SportБасты ақпарат

Салт-дәстүр салтанаты

Елордадағы «Хан Шатыр» кешені маңында үш күн бойы дүркіреп өткен «Nur-Sultan Ethno Fest» атты этномәдени мерекесінде жұртшылық баяғы сән-салтанатымен жарасқан қазақ ауылының бейнесін көріп, салт-дәстүр мен ұлттық ойындардың сан түрін тамашалады. Бұл фестивальді ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі бірегей жоба деп айтуға болады.

Айтулы шара Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келгендіктен жеткіншектер де бұл мерекеден шет қалған жоқ. Оларға этноойындардың бірнеше түрі көрсетілді. Балалар асық атып, садақ атудан сайысып, бұғалық салу, шалма тастау, құрық тастау ойындарын ойнады. Және жасөспірімдерге шаңырақтың, керегенің, уықтың не екендігі түсіндіріліп, киіз үй құру үйретілді. Сонымен қатар елордалық рекордшы, Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алып аталарымыздың дәстүрін жалғастырушы Тимур Сыпатаевтың өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұл мереке қазақ жерінде өтіп жатқандықтан ақындар айтысының да көрігі қызды. Сахна төріне шыққан ақындар түйдек-түйдек сөз кенін ағытып, тыңдаушылардың құмарын қандырды. Қара домбыраны пір тұтатын дәстүрлі әншілердің дауысы елорда аспанын жаңғыртты. Күйшілердің күй сайысы көрермендерді көркем әсерге бөледі.


Сондай-ақ жігерлі жігіттердің ат үстіндегі аударыспақ, теңге ілу, қамшыгерлік ойындары да мерекенің көркін ашты. Командалық көкпар ойыны да делебені қоздырды. Ер жүректі балуандар шаршы алаңда күш сынасып, қазақ күресінің жалауын биіктетті. Әсіресе, жұртшылықтың назары «Алтын жебе» аталған әлем чемпионатына ауды. Шараның ашылуына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл дүбірлі додаға жер жүзінің 20 мемлекетінен құралайды көзге атқан мергендер жиналып, бәсеке «Азиялық, «Түрік» және «Қазақ» ережесімен өтті.


«Түрік стилі» бойынша өткен сайыста дүниежүзілік жарыстардың топжарғаны, румыниялық Михай Козмей чемпион болды. Ал «Қазақ стилі» бойынша жамбы ату жарысында түріктің мергені Аяз Явуздың бағы жанды. Ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионатының жеңімпазы осы жарыстың қорытындысы бойынша анықталды. Бес спортшы І Әлем чемпионатының жүлдесін иеленді. Үш сайыста ешкімге дес бермей сұрмерген атанған Ералхан Айкөз Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Бұған дейін «Алтын жебе» мергендер турнирінде екі рет жүлдегер атанған жерлесіміз осы жолы да ел намысын қорғап қалды.
Осылай үш күн бойы қонақтар мен тұрғындар қызығып көрген этномәдени мерекесін қала әкім­дігі енді елордада жыл сайын өткізуді ойластырып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button