Басты ақпаратБілім

Салада қандай жаңалық болады?



Еліміздегі халықтың үштен бір бөлігін балалар құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалардың әл-ауқаты мен білім мәселелері ерекше орын алады. Елордада өткен Балалар жылында көптеген жұмыс жасалды, енді жаңа жылда атқарылатын істерді саралап өтейік.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – әрбір адамның интеллектуалдық, әлеуметтік-­эмоционалдық және физикалық әл-ауқатын дамытудың негізі, сондықтан ерте жастан дайындық өте маңызды. Көп жыл бойы білім беру жүйесінің басым бағыты балаларды барынша көбірек қамту үшін жаңа мектепке де­йінгі ұйымдарды ашу болды. Бұл бағытта аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды да қамтуды кеңейтуге бағытталған жұмыс жалғасуда. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертетін ең үлкен реформа деп айтуға болады.

Былтыр мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалардың қабылдануы осы мәселедегі басты қадам болды. Баланың барлық аспекті бойынша «толық дамуы» бірінші орынға қойылған. Оның ішінде интеллектуалды, құндылық, әлеуметтік-эмоционалды және физикалық дамуы бар. Осы мақсатқа жету үшін стандартта бірқатар өзгеріс бар:

Бірінші. Оқу жоспарының икемділігі кестені және сағат жүктемесін қатаң реттеуді болдыр­мау арқылы қамтамасыз етілді. Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге әр түрлі оқыту тәсілін қолдануға, минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Жаңа стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген ерте жастағы балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне оралуға мүмкіндік береді. Бұрын үлгілік оқу жоспарларында сағат саны қатаң көрсетілетін. Мұндай әдіс сабақты кесте бойынша мектеп сабақтары сияқты ресми түрде өткізуге әкелді. Оған қоса, бұл балабақшаларға аттестация беру кезінде тексеру нысанасына айналды, өйткені стандарттың орындалуы жұмыс істеген сағат саны бойынша қатаң тексерілді. Сабақ түріндегі мұндай оқыту осы жастағы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейді.

Үшінші. Жаңа үлгілік оқу жоспарында мұғалімдер мен балалар арасындағы өзара іс-қимылының негіздері қарастырылды. Оларға балалардың сөйлеуін дамыту, кітап оқу, математика негіздерін үйрету, шығармашылық және зерттеу жұмыстарымен айналысу бойынша күнделікті жұмыс кіреді. Бұл қызмет түрлерін үй жағдайында да дамыту маңызды.

Төртінші. Стандартта балалардың бойына құндылықтарды сіңірудің тәсілдері мен әдістері бар. Бұл – ұлттық, отбасылық құндылықтар, патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдағы мінез-құлық ережелері, қауіпсіздік ережелері және т. б.

Мемлекет басшысы тапсырғандай, құрылысы басталған мектептерді аяқтап, келесі жылы жаңа нысандардың құрылысын бастау, үш ауысымда оқитын, оқушы орны толы мектептер мәселесін шешу қажет. Елорда мектептеріндегі білім сапасын арттыру да өзекті мәселенің бірі. Проблемаларды шешудің барлық жолы қарастырылатын «Астана білімі» арнайы қалалық бағдарламасы әзірленуі тиіс

Қорыта келгенде, балаларды тәрбиелеу мен оқытуда бұрынғы стандартта шектеу қою, белсенді ойындарға уақыттың жеткіліксіздігі, «партада» ұзақ отыру басым болғаны белгілі. Жаңа стандарт мектепке дейінгі ұйымдарға ыңғайлы болуға, құндылықтар мен құзыреттіліктерді дамытуға және жас балалар үшін табиғи ойын үлгісін кеңінен қолдануға бағытталған. Мұның бәрі баланың мектепте оқу дайындығын және алдағы білім жолы мен өмірінде жетістікке жетіп, жан-жақты дамуына әсер етеді.

Оқу жоспарының икемділігі кестені және сағат жүктемесін қатаң реттеуді болдырмау арқылы қамтамасыз етілді. Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады.

Өткен жыл Балалар жылы болды. Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Алғаш рет балалардың әл-ауқаты индексі енгізіліп, мектептегі психологиялық қыз­меттердің қызметі қайта форматталып, буллингтің алдын алу шаралары қолға алынып, әлеуметтік мәселелер шешіліп жатыр. Балалар жылы ішінде білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді. Бағдарламаға сәйкес, қалалар мен ауылдарда 800 мыңнан астам жаңа оқушы орындарына 401 мектеп салынады.

Бұған дейінгі негізгі мақсат 3-6 жастағы балаларды қамту болса, енді Президент тапсырмасына сәйкес 2 жастан бастап қамту міндеті қойылып отыр. Ол үшін балабақшаларда жаңа орындарды ашу жоспарда бар. Келесі жылдың өзінде биылмен салыстырғанда орын 2,5 есеге көп ашылады. Жан басына қаржыландыру тетігі өзгертіледі. Балабақша қызметінің сапасын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданады.

Балаларды тәрбиелеу мен оқытуда бұрынғы стандартта шектеу қою, белсенді ойындарға уақыттың жеткіліксіздігі, «партада» ұзақ отыру басым болғаны белгілі. Жаңа стандарт мектепке де­йінгі ұйымдарға ыңғайлы болуға, құндылықтар мен құзыреттіліктерді дамытуға және жас балалар үшін табиғи ойын үлгісін кеңінен қолдануға бағытталған

Орындарды бөлудің ашық­тығын қамтамасыз ету және қайталауды болдырмау үшін балабақшаларға есепке алу, тапсырыс беру және жолдама беру үшін бірыңғай цифрлық деректер базасы құрылады. Бұл балабақшалардағы орындарды, кезекпен берілген жолдамаларды күнделікті бақылауға, бюджет қаражатын үнемдеуге және орындарды бөлудегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жерде әңгіме қаржылай қиындыққа ұшыраған және ата-анасы балабақшадағы тамақ ақысын төлей алмайтын отбасылардың балалары туралы болып отыр.

1-4-сыныптардың 1,4 млн оқушысы тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше назар аударылған. 50 сауықтыру лагері ашылады.

Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі нысан салу жоспарланып отыр. Бұл мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұратын жерінен қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Қазір оқушылар сарайын, музыка және өнер мектептерін жеке секторға беруді қоспағанда, заңнамалық деңгейде шектеулер белгіленуде.

Орта білім беру жүйесінде қажетті оқу материалдарын цифрлы форматқа көшіру арқылы пәндерді оқытудың инновациялық жолдары енгізіледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың жаңа оқушы орнын құру жоспарда бар.

Мектептер робототехника, химия, биология және физика бойынша 7 мың пән кабинетімен қамтамасыз етіледі.

Жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мыңға жуық мектеп жаңартылады.

Жаңа кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі. Бұл балаларды балалар үйінде емес, үйде тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Барлық колледж, мектеп пен балабақша қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі. Күзет органдарына қойылатын талаптар күшейтіледі.

Мемлекет басшысы тапсыр­ғандай, құрылысы басталған мектептерді аяқтап, келесі жылы жаңа нысандардың құрылысын бастау, үш ауысымда оқитын, оқушы орны толы мектептер мәселесін шешу қажет. Елорда мектептеріндегі білім сапасын арттыру да өзекті мәселенің бірі. Проблемаларды шешудің барлық жолы қарастырылатын «Астана білімі» арнайы қалалық бағдарламасы әзірленуі тиіс.

Ескі жүйе бойынша «бірінші», «жоғары» санаты бар мұғалімдер жұмыс нәтижелерін жан-жақты қорытындылау арқылы «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысса, онда ҰБТ-дан босатылады.

Зейнет жасына шығуға төрт жылдан аспайтын уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады.

«Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізді» деді Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Каримова.

Бұл ретте педагогтардың ұсыныстары мен тілектері ескерілді. Мысалы, бұрын, еңбек өтіліне және тәжірибесіне қарамастан, барлық мұғалім ҰБТ тапсырса, енді жекелеген санаттар ҰБТ-дан босатылады. Бұл 30 жыл педагогика өтілі бар, зейнетке шығуға 4 жыл қалған мұғалімдерге де қатысты. Аттестация мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізілетінін, оның нәтижелері бойынша оларға біліктілік санаты тағайындалатынын немесе бекітілгенін және жалақының 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төленеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button