Сараптама

Қоқысты қалай шығарып жүрсіз?



Үйіңізде қоқысты сұрыптап жинап, белгіленген қоқыс жәшігіне тастайсыз ба? Жоқ, әлде бәрін араластырып, кез келген жәшікке тастай саласыз ба? Сіз бәрін араластырып тастай салған сол тұрмыстық қалдықты тазалық жұмысшыларының қолмен сұрыптайтынын білесіз бе?

[smartslider3 slider=3283]

 

Әрине, көп адам бұл мәселені ескере бермейді. Керісінше, «ай сайын ақшасын төлеп жатырмыз, қоқыс­ты уақытында тазаласын» деп міндетсінеміз. Бас қалада орта тазалығына тиімді болу үшін әртүрлі түстегі контейнерлерді қойып, тұрмыстық қалдықты сұрыптап салуды талап етсе де, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Жақында мен Нұр-Сұлтандағы қоқыс өңдеу зауытына бардым. Күніне мың тонна қоқыс өңдейтін бұл зауыт бас қаладағы бірден-бір қоқыс өңдеу зауыты саналады. Тәулігіне мың тонна қоқыс өңдейтін аталған зауытта қазір 350-ден астам қызметкер бар. Қаладан тасып апарған қоқыс алдымен осы араға төгіліп, түріне қарай сұрыпталады. Міне, осы арада біз бір қалтаға салып, лақтыра салған қоқыстарды қалдық өңдеу зауытының қызметкерлері қолмен сұрыптайды.

Қазіргі таңда қоқысты бір жайлы ету әлемдік тақырыпқа айналды. Ірі қалаларын қоқыс басып, тазалауға шамасы жетпей отырған елдер де аз емес. Сол себепті соңғы кездері көптеген елдер қоқысты қайта өңдеуге ден қоя бастады. Қазақстанның да бұл саладағы қадамы жаман емес. Десе де біздің елде дамыған ел секілді қоқысты автоматты өңдеу зауыты жоқ, жартылай автоматтандырылған, яғни қоқыстың көбі қолмен сұрыпталады. Ендеше қаладан күніне шығатын мың тонна қоқысты қолмен сұрыптау оңай ма?! Бәріміз ойлансақ болады. Егер әр отбасы тұрмыстық қалдықты үйінен сұрыптап төксе, бұл қоқысты қайта өңдеу жұмысына да үлкен жеңілдік тудырар еді.

Елордада қала тұрғындарының тұрмыс қалдығы үшін адам басына төлейтін ақысы – 390 теңге. Бұл өлшемнің белгіленгеніне де біраз жыл болды, одан бері зат бағасы қаншалық өсті, ақшамыз қаншама құнсызданды, соның бәрін есептесек, бұл сома тым жоғары емес. Алматыда адам басына – 500 теңге. «Аstana recycling plant» ЖШС басшысы Асыл Батыргереевтің айтуынша, осы соманың, яғни 390 теңгенің өзін қала тұрғындарының 30 пайызы төлемейді екен. «Жарықтың ақысын, су ақысын төлемесе, оны үзіп тастауға болады. Бірақ қоқыстың ақшасын төлемедің деп ешкімді мәжбүрлей алмайсың» деп кейиді Асыл Батыргереев. Бір үйде бес жан болса, оның санын азайтып көрсетіп, 2-3 адамға ғана қоқыс ақысын төлейтін тұрғындар да аз емес. Міне, бұл мәселе, айналып келіп, қаламыздың қоқыс тазалау жұмысына кері ықпал етеді, былайша айтқанда, бүгін біз өз қалтамыздан шығатын 390 теңгені шығын десек, ертең мемлекет одан он, тіпті одан да көп есе ақша жұмсап, сол қоқысты бір жайлы етуге мәжбүр болады. Ал мемлекет қоржынындағы ақша аспаннан түскен жоқ, ол да біздің ақшамыз, салықтан түскен отандастарымыздың қан-тері. Демек, қоқыс мәселесі – тұтас қоғам болып бас қатыратын басты тақырып. Сондықтан күнделікті тұрмыста қоқысты аз шығаруға, шығарған қоқысты қоқыс жәшігіне сұрыптап салуға әдеттенгеніміз абзал.

Күнделікті тұрмыста жарғақ қалталарды (целлофан) азырақ тұтыну да қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың тамаша тәсілі. Шынын айтайық, қазір жасыл шарды үлдір жарғақтан жасалған, яғни целлофаннан жасалған әртүрлі өнімдер қалдығы басып барады. Қайда барсаң аяққа оралып, ағаштың басына ілініп, желмен бірге аспанға ұшып жүрген жарамсыз жарғақ қалталар – соның дәлелі. Оны қайта өңдеудің өзіндік құны жоғары, пайдасы төмен. Ал жинап өртеп жібергенмен, атмосфераға жасайтын әсері де аз емес. Көмгенмен мың жыл жатса да шірімей, су мен топырақты ластайды. Бұл мәселе біздің елімізде де асқынып тұр. Қоқыс полигондарының да маңайы толған жаман жарғақ қалталар. Сондықтан да дамыған елдерде қазір жарғақ қалталардың орнына қағаз қалталарды тұтынып, үлдір жарғақтан жасалған қалталарды пайдалануға тыйым салып жатыр. Қазақстанда да бұл мәселе айтылғанмен, қазірше жарғақ қалтадан жаппай бас тарта алмай тұр. Дүкенде бума-бумасымен қойып қойған, тұрғындар бір қапшық сіреңке алса да, сол жарғақ қалтаға салып әкетеді. Сол жарғақ қалтаның ертең қоршаған ортаға қаншалық зиянды екенін мүлде ескермейді. Демек, біздің елде де жарғақ қалта тұтынуға шектеу қоятын кез келді, бұл да қатал заң мен тұрғындардың мәдениетіне сүйене отырып жүзеге асатын мәселе.

Қысқасы, қоқыс мәселесі – әрбір отандасымыз ойланатын тақырып. Оны тазалауға тек тазалық жұмысына жауапты орындар ғана емес, бүкіл отандасымыз атсалысуға міндетті.

Қалиақбар Үсемханұлы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button