Басты ақпаратМәселе

Салымшыны сан соқтырған сұмпайылар



Қаржы пирамидасы – бізге өткен ғасырдың аяғында келген қылмыстың ең сұмпайы түрі. Ол – бір басын шауып тастасаңыз, келесі басы өсіп шығатын жеті басты аждаһа сияқты жаны сірі нәрсе. Астана қаласында мұндай келеңсіздікпен күрес бұрын да қатаң болатын, кейінгі кезде аталған алаяқтық құйтырқылықтың әдіс-тәсілі тіпті көбейе бастаған соң тұрақты түрде бақылауға алынды. 

Қылмысқа жаза бар

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды қаржылық пирамидаларға тартудың алдын алуда превентивті іс-шаралар кешенін жүргізуде.

Жыл басынан бері интернет-ресурстарын тексеру бойынша «Байқа, пирамида!» тelegram-бот іске қосылды. Енді азаматтарымыз сайттар мен әлеуметтік желілерді қаржы пирамидалары бойынша өз бетінше тексеріп, бағамдай алады. Бұл – оларды алаяқтық жоспарларға тартудан сақтандырудың әрі қылмыстың алдын алудың бір жолы.

2023 жылдың 10 айында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті елорда аумағында заңсыз қызметін жүзеге асырып келген 54 салымшысы бар «Best Road Investment», 389 салымшысы бар  «Семейный капитал», 250 салымшысы бар «Invest Consulting Agensy», 200 салымшысы бар «Eden Life», 200 салымшы жинаған MMK INVESTMENT, 280 салымшы жинаған «Finico», 138 салымшысы бар «Qnet», 131 салымшы жинаған «Chia Thai», 82 салымшы жинаған «World Business Counsaltung», 30 салымшысы бар «Antares», 72 салымшысы бар «Sinsera systems», 120 салымшысы бар «Sterling Invest» және 535 салымшы жинаған «ЕOLUS» сияқты 19 қаржы пирамидасы қызметінің жолын кесті.

Қаржылық пирамидалар бойынша сотқа ҚР ҚК 217-бабы, 3-бөлігімен 10 қылмыстық іс жолданды: оның ішінде, 6 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып, ұйымдастырушылары ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылды.

Мысалға, «Q-net» қаржы пирамидасы, «Q-net» компаниясына жаңа қатысушыны тартып, ол құны 2 000 АҚШ долларынан кем емес тауар сатып алу үшін ақша қаражатын салады және соның есебінен «Q-net» компаниясынан бонустар алады.

Белгілі болғанындай, қар­жылық пирамидаға адамдар қомақты ақшаға ойы арбалып, үгіт-насихатқа елігіп, өз еріктерімен кіріп жатады. Сондықтан салынған қаражаттың қайтарылуына ешкім ешқандай кепілдік бермейді.

Оңай олжаға елітіп…

Тез байып кетуге уәде еткенімен, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар әуелі өз қамдарын ойлайтыны белгілі. Қанша аузы күйіп, соңы қайғылы жағдайға апарып жатса да көптеген адамдар «аспаннан жауатын» қисапсыз ақшаға қатты сенеді. Егер қисынға салып ойлап қарасақ, салған ақшаңды 300 пайыз өсіммен үш айдан кейін қайтарып алу мүмкін бе?  Мәселен, мен аталған құйтырқы қорға бір миллион ақша салсам, оны үш айдан кейін үш миллион етіп қайтарып аламын деуге сенуге бола ма? Сонда ол ақша қайдан келуі мүмкін? Әрине, бұл – инвестициялық алаяқтық. Біреулер  сияқты асқан ақымақтық жасап үйін, машинасын сатып немесе банктен кредит алып, үш айдан кейін үш есе етіп қайтарып аламын деп жанталасқан жаңа «инвесторлардың» арқасында пайда болатын «көбік шар». «Жаңа инвесторлар азайып, немесе болмай қалған күні бұл «шар» жарылады. Міне, барлық құйтырқылық пен шындық осы жерде.

Осы жылдың көктемінде Астанада «Qnet» компания­сының ұйымдас­тырушысы ұсталды. Сол кезде осы кеңсенің салымшылары 463 миллион теңге шығынға батқан еді. О баста ол желілік маркетинг және электрондық коммерция саласындағы халықаралық серіктестік деп құрылған болатын

Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандарының айтуынша, қаржы пирамидаларының қызметі бір жыл, жыл жарымнан аспайтын көрінеді. Тіпті екі-үш күннен кейін қылмысы анықталып, уәде еткен салымшыларына бір тиын да пайда түсірмей құрдымға кеткен ұйымдастырушылар да бар.

Елорда тұрғыны Нұртаза Байтасов осыған дейін қаржы пирамидасын «халықаралық қаржы қоры, адамдарға көмектесу үшін қалталы азаматтар құрады» деп ойлап келген. 2017 жылы ол «Amlr Capital» қаржы пирамидасына алты миллион теңге қаржы салады. Расы керек, үш айдан кейін аталған қор апта сайын оның есеп шотына 10 доллар, 20 доллар жіберіп тұрған. Кейін біраз уақыт «уақытша қиындықтарға» байланысты тоқтап қалып қайта жалғасқан. Сонымен ол бір жылдың ішінде қолына бір миллионның үстінде ақша алған. Алайда ұйымдас­тырушылар сіздің үстемеңіз депозитте жатыр деп қолына 12 миллионның сертификатын берген. Көп ұзамай хабарлама келіп, «сіз депозиттегі ақшаңызды алты айға дейін  ала алмайсыз, есесіне сізге апта сайын 50 доллардан есеп шотыңызға түсіп тұрады соны алуға мүмкіндігіңіз бар дейді.

Сөйтіп жылжып екі жыл да өте шығады. Нұртаза Байтасовқа «депозиттегі ақшасы 24 миллион теңгеге жетті» деген хабарлама келеді. Енді алайын десе, қор директоры ауысып кетіпті. Жаңа директорға өтініш жазған еді. Ол «бізде қаржылық қиындықтар болып жатыр, қазір ешкімге ақша бере алмаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқан. Амалы қалмаған елорда тұрғыны полицияға шағымданады. Міне, осы жерде барлық шындық ашылады. Аталған қаржы пирамидасы негізі Ресейде құрылған екен. Бізде тек филиалы ғана жұмыс істеген. Бір ай бұрын үстінен іс қозғалып, директоры қашып кеткен. Сонымен тұрмыстық жағдайымды түзеймін, дәулетімді арттырамын деп алты миллион салған ақшасының тек бір миллион жарымын ғана қайтарып алып, опынып қалыпты.

Осы жылдың көктемінде Астанада «Qnet» компаниясының ұйымдастырушысы ұсталды. Сол кезде осы кеңсенің салымшылары 463 миллион теңге шығынға батқан еді. О баста ол желілік маркетинг және электрондық коммерция саласындағы халықаралық серіктестік деп құрылған болатын. Алайда азаматтардың ақшасын тартқан алаяқ оны нақты кәсіпкерлік қызметте пайдаланғысы келмеді. Есесіне ол салымшылардан түскен қаражатты өздерінің жеке бастарын байытуға, үстеме ақша келтіруге жұмсады. Заң бойынша ешбір мекеме, ұйым немесе компания халықтан ақша тартумен айналыса алмайды. Халықтың ақшасын тек екінші деңгейлі банктер ғана уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия негізінде тарта алады. Сондай-ақ мұндай жұмыспен Ұлттық пошта операторының айналысуына рұқсат етілген. Бұған олардың мемлекет берген заңды рұқсаты болуы керек.   Ал басқасының барлығы ерте ме, кеш пе күйрейтін, сөйтіп халықты қан қақсататын – алаяқтық.

Уәдеге сеніп, опық жер…

Осы жылдың тамыз айында елорда аумағында өзінің заңсыз қызметін 2020 жылдан бері «дөңгелетіп» келе жатқан «Sincere Systems» ЖШС басшысына үкім шықты. Ол криптовалюта биржасымен біріге отырып, азаматтардың 215 миллион теңге ақшасын құмға сіңген судай жоқ қылып жіберген. Енді, міне, өз қолдарымен беріп, қазір сайда саны, құмда ізі жоқ қаржыны иелері іздеп табандарынан тау­сылуда.

Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сенгіш, аз ғана уақытта қаржыңды үстемелеп көбейтіп беремін дейтіндердің қақпанына түсіп қала беретін азаматтарға байланысты талай үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп те келеді. Мойындау керек, нәтиже күткендегідей болмай тұр. Тіпті, қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін  Қылмыс­тық кодекстің 217-бабы бойынша дүние-мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін біле тұрса да айылдарын жимайтындар бар.

Бас қалада жыл басынан бері қаржы пирамидасына ақша салып, зардап шеккен 480 адамның арыз-шағымы түсті. Оларға жалпы келтірілген залал 880 миллион теңгеден асып отыр.

Ал осы заңсыз бизнесті ұйым­дастырушылар қаланың қақ ортасынан көрнекті жерден өздерінің кеңселерін ашып алып, қызметкерлер ұстаған. Тіпті мөрлері, бланк қағаздары мен қызметтік куәліктері де болған. Былай қарағанда, көпшіліктің көз алдында шынайы әрекет еткен.

«Қалай сенбейік, астанада зәулім кеңседе отыр. «Бәрі заңды, ақшаларың еселеп қайтады» деп ант-су ішіп сендірді ғой. Оның үстіне өзім танитын көршім, бір миллион ақша салып, үш айдан кейін үш миллион етіп қайтарып алды. Сосын ол тағы бір миллион ақшаны үстемемен алатындай қайта салды.  Ал мен салып едім бір ай жарымда құқық қорғау органдары компанияның шотын бұғаттап тастады. Енді ақшамды ала алмай жүрмін» дейді зардап шегуші Эльмира Әлкенова.

Айта берсе, мұндай мысалдар көп. Бір ескерерлігі, қаржы пирамидасы тек қаржылық жағынан зардап шектіріп қана қоймайды, ағайынның да арасын ашып жібереді. Өйткені өмір көрсетіп отырғандай, өзі сеніп қалған адам «инвестор» ретінде келесі кезекте өзінің жақын туыстарын, ағайын-жекжатын, көршілерін тартады ғой. Міне, соның зардабын көбі тартып жатыр.

Сондықтан қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға халық болып, қоғам болып бітіспес майдан ашуымыз қажет. Ондай адамдардың іс-әрекетін бастап­қы сәтінде-ақ тұншықтырған абзал. Сонда ғана ақшаға дәнігіп, баюды армандайтындар мен  ірі көлемдегі алаяқтыққа баратындар саны азаяр ма еді?


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button