Басты ақпарат

Қордағы қаржыны қайда жұмсаймыз?

Қазір елдің аузындағы ең өзекті мәселе – зейнетақы қорын­дағы артылған ақшаны тезірек алып, мақсатты жұмсау жайы болып отыр. Өткен жылы «жеткілікті шек» мөлшерінің өсетіндігін естігенде көпшілік дүрбелеңге түсті. Оның мерзімін, әйтеуір Қазақстан Президенті 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартып, адамдар біраз сабасына түскендей болғанымен, осы төңіректе алыпқашпа сөз бен гу-гу әңгіме әлі басылмай келеді. Осыған байланысты «Отбасы банкі» басшысы Ләззат Ибрагимова онлайн-­брифингте бұқараға біраз түсініктеме берді.

[smartslider3 slider=1772]

«Шекті мөлшер» ұлғайды

 Биылғы сәуір айынан бастап біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткілікті шегі шамамен екі есе ұлғаятын болды. Осыған орай халық арасында дүрбелең туғанын жасыруға болмайды. Біреулер бірден зейнетақы қорында артылып тұрған ақшаны пайдаланып қалғысы келсе, екінші біреулер  несиеге сатып алған баспанасының ай сайынғы төлем мөлшерін азайтқысы келеді.

Мәселен, орда бұзар отыз жастағы салымшының есебінде қазір 2 жарым млн теңге жатуы тиіс болса, 2022 жылдан бастап бұл қаражаттың сомасы 4 млн 370 мың теңгеден кем болмау керек. Ал баспанасы жоқ қырықтағы азаматтың шотындағы шекті мөлшер 5 млн 790 мың теңгеден төмен болмауы шарт. Бұлай «жеткілікті шектің» 1,8 пайызға өсуін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері ең төменгі жалақы мөлшерінің 42 мың 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін артуымен түсіндірді.

  Енді жаңа талап бойынша 582 мың азаматтың біржолғы зейнетақы төлемін алу мүмкіндігі бар. Артылып тұрған қаражаттың жалпы сомасы – 900 млрд теңге. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған деректер бойынша тұрғын үй сатып алуға ипотекалық қарыз алу үшін осы күнге дейін салымшылардан 23 мыңнан  астам  өтініш түсіпті. Осы  мақсатта  алынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы 77 млрд теңгеден асқан көрінеді. Бірақ мұның баспана бағасына қалай әсер ететінін болжау қиын.

Мол мүмкіндік қарастырылған

Маңдай терімен жиған-терген зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға рұқсат берген билікке халықтың іші жылып қалғанымен, «жеткілікті шек» мөлшерін өсіріп жібергенде көңілге біраз күдік келді.

«Осы ақшамды мен қалай тез ала аламын? Сосын оны еш кедергісіз тұрғын үй жағдайымды жақсартуға, емделуге қалауымша жұмсай аламын ба?» деген сауал туындады. Бұл сауалға банк басшысы Ләззат Ибрагимова:

– Зейнетақы қорындағы басы артық ақшаңызды ипотеканы пайдаланбай-ақ үйіңізді жаңартуға пайдалана аласыз деп нақты сендірді.

Бұл тұрғыда сіздің бірнеше мүмкіндігіңіз бар. Біріншісі, қозғалмайтын мүлікті, яғни баспанаңызды қаладан да, ауылдан да, жаңа үйден де, бұрын пайдаланылған қайталама нарықтағы үйден де сатып ала аласыз. Екіншіден, үйді жекешелендіру келісімшарты бойынша да алу мүмкіндігі қарастырылған. Үшіншіден, бөліп төлеу арқылы да баспанаға ие болуға болады.

Егер үйіңізді кеңдеу үйге ауыстырғыңыз келсе, қордағы ақшаңызды үстеме төлем ретінде де пайдалануға рұқсат етілген. Сондай-ақ зейнет ақшасын үлестік келісімшартпен пәтер алу кезінде де қадеңізге жарата аласыз.

 Ал «тұрғын үйімді жөндеуге пайдалана аламын ба?» деген сұраққа «егер банкі займы келісім шартында көрсетілген болса ғана» деп жауап берілді.

Мәселен, сіз 20 млн теңгеге пәтер сатып алсаңыз, «қосымша 4 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргіземін» деп келісімшартта көрсетуіңіз керек.

Бұдан бөлек, туыстық қатысы бар адамдармен, яғни ата-ана, аға, қарындас, бауырлармен пәтерді сатып алу, сату мәмілесін жасауға рұқсат етілмейді.

Жастарға жеңілдік бар

2021 жыл көптеген қазақстандықтар үшін сәтті, табысты болғаны байқалады. Жыл басынан бері 370 мың адам берілген мүмкіндікті пайдаланып, БЖЗҚ шотынан 1,7 триллион теңге ақша алыныпты. «Отбасы банкі» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы жинағын  пайдаланушылар арасында ең үлкен мәміле 162 миллионтеңгеге жасалса,  ондаған миллион теңгені жерлестеріміз емделуге жұмсаған.

Дегенмен, осы төңіректе алыпқашпа сөз көп. Әлеуметтік желілерде 17 миллионға тіс протезін салдырған адамның әрекетіне күдік келтірілсе, оны «Отбасы банкі» жетекшісі «егер Швейцария немесе Израильдің 17-18 имплант өнімін пайдаланған болса, оған сенуге болады. Мұндай шетелдік қызметтің құны өте қымбат тұрады. Сосын біз әр адамның аузын ашып қарап қанша теңгеге тіс салдырғанын тексеріп отыра алмаймыз» деді.

Елордалық Ермек Есімсейіт – зейнетақы қорындағы жиналған ақшасын алғашқы болып қадеге асырғандардың бірі.

– Бұл ақшаны алу маған көп қиындық келтірген жоқ. «Халық банкіне» өтінім беріп едім. 4-5 күнде қаржы есеп шотыма аударылды. Алайда осы үдеріс басталғалы пәтер бағасы шарықтап кетті. Мәңгілік ел даңғылындағы екі бөлмелі пәтер жылдың басында 23-24 миллион теңге болып еді. Зейнет­ақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат еткеннен кейін мұндай пәтерлер 32-33 миллион теңгеге бір-ақ көтерілді дейді ол.

Бірақ «Отбасы банкі» төрағасы бағаның өсуіндегі басты себеп мұнда деп санамайтынын жеткізді.

«Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдаланғаннан баға күрт өсіп кетті деген пікірмен түпкілікті келісуге болмайды. Әрине, оның да аздаған әсері болуы мүмкін. Байқап қарасаңыз, қазір жылжымайтын мүлікке баға бүкіл әлем бойынша көтерілді. Дегенмен, ең бастысы, баспана құнына инфляциялық жағдай, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ құрылыс-монтаж саласындағы еңбекақының өсуі сияқты жайлар себеп болып отарғанын ескеру керек» деді ол.

Үй салынып жатыр, пәтерлер беріліп жатыр. Статистика бойынша республикада жыл сайын 15-17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады екен. Бірақ баспана кезегіне тұрушылар саны азамай келеді. Бұл кейінгі жылдардағы еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсару көрсеткіші екені айтылды.

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға орай берілетін бір реттік зейнетақы төлеміне қатысты енгізілген өзгертулер мен толықтыруларда жастарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Енді зейнетақы қорындағы басы артық ақшаны 5 пайыздық өсіммен «Отбасы банкіндегі» депозитке салуға болады. Осы мақсатқа 11 млрд теңге бөлінген. Тәжірибенің, еңбек өтілінің жетіспеуі қолбайлау болатын 18 бен 25 жас аралығындағы жастарға енді баспаналы болуға нақты үміт оты жағылып отыр. Алайда тағы бір ескеретін жай – тұрғын үйді жас жігіт пен қыз ақша депозитке салынғаннан кейін үш жылдың ішінде алып үлгеруі керек. Егер осы мерзімде үй алып үлгермесе, зейнетақы ақшасы БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Бұл мәселені «Отбасы банкі» басты назарда ұстап отырғанын жеткізді. Мынадай қымбатшылық бүйірден қысып, инфляция етектен тартып тұрған заманда баспанаға ақша жинау да оңай емес. Сондықтан «Отбасы банкі» мемлекеттік органдарға депозитке салынған ақшаның мерзімін  үш жыл емес, он жылға дейін ұзарту мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Бұл әзірге ұсыныс қана. Ал оның нақты жүзеге асырылуын құзырлы органдар шешуі қажет-ақ.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button