Басты ақпаратРуханият

Қасиеті дара Қалаға

Адам өмірінің әр кезеңінде сол кездегі ішкі сұранысына сай білім мен ақпараттың, қасиет пен ұлылықтың, руханият пен мәдениеттің қайнар көздері болады. 90-жылдары мен үшін осындай ерекше тұлға Қалаға, Қалтай Мұхамеджан еді. Қалағаңмен сыйлас болған жылдарым өмірімдегі үлкен олжам, жүрегімде ерекше ізі қалған құбылыс болғаны сөзсіз.

Бүгінде түрлі әлемдік, аймақтық, қазақ­стандық қоғамдық мәселелерді талдап, сараптауда, одан түйін түйгенде жүгінетін, сүйенетін адамдар іздегенде алдымен әкеммен бірге Қалағаң ойға оралады. Қалағаң жайлы ішкі тебіреністер, естеліктер көңілдің сағынышты мұңын шайып, жүзіме еріксіз күлкі үйіріп, әп-сәтте жігерлендіріп жібереді.

Бір ғаламаты – Қалағаң өз бойындағы ерекшеліктерге де әзілмен қарап, өзін-өзі түйреп өтуден тартынбайтын. Бұл ­Қалағаңның биік мәдениеті мен еркін рухын көрсетсе керек. Өз халқын шексіз сүю мен оның рухани болмысын терең түсінудің арқасында Қалағаң кез келген ортаның гүліне айналып, табиғи жаратылысымен жүрген жерін жарқыратып жіберетін.

Қатарынан асып туған ­Қалағаңның дара біткен үш асыл қасиетін айтар едім.

Оның бірі – көптеген әріп­тестеріне әлі де болса беріле қоймаған қасиеті – әлемдік өркениет­тердің тарихын қатар зерделеп, солардың өзектері – діндердің тарихы мен мән-мазмұнын терең білетіні. Ол қазақ, түркі, ислам тарихы мен әдебиетін еркін талдап қана қоймай, басқа өркениеттер – христиан, иудаизм, буддизм және басқа діндердің ежелгі тарихы, діни аңыздары, киелі кітаптары мәтінінен хабардар болатын. Осы арқылы ол төл мәдениетіміз бен өркениетіміздің әлемдік ортадағы орнын айшықтай білді. Бұл – қазіргі жас әдебиетшілер үлгі ететін, үйренетін бір үрдіс. Қалағам мол ілімін орайы келгенде ұтымды пайдаланып, әңгіменің тамырын тереңге тартып, әріден қозғаушы еді.

Екінші бір қасиеті – биік мәдениетінің арқасында, үзеңгілестері өз алдына, жасы үлкен қариялармен де, өкшесін басқан інілерімен де, тіпті балаларынан да кіші жеткіншектермен ортақ тіл тауып, өзіне лайық құрметпен, ізеттілікпен, сыйластықпен, тіпті кейде әзілін араластырып, қалжыңымен қағытып, емен-жарқын әңгімелесе беретін.

Өзінің биік рухани болмысы, терең білімі мен ішкі мәдениетінің ұштасуы арқасында ол қарапайым адаммен де, әкіммен де, министр­мен де өзін бірдей дәрежеде ұс­таушы еді. Жолында кездескен жандардың шен-шекпенінен гөрі тұлғалық болмысына, мәдениеті мен ішкі дүниесіне көбірек көңіл бөліп, бағалайтын. Осының барлығына Қалағаңмен ізіне ерген інісі ретінде араласып тұру бақыты бұйырған, бас-аяғы 8-9 жылдың ішінде талай рет көз жеткіздім.

Ақжолтай Ағыбайдан тәбәрік

«Ақжолтай Ағыбай» деп атап кеткен батыр бабамыздың 190 жылдығына орай Қарағанды облысы Шет ауданының Таятқаншұнақ деген жерінде үлкен ас берілетін болып, ұйымдастыру іс-шараларының басы-қасында жүрген кезім. Осы тойда батырдың әруағы қолдап, үлкен олжаға кенелдім.

Үлкен жиында еліміздің әр түкпірінен батырдың туыстары, қазақтың зиялы қауым өкілдері бас қосқан еді. Сол жиында сыртынан атына қанық болып, жақындауға жүрегім батпай, жолығудың да жөнін таппай жүрген Қалағаңның қолын алудың сәті түсті.

Қалағаң өз бойындағы ерекшеліктерге де әзілмен қарап, өзін-өзі түйреп өтуден тартынбайтын. Бұл ­Қалағаңның биік мәдениеті мен еркін рухын көрсетсе керек. Өз халқын шексіз сүю мен оның рухани болмысын терең түсінудің арқасында Қалағаң кез келген ортаның гүліне айналып, табиғи жаратылысымен жүрген жерін жарқыратып жіберетін

Тойдан кейін Жезқазған қаласына дейін бірге келіп, жол-жөнекей сұхбаттас болдым. Қалағаң ата-тегімді біліп, әкем жайлы мағлұматтарды қызыға сұрады. Сонда 60-жылдары менен үлкен ағаларым қалаға оқуға кеткенде, әкем марқұмның: «Қалтай деген ағаларың бар, реті келгенде амандасып тұрыңдар. Әкесі мен оқыған медреседе сабақ берген» деп айтып отыратынын еске түсірдім. Соны естігенде: «Мұхамедия ағамыздың көзі тірісінде кездеспегеніміз-ай» деп өкініш білдірді. Әкеміз 1914 жылдардан бастап біраз жыл Қарнақ, Шорнақ және Ақтаста оқыған болса керек, сол тұстарда Қалағаңның әкесі «Қарамолда» аталып кеткен Мұхамеджан Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болғанын, шәкірттерге дәріс бергенінің шет жағасын білуші едім.

Қалтай ағамыз орны толмас дүниені қазбалап жатпаушы еді. Әкесінің ауыр тағдырын да бір ауыз оймен «біздің әкелерімізге де обал жоқ, кеңес өкіметіне сын айтып, әйтеуір ебін тауып халық жауы атанып кетті ғой» деп өкініштің салмағын әзілмен жеңілдететін-ді. Мұның астарында үлкен тарихи шындық жатыр. Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ жерінде 300-ге жуық көтеріліс толқыны өтті. Оның жартысынан көбін білімді молдалар мен ишандар бастады. Себебі олар оқыған адам ретінде кеңес өкіметінің унификация арқылы біздің дінімізден де, тілімізден де айыратынын сезген ғой.

Енді, міне, осы кездесуден кейін әкелеріміздің ықыласы ұрпағына ауғандай көрінді. Қалағаң да сол белгіні сезгендей, бар ілтипатымен інім деп, рухани тұрғыда ұстаз бен шәкірттің сыйластығын қалыптастыра білді.

Осы сәттерден бастап Қалағаңның әзілімен тұспалдап, керек кезінде терең ойға негізделген тұжырымдарды бір ауыз сөзімен маздататын асқақ тұлғасы өзіне тәнті етіп, күн өткен сайын құрметім ұлғая берді.

Жақсы жатсынбайды

Қалағаның мені тәнті еткен тағы бір қасиеті – оның жан-жақты білімділігі. Өзі өнер және театр институтын бітірген. Шәкірт болған, студент болған кездерінде оқиғаларды айтқанда белгілі бір түйін түйіп отыратын. Ол туралы Қалағаң туралы кітаптарда жазылған да шығар.

Өзінің айтуы бойынша Ташкентте оқып жүргенде «халық жауының баласы неге оқып жүр?» деп белсенділер ізіне түседі. Бұл – Мәскеудің қалаларынан Алматыға, Ташкентке озық ойлы профессорларының бірінің жер аударылып, бірінің үдере көшіп келіп жатқан кезі. Солардың бірі оның дарындылығын көріп, «қуғындатуға қимай» Мәскеудегі ГИТИС-тің профессорының мекенжайын беріп, шығарып салады. Қалағаң Мәскеуге билетсіз жүк пойызымен жетеді. Апталап су көрмей, арып-ашып, үсті-басы қара күйе болған күйімен адресті тауып алады. Сонда сымбаты келіскен профессордың әйелі есік ашады. Қонақтың түрінен шошып кеткен әйел ар жағынан жұбайын шақыртып, ол болса үйіне кіргізеді. Әйелі бейтаныс жолаушыны босағада шешіндіріп, бүкіл киімін тастатқызып, орнына таза киім беріп, шомылдырып, адам қалпына келтіріп алады.

Сондағы айтпағым – шынайы зиялы қауым өкілдері ұлтына, дініне қарамай, шын дарынды дәл танып, тар заманда да қолдай білетіні. Осы жайттан кейін басымнан өткен, осыған ұқсас жағдайды айтып бердім.

1983 жылы аспирантураға баратын болып шештім. Тиісті минимумдарды тапсырып өттім, келесі неміс тілінен сынақты Алматыда өткізетін болды. Ол жақта пара сұрай бастады. Мен болсам өз біліміме сенімдімін. Мәскеуге Алла Семеновна Сальман деген оқытушы алты ай тәлімгерліктен өтіп жүрген кезде сабақ берді. Қырсық болғанда, дәл емтихан болатын күннің алдында аспирантура бөлімінен хабарласып, алты ай бұрын бір құжатты толтыруды ұмытып кеткенімді, енді емтиханға жіберілмейтінімді айтты. Сонда ұстазым Сальман: «Егер Байменов емтиханға жіберілмесе, басқаларын да өткізбеймін» деп қиянатқа жол бермейді ғой. Ол менің танысым да, туысым да емес. Бірақ маған сеніп, менің сөзімді сөйлеп, әділдігін айта білді. Емтиханды тапсырып, ертесінде бір гүл мен торт алып, кафедрасына барсам, Алла Семеновна: «балам, өзіңнің дәулетің асып тұрған адам емессің, әйел адам ретінде гүлді алайын, тортты өзің жолдастарыңмен бірге шай ішіңдер» деп қайтарып жіберді. Қалағаң айтқандай, тектілердің құлқыннан жоғары ойлайтыны олар үшін білім, еңбек құнды екенін, әсіресе Қалағаңның жағдайында шынайы бекзат жаратылысын танып, дәлелдей білді.

Тұлғаның құпиясы

Мәскеуден білім алып, елге келіп, соны туындылары сахналанып жатты. Оның драматургиясы халықтың көңілінен шыққан спектакльдерге арқау болды. Қалағаң пьесаларындағы диалогтардың бәрі табиғи қалпымен таңғалдырды. Өйткені олардың, әсіресе комедияларындағы кейіпкерлері халықтың тілімен сөйлейді, олардың қайғысы да, қуанышы да, автордың ащы тілімен сұғып алатын уыты да сол қоғамның адамдарына тән екенін байқаймыз. Кейіпкерлердің әр қимылы мен әрекетінен, әр сөзінен әркім өзін не танысының қылығын көргендей әсер қалдыратын. Қалағаның жас кезіндегі болсын, есейген шағындағы шығармалары болсын, осы артықшылығынан бір мысқал шегінген жоқ. Жалпы қазақ драматургиясындағы ең әсерлі табиғи диалогтар, қазақтың жанын барынша жалаңаштаған шынайы көріністер осы Қалағаңның шығармаларында деп ойлаймын. Сондықтан олар жылатып тұрып күлдіретін, түңілдіретін, асқақтағанды тәубасына түсіретін. Оның ерекше талантының бір құпиясын ашып, жазушының өз кейіпкерлерін өмірден алатынына өзім куә болған едім.

90-жылдардың басында Жаңақорғанда Қалағаңның інісімен демалып жатқанын естіп, сәлем беруге барып едім, «уақытың болса, 2-3 күн бол» деді. Бірде таңғы 4 кезінде оянып кетсем, ағам бас жағындағы шамның жарығымен қойын дәптеріне үңіліп бір нәрсе жазып жатыр екен. Таңертең тұрған соң көргенімді есіме түсіріп, не жазғанын сұрап едім, Қалағаң Шыңғысхан туралы шығармасын жазу үстінде екенін айтты. Сондағы кейіпкерлердің бірінің типажын бүгін кездес­тіргенін, ұмытпас үшін қағазға түртіп алғанын жеткізді.

Бір жылдары үлкен ағам Мұхтар Ұлытау ауданында кеңшарды басқаратын. Анам марқұм тірі кезінде Қалағаң Жезқазғанға келіп, бір аптадай ауылда демалды. Менің апаммен қайнысы ретінде өте жақсы әзілдесетін. Әдептен озбай жеңгесіне еркелеген қайнысының әдемі үлгісі жүрегімізде қалды. Анам да ескінің көзі емес пе, жаратылысы бөлек қайнысының қадірін білді.

Кейіннен Алматыға көшіп келдік. Алғашқыда салт тұрдым. ­Қалағаңның үйіне жиі барып жүрдім. Фарида жеңгейдің аспаздық шеберлігі елден асқан. Үйіне қашан келсең де ыстық бәліш, қойдың сан етін сарымсақпен бұқтырған дәмі тіл үйіретін тамағы әрдайым дайын тұратын. Дастарқаны үлкен бөлменің ортасындағы үстелде жаюлы тұрады. Қалағаңның кітапханасының бір бөлігі де сол бөлмедегі сөрелерде жинаулы. Кітап қазына ғой, мені солай қарай тарта береді. Бір кітап­қа көзім түссе, байқап қалатын, және ол қай кітап екенін назарым түскен жеріне дәл танып қоятын. Қалағаң өз кітаптарының қай қатарда, қай шетінде тұрғанына дейін жақсы білуші еді. Кейіннен байқағаным, әңгіме қай тақырыпқа болмасын соның өзегі ретінде осы сөрелердегі кітаптардың атын, авторын айтып, қай бетіндегі сөзін де толық жатқа айтып жатушы еді.

Ол кісі қазақ, кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихымен ғана емес, дүниежүзілік тарих, әдебиет, дін, заң саласындағы шығармалармен де жете таныс. ХІХ ғасырдың аяғындағы орыс заңгерлерінің сөздер жинағынан бастап, иудаизмнің тарихы, христиан әлеміндегі оқиғалар жөніндегі зерттеулерді түгел тауысып оқып, сол күндері көпшілік іздеп жүретін танымал туындыларға дейін қаз-қатар тізілген кітаптар жазушы талғамының кең екенін білдіретін. Соның барлығы өзінің айтуымен Отырар кітапханасына тапсырылды.

Әлішерімнің аталары

Есімде, ұлым дүниеге келгенде «ат қоярға» үлкендеріміз – Камал Смаилов, Төрегелді Шарманов және рухани ағам әрі туысым Қалтай Мұхамеджановтың басын қосқанымыз бар. Қалағаң өзі жатқа оқитын араб және парсы рухани әлемінің жарық жұлдызы Әлішер Науаидің есімімен дүние есігін ашқан баламызды атады.

Асыл ағаларымның үшеуі де бұрыннан жолдас. Дастарқан басындағы әңгімелері өте жарасымды. Бірге жүргендегі сыйлас­тықтары да керемет! Бірақ үшеуі үш түрлі. Камал ағамыз ә дегеннен жұлқынып алға шықпайтын, басында сәл тежелеп, бірте-бірте қызып барып, бауырын жазған соң қарқын алатын жүйрік сияқты. Төкең мен Қалағаң қамшы салдыр­майтын жандар ғой. Сол жолы да дастарқан басында шешемнен сәл тартыңқырағанмен, жеке кабинетте тыныстағанда өзара үзеңгі қағысып, кең көсілген еді.

Қалағаңды аяқ астынан кетіп қалады деп ойлаған жоқпыз. Жамбас сүйегіне ота жасатып, ол сәтті өтіп, көңілімізді бір демдегендей болып едік. Сөйтсе, үлкен кісілер төсек тартып жатып қалғанда өкпесіне суық тигіш болады екен, соның салдарынан күтпеген жерден айырылып қалдық. Қаралы күндері атақты Шыңғыс Айтматов келді. Ол екеуі «Көктөбедегі кездесуді» бірге жазғанын білеміз. Сол кездерден басталған шығармашылық байланысын ыстық ықыласпен еске алды.

Екеуінің туған күнінің арасы он күнге жетпейді-ау. Қалағаң айтады: «Сол 1988 жылы Шыңғыс­тың аты жер жарып тұрған кезі. Горбачевпен жақсы болып Еуропа елдерінің біріне елшілікке таға­йындалады. Содан 60-қа толып, телефонмен құттықтадым. Сөздің ретіне қарай: «Қалай, отырысты бастап жатқан шығарсың?» деп едім. «Иә, жаңа ғана Горбачев звондады, Яковлев құттықтады. Енді отырып тойды бастағалы жатырмыз» деді».

Он шақты күннен кейін ­Қалағаңның туған күнінде Шыңғыс Айтматов телефон шалады. Ол да: «Қалеке, мерейтойды бастаған шығарсыздар?» дейді. «Енді маған Горбачев пен Яковлев звондамайды ғой, бірақ райкомның инструкторы хабарласа ма деп күтіп отырмыз отырысты бастамай» деп қағыта жауап береді. Шыңғыс досы Қалағаңа «Мені де қажайтын болдыңыз ба?» деп назын айтқан екен. Қалағаңның айтатынындай бар, бұл күндері билік тарапынан айтарлықтай ілтипат болмады. Оның бір себебі бар. Бұл елге Колбин келіп жатқан кез, ұлтшыл, ұлттық мәселені көтереді деген қауіппен билік тарапынан салқындық алдымен Қалтай Мұхамеджановқа түскен еді.

Қайран, Қалағам! Осы естелікті жазып отырып, үлкен адамның рухымен тілдескендей боламын. Аз жасаған жоқ, өмірінде шен-шекпенсіз болған жоқ, халқының алдында жүрді. Мірдің оғындай уытты сөздерімен шалыс басқанды қалт жібермей, адасқандарды адамдықтың қазығына байлаған сөз мергені еді. Оның уытты әзілдерінің парқын түсінген бар, түсінбей өткендер қаншама. Бірақ қанымен де, жанымен де мойынына алған қызметтің астарына үңілсем, оның ауқымының түпсіз екеніне көзім жетеді. Қалағаңдай азамат қоғам алдындағы міндетін сезінбесе, тұлға ретінде халқының алдында адал болмаса, тілінің уытын тежеп ұстар ма еді?!

Бір жақсысы, Қалағаңның әзілдері еске түскен сайын өмірдің иірімін әзілмен орап жіберетін қасиеті көңіліме құлайды. Кейде ағасының інісіне қалдырған аманаты осы екен ғой деп ойлаймын. Түсінген жұртқа еліне қалдырған ұлы тұлғаның мұрасы да осы…

Алихан БАЙМЕНОВ, мемлекет және

қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button