Басты ақпаратДенсаулық

Қазақстанда коронавирус жұқтыру өсімі тоқтады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың дерек-дәйектерін мәлім етті.

«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады» деді ресми өкіл Орталық коммуникация­лар қызметінде.
Осы орайда ол ел халқын санитарлық ережелерді қатаң орындауға шақырды. «Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарға санитарлық ережелерді орындауға шақырамын» деді Б.Қожахметов.
Бүгінгі таңда коронавирус жұқтыр­ған науқастардың арасындағы 246 адамның денсаулығы ауыр жағдайда болса, 69 адамның денсаулығы өте нашар екен. Бұл ретте министрліктің ресми өкілі «Ресми статистикаға келетін болсақ, биылғы 13 наурызынан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциямен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523 немесе 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 адам ем қабылдауда және 20 937 амбулаторлық жағдай емделуде. Жалпы, науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы өте нашар деп бағаланды. Бүгінгі таңда 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырған. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымына қарай 1 тамыздан бастап коронавирустық инфекция және оған ұқсас белгілері бар пневмония деректері бір статистика қатарына қосылды. Осыған байланысты індеттің таралу көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте бір сатыға көтерілді. Бұған дейін 27-ші орында болса, қазір 26-шы орынға тұрақтады. Дегенмен, қазіргі кезеңде Қа­зақстанда­ коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағаны айқындалып отыр.
«Халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру» тақырыбы аясында өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі провизорлық орталықтарда жедел әрекет ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің медициналық қызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмек қорын толтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да жеткізді.
«Коронавируспен және аталған вирусқа ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған нау­қастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта осы жұмысқа жауапты бірыңғай дистрибютор жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмек аймақтарға жөнелтілді. Бұл орташа есеппен 40 мың науқастың еміне жетеді. Бес күннен кейін тағы екі айға жетерлік қор әзірленеді. Қазіргі кезде стационарда жатқан 200 мың науқасты емдеуге жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі әзірленді. Сонымен қатар, амбулаторлық жағдайда емделіп жүрген 1 миллионға жуық сырқатты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алынған. Осындай ауқымды шаралар алғаш рет қабылданып отыр. Сондықтан коронавирус жұқтырғаны анықталған адамдар болса, өздері тіркелген емханаға барып қаралуы керек. Барлық емханада тиісті дәрі-дәрмек жеткілікті және ол тегін беріледі» деді министрліктің ресми өкілі.
Министрліктің ресми өкілі COVID-19 күзде қайта бұрқ ете түсуі мүмкін екенін де еске салып, бұл жағдайға, қауіпті вируспен күреске Денсаулық сақтау министрлігі әзір екенін де атап өтті.
Деректерге сүйенсек, өткен және оның алдындағы жылдары көктем және күз айларында елімізде 600 мыңнан 1 миллионға жуық адам тұмаумен, ЖРВИ-мен ауырған екен. Демек, кәдімгі тұмаудың биыл да болатыны сөзсіз.
Осы орайда Б.Қожахметов « Осы күзде коронавирус инфекциясын жұқтырушылар қатары күрт көбейе­тіні күтіледі, бұл жылдағы тұмау мен ЖРВИ-дің қозу кезеңімен байланыс­тырылып отыр» деді.
Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі әр аптаның дүйсенбісінде коронавирус инфекциясына қатыс­ты жағдайды баяндайтын болады. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығы жұмысын бастап отыр. Бұл орталықтың негізгі міндеті – қоғамдық ортамен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және мемлекеттік органдармен арадағы байланысты нығайту болмақ.
«Министрліктің атына келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз. Баспасөз мәжілісінде қойылатын сұрақтардан бөлек, жеке парақшама жіберілген сұрақтарды, әлеуметтік желіде айтылатын сауалдардың барлығын қамтуға тырысамыз» деп түйіндеді баспасөз мәслихатын Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button