#Жолдау-2022

Жаңару жолын айқындаған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары – елдің саяси бағдарын айқындап, экономикалық бағытын байыптап, ықтимал дағдарыс құбылыстары мен сын-қатерлерді еңсерудің жол-картасы. Ал күні кеше жария еткен «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы да – өзіміздің бүгіні мен ертеңі үшін аса маңызды бағдарлама.

Қазір сарапшылар мен белсенді азаматтар стратегиялық құжатта қамтылған мәселелерді жер-жерде талқылап, басымдықтардың мән-маңызы туралы сөз етуде. «Elorda aqparat» ЖШС шаңырағында елге белгілі азаматтар жиналып, ой-талқы алаңында өз ойларымен бөлісті.

«Elorda aqparat» ЖШС директоры Олжас ­СЫДЫҚБЕК алқалы жиынды ашып:

– Жолдауда қамтылған саяси, экономикалық, әлеу­меттік басымдықтарды оңтайлы шешу арқылы елдің әлеуметтік әлеуеті артады. Сондықтан мән-маңызы айрықша, ауқымы кең құжаттағы негізгі бағыттарды талқылауды жөн көрдік.

Алдымызға жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылды. Мұны өзіндік пікірі бар азаматтардың қатысуымен саралап, салмақтау маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан Сіздерді дөңгелек үстел басына жинап, өрісті ой, талғамды сөз айтуға шақырып отырмыз, – деді.

Басқосуға Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатындағы Amanat партиясы фракция­сының жетекшісі, депутат Азамат АЙТХОЖИН онлайн байланыста қосылып:

– Бұл жолғы Жолдау елімізде қордаланып қалған нақты ішкі мәселелерге назар аударып, оны шешу тетіктері ұсынылған тарихи құжат болды.

Әр жылғы Жолдауда жастар саясатына, бизнесті дамытуға және т.б. айрықша көңіл бөлінсе, бұл жолы халықтың көкейінде жүрген сұрақтың бірі – жасөспірімдердің сапалы өмір салтын қалыптастыруда мемлекеттің қамқорлығына тоқталып, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызын 18-ге толмаған балалардың жеке шотына аударуды ұсынды.

Ұлттық қордағы қаржыны халықтың игілігіне бағыттау бұған дейін де айтылған-ды. Мұны жүзеге асырудың маңызын терең түсінетін Президент қазақстандықтарды қанағаттандыратын шешім қабылдады. Мұның жақсы тұсы – енді ел азаматтарының Ұлттық қорға деген қызығушылығы артып, оның жұмысын қадағалауға әрекет етеді деп ойлаймын.

Құжаттың құндылығы адами капиталдың сапасын арттыруға мән беруінен көрінді. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесінен адами ақыл-ойдың сапасын арттыру арқылы зор жетістікке жеткенін көріп отырмыз. Адамның интеллектуалдылық сапасын арттыруда білім беру орындары – балабақша, мектеп, колледж, университеттер шешуші мәнге ие.

Жолдауда Президент білім беру құрылымдарын жүйелі дамытуды нақты тапсырды. Мәселен, мектепке дейінгі тәрбие ісіне мән беріп, тәрбиешілердің біліктілік санатын арттырудың маңызын атады. Орта білім беру жүйесін жетілдіруде көп ауысымдық мектептерді жою­ды міндеттеп, 800 мектеп салуды атады.

Мұның бәрі өркениет көшіне ілесудің қайнар көзі болып табылады, – деді.

Біздің елде азаматтық қоғамның белді өкілдері өзінің ұсыныс-тілектерін ашық айтып, өткір мәселелердің шешілуіне үн қосып жүр. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің ­мүшесі, Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі ­Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ дөңгелек үстелге қоғам белсендісі ретінде қатысты. Ғалымның тәрбие және білім беру, ұлттық идеология турасындағы ойы қызықтырды.

– Экономиканың дамуына үш түрлі капитал үлес қосады. Бірінші, табиғи капитал, екінші, физикалық капитал. Үшінші, адами капитал. ХХІ ғасырда мемлекеттің өркендеу өрісін кеңейтуде үшіншісі басымдыққа ие болып тұр. Сондықтан, зияткерлік активтермен өлшенетін адами капиталды тәрбие және білім беру жүйесінде дамыту қолға алынды. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдар мен орта мектептерге басымдық беріп, тәрбиешілер мен ұстаздардың біліктілігін арттыруды басымдық етіп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

Президент бұл жолғы Жолдауында кезекті рет тәрбие процесі мен білім беру үрдісі мемлекеттіліктің ажырамас бөлшегі екенін айғақтап, осы салаға ерекше көңіл бөлді. Оған жасөспірімдерді балабақшамен толық қамту, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және жалақысын көтеруді тапсырды.

Әкімдерге әлеуметтік серіктестік есебінен мектеп салуды жүйелеуді, кадр сапасын арттыруда жоғары оқу орындарындағы диплом беру психологиясын өзгертуді меңзеді.

Әлеуметтік инфра­құ­рылым мектеп салу өте ма­ңызды, дегенмен кадр сапасын арттыру да – мемлекет алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

Қазір жастар арасында бірнеше дипломы болғанымен, екі қолға бір күрек таппай жүргендері көп. Неге? Өйткені жастар арасында диплом алуға ынта-ықылас жоғары болғанымен, сапалы білім алуға деген қажеттілік төмен болып тұр. Жоғары мектептердің дипломы мамандардың біліктілік қабілетіне толық жауап бере алмайды. Білім және ғылым министрлігін екіге бөлуде осындай сыр жатыр деп ойлаймын. Яғни жоғары білім беру жүйесінде студент тоериялық біліммен қатар практикалық тәжірибесін шыңдап, диплом алғанында өз саласының білікті маманы ретінде шығуы тиіс. Ғылым мен инновацияға да айрықша мән беріп, экономиканың ажырамас бөлшегі ретінде дамыту міндеті тұр.

Университетте сапалы білім алған педагогтар уақыт талабына сай үнемі біліктілігін арттырып отыруға көңіл бөлуі тиіс. Жолдауда мұның маңызы да тыс қалмады.

Жаһанданған заманда аралас мектептер ұлттық болмыс-бітім пен қабілет-қасиетке зор қауіп төндіретінін айтуымыз керек-ақ. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйі­ніш» дегендей, көп тілді білетін ұрпақ тәрбиелеу керек, алайда өспірімдерге өз тіліңді құрметтеп, қастерлеу­ді үйретуге тиіспіз, – деді Кәрімбек Арыстанұлы.

Елдегі саяси бетбұрыстар мен мемлекеттік бағдармалардың мән-жайын түсіндіріп, халыққа насихаттауда ақпарат құралдары зор сенімге ие. Әсіресе, идеологиялық құралдың тізгінін ұстаған азаматтар бірінші кезекте ақ пен қараның аражігін ажыратып, елге дұрыс бағдар беруі тиіс. Біз «Түркістан» халықаралық қоғамдық-сая­си газетінің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан  БАБАЖАНҰЛЫНЫҢ ойларын осы тұрғыда сараладық.

– Саяси мінбеде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен кезекті рет айтып, құлақ асатын мемлекет және әділет қоғам қағидасын орнатудың жолдарын көрсетіп берді. Стратегиялық құжаттың тармақтары осы ұстаным негізінде тарқатылды.

Тағы бір аңғаратын жайт, «Адвокат коллегиясының айтуы бойынша», «азаматтық қоғам өкілдерінің ұсынысы бойынша» деген мысал келтіру арқылы қоғамның ішкі тыныс-тіршілігімен етене таныс екенін, халықтың негізгі сұраныс-ұсынысынан хабары бар екенін дәлелдегендей болды.

Мәселен, заңсыз келген көліктерді тіркеуді, су тапшылығына назар аудару, салық жүйесін реформалау, ішкі миграция мен сыртқы көші-қонды үдету мәселесін Үкімет назарына қайта салып, нақты шешуді тапсырды.

Егер Жолдауда көтерілген басымдықтарды атқарушы және жергілікті билік жүзеге асырса, халықтың тұрмыстық әлеуеті артатыны анық, – деді басылым басшысы.

Қаламгер Еркін Қыдыр Жолдаудағы әділетті қоғам құрудың маңызына мән берді.

– Президент Жолдауды бес тармаққа бөліп, әлеуметтік саланы терең қамтыды. Тіпті бұл құжатты сайлауалды бағдарлама ретінде қабылдауға болады.

Халық заң нормалары жұмыс істейтін, әділетті қоғамның орнауына мүдделі. Ал әділетті қоғамның негізі – сот. Сот әділеттілік принциптеріне жүгінбей, елде әділеттілік орнамайды. Сондықтан сот жүйесі реформалануы тиіс.

Шет елдерде бай-бағландарға құрметпен қарайды. Неге? Себебі олар елдің табысы артуына жағдай жасайды, қарапайым адамдарға қарағанда салықты әлденеше есе көп төлейді. Ал біздегі бай адамдар қайта табысын жасырып, мүлігін біреудің атына рәсімдейтінін халық біліп жүр. Енді бай-бағландар да өзінің табысына сай салық төлеуі айтылды Жолдауда. Бұл – дұрыс шешім. Айналып келгенде, байлардың зекет бергені сияқты сауапты іс деп қабылдауымыз керек, – деді «Астана ақшамы» республикалық саяси-қоғамдық газетінің бас редакторы.

Елордалық «Вечерняя Астана» республикалық сая­си-қоғамдық ­басылымының бас ­редакторы ­Лариса ­УВАЛИЕВА елдегі тұрақтылық пен ­тыныштықты сақтаудың маңызы тұрғысынан сөз саптап, Жолдаудың жүгін аша түсті.

– Стратегиялық құжатта қоғамдық өмірде талқыланып жүрген өзекті мәселелер қамтылды. Әйелдердің зейнет жасын төмендету, жасөспірімдерге әлеуметтік қамқорлық пакетін арттыру тапсырды.

Жолдауда саяси бағыттағы реформалар назардан тыс қалған жоқ. Суперпрезиденттік басқарудан мықты парламенттік басқаруға ауысып, президент тек бір мерзімге 7 жылға ғана сайланатынын, биліктің халықпен ашық диалогқа түсіп, үніне құлақ асуы керектігін атады, әрі мұның бәрі демократия­лық сипатта болатынынан үміттендіреді.

Саяси бәсеке болмай, санада серпіліс орын алмайтыны анық. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына дейін саяси партиялар тіркеліп, жаңа партиялар сайлауда белсенділік танытып, өкілді органда азаматтық ұстанымы берік, халықшыл азаматтардың қатары көбейіп, саяси өмірде іргелі өзгерістер болатынына сенемін.

Бүгінде жылт еткен жаңалықты шұғыл беруде сайттардың рөлі артты. Сайт-портал қызметкерлері ақпараттың жылдам берілуімен қатар, оның мән-мазмұнын талдап, ең өзекті, ең құнды тұсын оқырманға жеткізуі тиіс. Elorda.info ақпараттық порталының бас редакторы Дулат ­­ТУЛЕПОВТІҢ ойы осы тұрғыда маңызды болды.

– Жан-жақты сарапталған құжат. Жолдауда әлеуметтік те, экономикалық та, саяси да тепе-теңдік қамтылды. Әділетті қоғамды дамытудың нақты қадамы айтылды.

Бастысы, құжатта тәуелсіздік жылдарындағы қателіктер жан-жақты ескеріліп, олқы тұстарды, кем-кетікті дұрыстаудың жолын айқындап, дамудың бағыт-бағдарын нақтылап берді.

Меніңше, Президенттің өкілеттілік мерзімін қысқарту, жаңа саяси көзқарастар принципін қалыптастырып, атқарушы биліктің іске ептілігін шыңдай түсетініне сенімін.

Мемлекет басшысы мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартып, бағаны қадағалау, бизнесті дамытуда бәсекелестікті арттыру тетіктерін жетілдірудің маңызына тоқталды, – деді сайт жетекшісі.

Басқосуды түйіндеген ­медиахолдинг басшысы ­Олжас Сыдықбек саяси- экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік маңызды міндеттерді қамтыған Жолдау қарапайым халық көкейіндегі көп сұрақты дөп басып, жаңару жолын айқын нұсқағанын атап, ой-талқы алаңына келген азаматтарға алғысын білдірді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button