Минниханов қатысты. 

kbb_8036

Сондай-ақ, делегация құрамында Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің жетекшісі, Ресей Федера­циясының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Виктор Нефедов және басқалары болды.
Салтанатты шарада сөз алған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жақсы дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Астана қаласынан жаңа өкілдіктің ашылуы – біздің жақын достығымыздың айқын дәлелі. Біздің еліміз көптеген сала бойынша ынтымақтастығын жыл өткен сайын өрістету үстінде. Жа­ңадан ашылған өкілдік біздің қарым-қатынасымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді Әсет Өрентайұлы.
Татарстан Республикасының прези­денті Рүстем Минниханов өз кезегінде Қазақстанды стратегиялық әріптесі санайтынын, екі ел арасында экономикалық, мәдени-рухани байланыс нығайып келе жатқанына ризашылығын білдірді.
– Қазақстанға келген сайын сіз­дердің жетістіктеріңізді көріп, біз де қуанамыз. Осында татар диаспорасы өкілдерімен де жақын танысуға мүмкіндік алып, татар ұлтының тілі мен діні сақталуына, мәдениетінің дамуына жақсы жағдайлар жасалып жатқанына да куә болдым. Осындай қолдаулары үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына, Астана қаласының әкімі Әсет Өрентайұлына барша диаспора атынан, өз атымнан зор алғыс сезімімді білдіремін! – деп аяқтады ол сөзін.
Салтанатты шараға Астанадағы татар-башқұрт диаспорасының өкілдері де көптеп жиналған еді. Көпшіліктің алдында өкілдікті салтанатты жағдайда ашқан Астана қаласы әкімі мен Татарстан Республикасының президенті көпшілікті ішке бастады. Олар үлкен ғимараттың ішін асықпай аралап, жаңа өкілдіктің жұмыс бағыты жайлы да пікір алмасты.
Орайы келгенде айта кетейік, Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілдігі алғаш рет 1997 жылы 25 тамызда екі ел Президенттерінің арасында жасалған келісімге қол қойылған сәттен бастап ашылған екен. Содан бері бұл елдің өкілдігі елімізде достық қарым-қатынасты нығайтуда табысты жұмыс істеп келеді.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button