Қоғам

Қазақ детективінің дарабозы



Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған жазушы Кемел Тоқаевты еске алуға арналған «Дидары дүние­нің – детективте» деген әдеби кеш өтті.

Жазушы әдебиетке ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасымен келді. Оның алғашқы жинағы 1954 жылы «Жұлдызды жорық» деген атпен жарық көрген. Содан бастап қаламгердің шығармалары оқырмандардың оң ықыласына бөленді. Әдебиет сүйер қауым Кемел Тоқаевты қазақ детективінің негізін қалаушы деп біледі. Сөз зергерінің «Түнде атылған оқ», «Қастандық» деген туындылары оны бұл жанрды жоғары көркемдік деңгейге жеткізген автор ретінде танытты.
Әдеби кешке келген зиялы қауым өкілдері жазушының шығармашылығы туралы парасатты ой қозғады.
Белгілі қаламгер Алтыншаш Жағанова Кемел ағаның мінезі биязы, мәдениетті адам екендігін айтса, ақын Баянғали Әлімжанов қаламгердің кітаптарын қызығып оқығанын әңгімеледі.
«Сағат Әшімбаев ағамыз бір күні детектив жанры жөнінде мақала жазуды тапсырды. Сонда байқағаным, оқырмандардың 60 пайыздан астамы көркем шығармадан гөрі детективтік жанрдағы кітаптары оқиды екен. Соның ішінде алғашқы кезекте Кемел ағамыздың туындылары тұр. Ол кісінің повестерін талдап, салыс­тыра отырып, көлемді мақала жазып шықтым. Өмірде ағаның көзін көрдім. Әңгімені өте қызықты, тартымды айтатын» деп өткен күннен естелік өрбітті.
Танымал ғалым Тұрсын Жұртбай суреткердің шығармасы арқылы бір кино түсіруге болады деген пікірін айтты.
«Кемел Тоқаевтың киноға шығаратын кемел бейнесі бар. Адамның қасиеті болмаса жазушы болмас еді. Маған Кемел ағаның «Соңғы соққы» романы ұнады. Сызып тұрып, өте қызығып оқыдым. Бірқалыпты, ұстамды жазылған шығарма» деді. Ал дарынды сатирик Көпен Әмірбек:
– Кемел Тоқаев – өзінің дара жолын тапқан жазушы. Қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алғаш әкелген қарымды қаламгер ретінде қоғамға танылды, есімі жұрттың есінде қалды. Шығармашылық талантымен бірге бойындағы тазалық, адалдық, шыншылдық қасиеттерімен дараланды. Шығарманың ерекшелігі сондай, кездесулерде жиылған жұрт басқаға сұрақ қоймаса да, Кемел ағамызға сұрақ жаудырып, алғыс­тарын айтып жатады, – деп сөзін қорытты.
Түйіндей келгенде, өмірде жазу­шылығымен қатар адамдық қасиетімен де үлгі болған ардақты азамат туралы айтылар дүние көп екендігіне көзіміз жетті.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button