#Жолдау-2022

Елдің әл-ауқаты – басты назарда

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа соңғы Жолдауымен танысып отырғанда ойыма мына халық мақалы орала кетті:

Орағың өткір болса,

Қарың талмайды.

Отаның берік болса,

Жауың алмайды.

Иә, Президенттің соңғы Жолдауын оқығанда бұл маңыз­ды құжаттың идеясы, негізінен, елдің берік болашағы мен халқының біртұтас ұлт болып қалыптасудың қам-қаракеті екеніне көз жеткізесіз. Әсіресе Жолдаудағы үшінші бағдарда бұл қағида тайға таңба басқандай айқын көрініс тапқан.

Еліміздің басты құндылығы – адам және оның құқығы екені Ата Заңда анық көрсетілген. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру екінші республиканы нығайтудың басты мақсаты болмақ. Халық ауқатының ойдағыдай жоғары болғанда ғана қоғам орнықты дамиды. Бұл – ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома.

Халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы жалақының өсуіне тікелей байланысты. Осыған орай, Президент ­Қ-Ж.Тоқаев ең төменгі жалақыны 60  мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеруді орынды деп санаймын. Бұл жиынтық зейнетақыны 2025 жылға дейін 27 пайызға көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, ­Президент өз сөзінде әлеуметтік мәселелердің үлкен бір бөлігін көтерді. Соның бірі – соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келе жатқан әйелдердің зейнетке шығу жасы. Ол 2028 жылға дейін 61 жас болып тіркелмек. Бұл шектеу – қазіргі ерлердің зейнетке шығу 63 жасынан екі жас кем деген сөз. Сонымен бірге әйелдерге жасалған жақсылық осымен шектелмейді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер біржарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл шын мәнінде аналарға сәбилердің ең маңызды жасында балалармен бірге болуға мүмкіндік береді. Осы шаралар жас отбасыларға, әсіресе жас аналар мен сәбилерге жасалған мемлекеттің қамқорлығы деп білу керек.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ең күтпеген, маңызды ұсыныстардың бірі Ұлттық қор-балаларға түбегейлі жаңа бағдарламасының «Балалар жылы» басталғаны туралы хабарландыру болды. Президент балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына  Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынды. Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нақты жолдама береді. Ұлттық байлықтан түскен пайданы өскелең ұрпақ үшін кәдеге жарату қазақ қоғамының көптен бері айтып келе жатқан ұсыныстарының бірегейі деу керек.

Жолдаумен таныса отырып, мен ел жастары мен болашақ ұрпақ үшін жүзеге асатын игілікті шаралардың осымен тәмам болмайтынына назар аудардым. Соның бір айғағы – Президент білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басымдық беруі. Мысалы, келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылады және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беріледі деді. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал ететіні сөзсіз. Жолдауда мектеп және балабақшалар мәселесі де Президент назарынан тыс қалмады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да халық көңілінен шықты деп батыл айтуға негіз бар. Бұл нысан түптің түбінде халықтың меншігіне айналады.

Ерекше айта кететін мәселе – Президент Қ.К.Тоқаевтың жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық реформалардың нәтижесінде Ата Заңға сәйкес жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі болып табылатыны. Сөйтіп, Мемлекет басшысы отыз жылдан бері айтылып, бірақ орындалмай жүрген бір түйткілді мәселенің түйінін шешті. Ата мекеннің қасиетті жеріне енді ешкім заңсыз қол сұқпайды деп сенгіміз келеді.

Жолдауда ол сондай-ақ бүкіл зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігіне баса назар аударды. Осылайша, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жеткізілетіні атап өтілді.

Халықтың қамын ойлау, оларға қамқорлық таныту, сапалы білм беру, медициналық қызметтерді жақсарту, жастар мен педагогтарды қолдау сияқ­ты мәселелер мемлекеттің басты назарында болуы тиіс.

Сонымен бірге Жолдаудың маңызды ұстанымы – елдің тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жаңа кезең талаптарына сай бейімдеу, елдің тұрмыс сапасын көтеру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру игіліктерінің жаңа сатысына көтерілуі ауадай қажет екені де жария етілді.

Жолдау еліміздің саяси өмірін жандандырып, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін үлкен жаңалықтарға толы болды. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында қала бермек. Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Саяси экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған.

Сонымен қатар Жолдауда саяси саланы әрі қарай дамыту мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы және Парламент мәжілісі мен маслихаттар сайлауы туралы жариялады. Алдағы кезеңдегі электоралды циклдың мерзімін ашық жариялау жаңа саяси       мәдениеттің көрінісі екені сөзсіз. Мұндай қадам қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейте түсетіні анық.

Жаңару, жаңғыру табалдырығында тұрған Қазақстанның гүлденуі – баршамыздың бақуатты тірлігіміз. Ендеше, Президент айтқандай, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жарқын болашақ үшін жұмыла күресейік.

Сансызбай ЕСІЛОВ, Нұр-Сұлтан қалалық

Ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button