Мәдениет

Қатысушысы көп «Кармен»

Әдебиет пен өнердің әдемі үйлесім тауып, жымдасқан тұсы – «Кармен» операсы. Француз жазушысы Проспер Мериме Кармен есімді сыған қызының тағдырын баяндайтын новелланы ұлы Абай дүниеге келген жылы жазып, одан тура отыз жыл уақыт өткенде әйгілі композитор Жорж Бизе бұл туындыны операға айналдырды. Бір жарым ғасырға жуық тарихы бар, талай елдің, талай жердің жұртын тамсандырған опера Астана сахнасына келді. Кеше «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында аталмыш туындының премьерасы өтті.

Айтқанымыздай, опера алғаш рет ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Париж қаласында сахнаға жол тартты. Алайда көрермен басында туындыны қабылдай қоймады. Франция газеттері де бірінен соң бірі сынды боратты.
Оның себебін «Астана-Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев былайша түсіндіреді: «Жорж Бизеден 50 немесе 100 жыл бұрын өмір сүрген Гендель сияқты ұлы композиторлар музыканы негізінен грек мифологиясы тақырыбына жазды. Одан соң Пуччини, Верди лордтар, графтар, корольдер өмірін операға арқау етті. Ол уақытта театрға қарапайым адамдар бара қоймайтын. Кө­рермендер арасында көбінесе буржуазия өкілдері отыратын. Міне, олар «Карменді» сахнадан алғаш көргенде, жеңіл жүріске салынған сыған қызы мен әскерден қашып, тауарды жасырын тасымалдаушыларға қосылған офицер бейнелерін қабылдамады. Жорж Бизе Париждің опера театры сахнасына мүлде басқа өмірді алып келді. Онда өмірдің күнгейінен бұрын көлеңкесі молынан көрініс тапты. Ақсүйектерге бұл ұнамады. Операның музыкасы ұлы болса да, оқиғасының кесірінен туынды Париж сахнасынан он шақты жылға аластатылды».
Біршама уақытты аралатып барып композитор Эрнест Гиро операның жаңа редакциясын жасады. Біраз диалогты алып тастап, орнына Жорж Бизенің өзге шығармаларының музыкасы мен балет өнерінің бірнеше сценасын қосты. Осылайша «Кармен» Париж сахнасына қайта оралды. Оның алдында Еуропа, Америка, Ресей қала­ларында көрсетілген опера көрермендер мен музыка мамандарының жақсы бағасын алды. Мәселен, композитор Петр Чайковский 1880 жылы «Карменді» шедеврге балап, түбінде әлемге әйгілі туындыға айналатынына сенді.
Опера оқиғасы Испанияда өрбиді. Алайда туынды авторы – Франция композиторы.
«Карменді» «Астана-Опера» сахнасында италиялық режиссер, бұдан бұрын осы театрда «Баттерфляй ханым» операсын сахналаған Лоренцо Амато қойды.
Музыка демекші, осы операдан алынған «Хабанера», «Тореадор шумақтары» сынды туындылар қазір жеке шығармалар ретінде халықтың арасында танымал. Режиссердің туындының күрделілігі жайлы айтқанының да жаны бар. Төрт бөлімнен тұратын операның ұзақтығы үш жарым сағат. Әртістер үшін тігілген 400-ден астам костюм де оның ауқымдылығынан хабар береді. Қатысушылардың өзі үш құрамға бөлінген.
«Астана-Опера» «Карменді» қою үшін бір жыл дайындалды. Театрдың репертуарында осымен тоғызыншы опера көрермендерге жол тартты. Бір ерекше атап өтерлігі, театр әр­тіс­тері аталмыш жанрдағы туынды партияларын алғаш мәрте француз тілінде орындады. Репертуардағы үш опера ұлттық болса, қалған бесеуі негізінен итальян тілінде шырқалады. Опера бүгін және ертең де театр сахнасында көрсетіледі.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button