Өнербаян

Сахнаның сәнін кіргізді

Өнердің жаны – құштарлық,

Жауы – іштарлық.

(Халық даналығы)

Биыл құрылғанына 15 жыл толған «Жастар» театрында есте қалар ірі бейнелерді сараласаң-ақ, Айнұрдың кейіпкерлері еске түседі. Актрисаның шығармашылығымен алғаш таныстығым Т. Миңнуллиннің «Диляфруздың 4 күйеуі» атты комедиясынан бастау алған еді. Сол жылы Айнұр ауылдағы жігіт біткенді өзіне ғашық қылған ең әдемі, ең ақылды Диляфруз деген қыздың рөлін кейіптеді. Қимылы ширақ, талдырмаш бойына қона кеткен әсем көйлегі ерекше жарасым тауып, сахнаның сәнін кіргізді

Диляфруз-Айнұр қойылымда айтылған әр сөз бен сахналық әрекет темпоритмін бірде әсерлі үнімен, енді бірде өршілдігімен дамыта отырып, ойын өрнегін шебер бедерледі. Ұзақ қошемет пен ыстық ықыластан тұтас қойылымның үздік шыққанын сезіндік.

Айнұр Асанқызы үшін «Жастар» театры оның екінші үйіндей, ыстық, бөлек, қымбат. Бұлай дейтініміз, Айнұр – осы театрдың уығын қадаған алғашқы қарлығаштардың бірі еді. Содан бері 15 жылдың ішінде 30-ға таяу ірілі-ұсақты рөлдерді кескіндеп, елордалық көрерменнің көңіл көкжиегіне сәуле сыйлап келеді. Еңбекқор өнерпаз күні бүгін театр­сыз өмірін елестете алмайды. Жаңа рөл игеру барысында ұзақ ізденетінін, өмірінің сан торабында кездескен жағдаяттарды эмоция­лық жадына сақтап, кейіпкер шығаруда өзі басынан кешкен сол әсерін, күйініш-сүйінішін еске түсіре отырып дайындалатынын тілге тиек етеді.  

Айнұр Рахипова – темпераментті актриса. Оның ішкі энергиясын сахнада өзі ойнап жатқан кейіпкерінен-ақ аңғарасың. Беріліп ойнағаны сонша, шынайы өмірінен алшақтап, сахнадағы бейнесіне еніп кетеді.  Бірізділік, жайбасарлық, біртоғалық – оның актерлік болмысына жат. Сан қилы спектакльде кейіпкерлерді біріне-бірін ұқсатпау мақсатында, штампқа ұрынып қалмау үшін актриса режиссермен көп жұмыс істейді. Өзіне берілген рөлді шығару жолында әр түрлі эксперимент жасаудан да жүрексінбейді.

Оның сахна төрінде жасындай жарқылдауының белестерін әйгілі орыс классигі Н. Гогольдің «Ревизорындағы» – Шпекина, Е. Уахитов­тың «Құдалар» комедиясындағы – Шапағат, Ш.Айтматовтың «Жан азабындағы» – Бұғы ана, Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн» лирикалық драмасында –  Нұргүл, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде – Баян,  Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» элегиясындағы  – Гүл, Ж.Б. Мольердің «Ақымақ болған басым-айындағы…» – Клодина, М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпанындағы» – Теңге  тағы сол сияқты рөлдерінен көруге болады.

Комедия жанрында сахнаға шыққан  У. Шекспирдің «Асауға тұсауы» өзінше бір төбе. Ерке, қиқар мінезді Катаринаның болмысын көрсете білген Айнұр Рахипованың бұл кейіпкері – оның актерлік шеберлігінің үздік көрінісі. Физикалық, эмоционалдық дайындықты талап ететін комедия үстінде талай рет аяғын қайырып, қолының бұлшық етін созып алғаны да бар.

Спектакль жолында басын бәйгеге тіккен өнерпаздың сахнаға деген адалдығына сүйсінесің. Бұл Айнұр Рахипованың бір мысалы ғана. Оның театрдағы жас өнерпаздарға бағыт беруін, білгенін үйретуін, өзінен кейінгі буынға деген жанашырлығын үнемі байқаймыз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың тәлімін көбірек алған  шәкірттерінің бірі де осы – Айнұр. Ұстаздың өнегесін, білімін мейлінше мол үйренуді бағым деп білетін актриса тәлімгеріне сырласындай сенеді. Оған бір мысал:                                                      «…Күндердің бір күнінде ұстазыма жылап бардым» дейді актриса. «Денсаулығым сыр берді, отбасылық кикілжіңдер үдеген шақ еді. Мен театрдан кетемін деп кесіп айттым. Нұрқанат ағай  менің ақылшым ғой. Өнер дейтін соқпағы мол аса ауыр жол екендігін алға тартып, менің бұл проблемаларым театрдан кеткеніммен шешіле салмайтындығын айтты.  Осылай оңай беріле салудың жөн емес екендігін ұғындырды. «Өткінші өмірде сені барлығы сатып кетеді. Сені сатпайтын ең асыл қазынаң ол сенің өнерің!» – деп алған бетімнен қайтарды» дейді толқып отырған актриса. «Мен саған аз жұмыс берген екем. Бұл проблемаларыңды ойлауға тіпті мұрша болмайтындай етіп көп жұмысты жүктеуім керек еді. Өнеріңмен адал қызмет етсең ғана бақытқа қол жеткізесің!» деген ұстаз сөзі оны қайта түлетіп, жігерлендірген болатын.

Кейінгі буын актрисалардың ішінде Айнұр Асанқызының ізін басып, жолын жалғап келе жатқан Айым Жүсіпбекова, Айман Есенқызы, Назерке Серікболова, Наурыз Сабағатова, Шехназа Қызыханова сынды үміт күттірер  актрисалар баршылық. Ең ыстық та аяулы рөлдерінің бірі С. Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» спектакліндегі Ремарка рөлі еді. Әлбетте, уақытты, жастықты уысыңда ұстап тұру мүмкін емес. Жас талант Назерке Серікболованың үлесіне тиген аталмыш рөл өзінше бояуға еніп, қойылымның көркем болмысын аша білді. Актер сүйікті рөлін күндердің күнінде кейінгі буын өнерпаздың еншісіне табыстауы да заңдылық. Өзің мәпелеп баққан құндақтағы балаң сынды рөліңді ақ тілекпен өзгеге берудің астында қимастық оты маздайтынын қайда қоярсыз… Ол рөлді өзгенің төмендетуіне, әлбетте, хақы жоқ. Жауапкершілік қой. Театрда бақталастық пен іштарлықтың сызы сезілмеуі де содан.

Физикалық тұрғыда үнемі дайындық жаттығуларымен айналысып, сырт келбеттің әсем қалпын бұзбай ұстау да актердің міндеті екенін ескерген актриса үнемі дайындық жаттығуларымен айналысады. Ұстаздыққа бет бұрып, шәкірт тәрбиелеу туралы ой келсе, әлі де тәжірибе мен білімнің толысқанына күмәнмен қарап, ізденісті арттыра түсетін қасиеті тағы бар. Ол қазіргі мектеп оқушыларының театр мәдениеті төңірегіндегі өресінің, ұлттық құндылықтарға деген құрметінің кемшін тұстарына күйінеді. «Абайды, Әуезовті, Шекспирді, Айтматовты оқып өскен бала театрға келсе, сағыз жабыстырып кетпейді» деп, жоғары мәдениетті тал бесіктен үйретудің абзал екендігін алға тартады. Көп ішінде басы артық бой көрсетуден, мақтау мен марапаттың буына елітуден оқшауланып жүретіндігін де жиі байқаймыз. Бұл өнерпаз Айнұрдың қарапайымдылық пен парасаттың тізгінін қатар ұстауынан деп топшылайтынымыз рас. Театр маңдай терін бағалап, қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде «Ең үздік спектакль» – Гран-при жүлдесіне, «Үздік әйел бейнесі» номинациясына лайық деп тапса, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері атанған. 2020 жылы «Еңбек даңқы» медалін алды. Актрисаның 15 жыл ішінде мәдениетке сіңірген жанкешті еңбегі қай марапатқа болса да лайық. Талантты тұсаулай алмайсың. Дамыту үшін руханият  көгіне  самғап  ұшарлықтай мол еркіндік,  ұлан-ғайыр  еңбек керек. Актриса Айнұр қазақ театрларының белгілі актрисалары Гүлжан Әспетова, Ғазиза Әбдінәбиева, Лидия Кәденова, Назгүл Қарабалина, шетелден Мерил Стрип, Алиса Френдлих, Екатерина Климова, Евгения Крегжде, Чулпан Хаматова сияқты хас таланттарды үлгі тұтады.

 Актерлік – табиғаттың ғаламат сыйы.  Жаратылыстың пендесіне жасаған әсем тартуы. Оны бабында ұстап, абыроймен арқалау қиынның қиыны. Ендеше қызығы мен бейнеті қатар жүрер сол қатпарлы жолда қанатыңыз талмасын, Айнұр!

    Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

 «Жастар театры» әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button