Жастар саясаты

Қазақстанның волонтерлік қызметінде ашықтық бар ма?



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылының заңды жалғасы ретінде 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялаған болатын. Содан бергі бір жыл ішінде еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, ал тұрақты волонтерлер 4 есеге өскен, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтің айтуынша, аталған мерзімде 600 волонтерлік ұйымға 200 мың белсенді тартылыпты. Дені әлеуметтік салаға шоғырланған. Енді олар айналысатын іс-шаралардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қайырымдылық ұйымдардың реестрі жасалмақ.

Бұл ретте биыл Волонтер жылының ресми жабылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қайырымдылық ұйымдарының реестрі барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебімен танысқысы келетін кез келген азаматқа қолжетімді болуы тиістігін ескертті. Электронды қайырымдылық саласында азаматтарды алаяқтардан қорғау жүйесін әзірлеу де маңызды екені баса айтылды.

«Сол үшін министрлік Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеген болатын. Ол волонтерлік бастамаларды одан әрі дамытуға ықпал етіп, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыруға, волонтерлік мәдениетті одан әрі нығайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», – дейді Болат Тілепов.

Одан бөлек, «Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасының жетекшісі Мая Шаменова еріктілік кезіндегі фактчекинг (фактілерді тексеру) мәселесін көтерді. Оның айтуынша, адамдарға ақпаратты тексеруді, волонтерлік көмекті қалай көрсету керектігін ғана емес, оны қалай қабылдауға болатынын үйретіп, оларды волонтерлік сауаттылық тұрғысынан дайындаған жөн.

«Егер сізге еріктілер келген болса, онда міндетті түрде олардың барлық құжаттарын тексеріп шығу керек. Анықтамалар мен дәлелдерді талап етуге ұялмаған дұрыс. Садақа жинап жүрген балаларды көргенде, тұрғындар олардан қордың барлық құжаттарын, кімге және не үшін ақша жиналып жатқанын сұраса екен дейміз. Мысалы, мен волонтер балалардан рұқсат құжаттарын, көмекке мұқтаж баланың ата-анасының байланыс деректерін, баланың диагнозын растайтын құжаттар қайда екендігін үнемі сұраймын», – дейді Мая Шаменова.

Иә, бұл ретте қайырымдылық қорларындағы қаржының ашықтығы да өзекті. Енді сол қамқоршы азаматтар мен олардан көмек алушылардың реестрі қайырымдылық жобалар арқылы өтетін қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуі шарт. Әйтпесе ел арасында «ірі компаниялар қайырымдылықпен салықтан жалтару үшін ғана айналысады» деген де ұшқары пікір бар. Алайда «Аяла» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова оны жаңсақ түсінік деп есептейді.

«Коммерциялық емес қайырымдылық қоры ретінде біз корпоративтік табыс салығын төлемейміз. Өйткені қайырымдылықпен айналысатындар салықтан босатылған. «Қайырымдылық салықтан құтылу үшін жасалады» деген түсінік – басыбүтін қате!» – дейді ол.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ұлттық еріктілер желісінің өкілі Айсұлу Жамашева да өздерінің компаниясына 58 әлеуметтік ұйым тіркелгенін, олардың шынайылығы толықтай тексеруден өткенін алға тартып отыр.

«Мен оларға сенімдімін. Өйткені оларды біз – еріктілер желісі тексереміз», – дейді Айсұлу Жамашева.

Демек, қазір Қазақстанның волонтерлік қызметінде ашықтық бар деуге осы мысалдардың өзі-ақ жеткілікті сияқты. Ең бастысы, Мемлекет басшысы волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын жеткізді.




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Пікір үстеу

Back to top button