Елорда тынысы

Қаржылық сауаттылықты көтеру қажет

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан отандастарымыз көкейінде жүрген сан сауалына тұшымды жауап алып, өздерін толғандырған өзекті сұрақтардың шешімін тапты.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы табанды шешімдерінің арқасында еліміздегі саяси реформалар сәтті жүзеге асып жатыр. Amanat партия­сының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар міндет айқындалып, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуда.

Өзім 15 жылдық тәжірибесі бар банк маманы, тұрғын үй сарапшысы болғандықтан, сұхбат барысында ерекше назар аударған өзекті мәселе – несие тақырыбы. Мемлекет басшысы өз сөзінде несиесін төлей алмай жүрген отандастарымыздың қаржылық сауаттылығын көтеру қажеттігін баса айтты.

Күнделікті алдыма сан түрлі тағдыр иелері небір қиын жағдаймен келгенде, баспаналы болғысы келетін ел азаматтарына қаржылық сауаттылық қаншалықты қажет екенін айқын түсінесің. Үй алғысы келетін азаматтарымыз баспана алу бойынша несие рәсімдейін десе, басқа банктерге қарызын уақытылы өтей алмай, борышкерлер тізімінде жүр. Азық-түлік бағасының қымбаттап кетуінен тамақты несиеге алуға мәжбүр қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру тұрғысынан қаржылық сауаттылықты көтеру, осы бағыттағы жұмыс­тарды жолға қою аса маңызды.

Жалпы ел азаматтарының өз қарызын қиналмай өтеп, несиесін уақытылы төлеуі үшін белгілі бір деңгейде арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын қалаймын. Баспаналы болғысы келетін халқымыздың үйді сатып алуға шамасы келе бермейді. Өзінің жеке шаңырағын армандайтын отандастарымыз ипотекалық несиеге жүгініп, көмегімізді асыға күтеді. Осы бағытта ел азаматтарының баспаналы болуына жан-жақты қолдау көрсетіліп, өз үйіне қол жеткізуіне жеңілдетілген несиелер қарастырылса игі іс болар еді. Бұл кезекте несие беру тәртібінің заңдылығына да тиісті өзгеріс енгізіліп, әр адамның күнделікті күнкөріс деңгейін есептеп, төлем қабілетіне талдау жүргізіп, сол бойынша несие рәсімдеген дұрыс. Сол кезде ғана несие беретін банк те, қарыз алушы борышкер де ұтылмай, несие уақытылы өтеледі. Қысқасы, қаржылық сауаттылығымыз артпай, қаржы төңірегіндегі қордаланған мәселелер де оң шешім таппайды.

Мәдина ӘЖІКЕНОВА,

Астана қаласы мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button