Өнербаян

«Қанаттылар» қанаты талмасын



27 наурыз – Халықаралық театр күні. Соған орай елімізде тұңғыш рет ашылған «Қанаттылар» инклюзивті театрына барған едік. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Себебі сәуір айында әртістер актерлік курстан өтеді. Ал мамыр айында екі жаңа спектакльді жұртшылық назарына ұсынады.

[smartslider3 slider=2490]

Жастар театры жанынан құрылған инклюзивті театрдың репертуарында қазір 3 спектакль бар. Олар: «Қызыл алма», «Қанаттылар» және «Үй таңдаған лақ» ертегісі. Театр жетекшісі Арнұр Ысқақовтың айтуынша, актерлік құрам қазір «Қанаттылар» спектаклінің жалғасына дайындалып жатыр.

– Елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалі өтті. ТМД елдерінен, соның ішінде Ресей мен Украинадан театрлар келді. Олардың іргетасы 1970-80 жылдары құрылған. Бізден гөрі тәжірибелері де көп. Сол кезде біз елімізден қатысатын театр таппадық. Сөйтіп өзіміз адамдарды жинап, құлағы естімейтін ерекше қажеттілігі бар 4 баланың қатысуымен «Қызыл алма» спектаклін қойдық. Фестивальде лауреат атандық. Қонақ болып қатысқан төрт театрдың бізден айырмашылығы – 95 пайызы есту қабілеті төмен адамдармен жұмыс істейді. Ал бізде 50 пайызы есту қабілеті төмен, қалғандары – әртүрлі категориядағы адамдар. Фестивальге келген БҰҰ өкілдері бізге «Орта Азиядағы ең алғашқы инклюзивті театр» деп баға беріп кетті. Осылайша 2018 жылы театрдың шымылдығын спектакль арқылы аштық та, кейін жалғаспай қалды, – деді театр жетекшісі.

«Қанаттылар» театрының құрамындағы актерлардың жасы – 15-50 жас аралығында. Қазіргі таңда театрға актерлік білімі бар адамның да театрға қабылдануына мүмкіндік бар.

– Алғаш құрамды бекіткен кезде көбінесе сахна көрген, көпшіліктің ортасында жүретін жандарды іздедік. Біздің қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдарды шектеп тастағандықтан, олардың актерлік білімі де болмайды. Жалпы келген адамдардың барлығын қабылдауға тырысамыз. Өзіміздің арнайы ән жазатын студиямыз бар. Декорация, киімдер – барлығы бойынша мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда драматург таба алмай жатырмыз. Себебі мұндай қойылымдарды ешкім жазып көрмеген. Мықты драматургтерді шақыртқанымызбен, олар адамдардың потенциалын білмейді. Сол жағынан қиындық тудыруда. Біздің құрамда 8 есту қабілеті нашар жан, 6 арбадағы және 2 көру қабілеті төмен және 1 БЦП-мен (балалардың церебралды сал ауруы) диагнозы бар ерекше әртіс бар. Сондай-ақ сурдоаудармашы мен би маманы бар. Осылай құрамды таныстырған кезде драматургіміз ойлана бастайды. Сосын мен ұжымдағылардың қабілетін бөлек айтуға тырысамын, – деді Арнұр Ысқақов.

Театр жетекшісінің айтуынша, негізгі мақсат – кез келген қойылым арқылы адамдарды жігерлендіру, өмірге құлшынысын ояту.

– Театр атауын екі ай ойланып жүрдік. Әртүрлі ат айтылды. Талқыға салып қарағанда, «Қанаттылар» атауы өзімізге ұнады. Құс екі қанаты арқылы ұшатын болса, біз әрбір адамды осы театрдағы қойылымдарымызбен шабыттандырғымыз келді. Құрамдағы әрбір әртіс өнерді жақсы көреді. Бізде «Қанаттылар» қойылымында Малика басты рөлді сомдайды. Премьера кезінде ауырып тұрғанын байқадық. Бірақ соңына дейін шыдады. 20:30-да спектакль бітті, түнгі 00:00-де ауруханадан бір-ақ шыққан. Сахнада ауырып тұрса да, жанын беріп ойнау кез келген әртістің қолынан келе бермейді. Театрдағы әрбір әртіс сахнаға асығып тұратыны рас. Негізгі мамандығым – дәрігер. Жарақат алған соң әртүрлі жерлерде жұмыс істеп жүрдім. Сөйтіп қоғамдық бірлестік ашып, осында тап болдым. Көпшілігі «Сахнаға неге шықпайсыз?» деп сұрап жатады. Театрды осы азаматтар үшін құрғаннан соң солардың сахнада өнер көрсетуін қалаймын. Жалпы театрдағы ұйымдастырушылық, қойылымды таңдау, рөлдерді бөлу секілді жұмыстармен айналысамын.

Театрда сценарист әрі актер болып жүрген Жүзбай Серікұлы да бұл құрамда болғанына қатты қуанады:

– Қоғамда ерекше қажеттілігі бар жандардың үйде отырып қалғаны қиын. Көру қабілетім төмен болса да, бірнеше айналысатын жобаларым бар. Бірақ театрда бәрі басқаша. Мен көбіне ақылшы рөлін сомдаймын. Қойылымдағы монологтардан шабыт аламын. Мұндағы әрбір монолог кейіп­кер атынан айтылғанмен, халыққа арналады. Ой тастап, сол арқылы көрермендерімізді шабыттандырсақ, біз үшін ең керемет нәрсе сол болар еді. Өзім ана мен бала тақырыбында монологтар мен сценарийлер жазамын. Бәлкім, болашақта осы театрдан көріп қаларсыздар. Театр ғұмырының ұзақ болуын тілеймін. Әр облыстан осындай театрлар ашылуы керек деп ойлаймын.

P.S: Театр мекемесі ескі болғанмен, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін барлық жағдай жасалған. Өте көңілді ұжымға қарап қоғам үшін жасаған істеріне риза боласың. «Қанаттылардың» қанаты талмасын!

 Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ 




Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button