Басты ақпаратҚала мен Сала

Құрылыс қарқыны сұранысқа сай ма?

Астанада былтыр 3 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жоспар бойынша 3,5 млн шаршы метрге жуық баспана салынады. 2024 жылы да осы көлемде тұрғын үйлер тапсырылады. Одан арғы жылдардағы құрылыс көлемі халықтың көші-қон процесіне байланысты өзгеріп отырады. Демек, халық саны өскен сайын салынатын үйлер саны да көбейе береді. Қала басшылығы әзірше халық санына шектеу қоймай отыр.

Тұрғын үй кезегінде қанша адам бар?

Қазір қалада тұрғын үйдің кезегінде 50 мыңнан аса отбасы тұр. Соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды өсіріп отырған отбасыларды және көпбалалы отбасыларды қоса алғанда барлығы 12 санатқа кіретін азаматтар бар. Бұл мәселені түпкілікті шешу мақсатында әкімдік биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтерлер салуды, сондай-ақ 16 үлестік құрылыс нысандарын салып бітіруді жоспарға енгізген. 6 мыңға жуық пәтердің жартысы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, ал жартысы ипотекаға беріледі.

Елордадағы өткір мәселенің бірі – құрылысы тоқтап қалған тұрғын үйлердің үлескерлерінің ұзақ уақыт пәтерін ала алмауы. Бір кездері үлескерлердің саны 16 мың адамға жеткен, қазір 4 мыңды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әкімдік бұл мәселені жыл аяғына дейін шешуге тиіс. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек үлескерлермен үнемі кездесіп, олардың барлық мәселесін ашық талқылайды. Сол кездесулерін қала басшысы күн сайын әлеуметтік желілердегі парақшасында бөлісіп отырады. Мәселен, Жеңіс Қасымбек биыл 26 қыркүйекте Facebook-тегі парақшасында мынадай ақпарат жариялады:

«Қалада ресми түрде құрылысы ұзаққа созылған деп танылмаған бірқатар проблемалы үй бар. Сол үйлер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, «София» тұрғын үй кешенінің салымшылары баспана кілтін 2021 жылы алуы тиіс еді. Алайда олар әлі күнге дейін өз пәтеріне кіре алмай жүр. Себебі нысанда құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқаны байқалды, тұрақты инженерлік желілері болмады, лифт орнату жұмысы әлі аяқталған жоқ. Әкімдік үйдің құрылысын аяқтау үшін көмек көрсетеді. Нақты айтсақ, кәріз, су құбырын орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тағы басқа жұмыстарды қолға аламыз».

Сондай-ақ әкім қылмыстық қудалау органдары «Әскер-1», «Әскер-2», «R-Club», «R-Club De Luxe», «Ақтау Сити», «Қаза­нат-2», «Ордабасы», «Оазис» тұрғын үй кешендері бойынша үлескерлердің бірнеше рет берген өтініші негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде іс-шараларды жүргізіп жатқанын жазды. Ең бастысы, қаладағы 32 нысанның құрылысы аяқталып, үлескерлер желтоқсан айының соңына дейін пәтер кілтін қолына алады.

Үлескерлермен кездесуде қала әкімі биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталатынын мәлімдегенін білеміз. Олардың бір бөлігінің құрылысы қазірдің өзінде аяқталған. Өйткені үлестік құрылыс нысандары бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуын Мемлекет басшысының өзі тікелей бақылауына алған.

Санаттар тізбесі кеңейді

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына және әскери қызметшілерге баспана беруге ерекше назар аударылған. Мәжіліс депутаты Ұлықбек ­Тұмашинов бұл жаңалықты былай түсіндіріп берді:

«Заң жобасында әкімдіктердің жаңа қызметі енгізілді. Ол – 1 жыл ішінде әскери қызмет атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасына баспана беруге қатысты өзгеріс».

Астанаға жыл сайын 50-60 мыңға жуық отбасы көшіп келеді. Сол себептен тұрғын үй сатып алуға сұраныс азаяды деп ойламаймын. Керісінше, бағаға кері әсері бар. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе экономикалық жолмен шектеледі. Су, жер тапшылығы болса, үйдің бағасы өседі. Ауылдағы, кіші қалалардағы үйдің бағасын қолжетімді етіп, халықтың қалаға көшуін экономикалық жолмен шектейді

Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқығы бар адамдар санатының тізбесін кеңейтті. Заң қабылданған соң, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар және І, ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар тұрғын үй қорынан баспана ала алады. Сонымен қатар алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кіретін азаматтар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндікке ие болады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев заң жобасы аясында жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру қа­растырылып отырғанын түсіндіріп берді.

«Біз әкімдіктен пәтерді жалға алған адамдарға баспананы сатып алу құқығын беру ақылға қонымды іс-шара деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, пәтерлерді жалға беру ұзаққа созылып кетті. Адамдар бұл пәтерлерден көшпейді. Бұл – өзіне жеке пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топ өкілдері. Біз пәтерде тұру уақытын ескеріп, сатып алу ережесін қарастырып жатырмыз. Егер адам пәтерде 5 жыл тұрса, баспана сатып алуға құқығы бар деген норманы енгіземіз» деді министр Мәжіліс дәлізінде.

Ол жалға берілген пәтерлер қаншаға сатылатыны да маңызды екенін айтты.

«Пәтер бағасы да маңызды элемент саналады. Олардың пәтерді нарықтағы бағамен сатып ала алмайтыны түсінікті. Сондықтан қазір баланс құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беру туралы пікірталас жүріп жатыр» деді Қанат Шарлапаев.

Апатты жағдайдағы тұрғын үйдің орнына берілген баспананы да жекешелендіруге құқық беретін норма осы заң жобасында бар. Депутаттар тұрғын үй кезегі мен баспана бөлуге қатысты өзекті мәселелерді әділ, жедел шешу мақсатымен «Отбасы банк» даму институтын құруды ұсынды. Ол институт еліміз бойынша тұрғын үйлерді есепке алуды және бөлуді жүзеге асырады. Демек, болашақта бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардан жаңа институттың құзырына беріледі деген сөз. «Отбасы банктің» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығына, қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат кезекке тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірісті, мүлік пен активті анықтайтын отбасының цифр­лық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасы жағдайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес, тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты іске асады. Яғни тұрғын үйді есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматты әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді дейді заң жобасын дайындаушылар. Сондай-ақ табыс деңгейіне байланысты қазақстандықтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыз (жылдық мөлшерлеме 2-5 пайыз мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау іс-шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі – меншігінде баспана болмауы керек.

Ресми мәлімет бойынша бү­гінгі таңда Қазақстанда баспанаға алуға мұқтаж 646 мыңға жуық адам кезекте тұр. Соның ішінде 250 мыңы – әлеуметтік ахуалы төмен отбасы. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл мәселені былайша түсіндірді:

«Үй алуға кезекте тұрғандар өте көп. Қазір баспана кезегінде 646 мың адам тұр. Біріншіден, кезекте тұрғандарды тексеру бізге дұрыс мәлімет алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, біз әлеуметтік осал топтарға назар аударсақ, онда баспана кезегінде 250 мыңнан астам адамның тұрғанын көруге болады. 600 мың адам емес. Яғни 250 мың (тұрмысы төмен) адам».

Ләззат Ибрагимова («Отбасы банк» төрайымы) бұл мәселе бойынша пікір білдіріп, біз жыл сайын 25 мың адамды баспанамен қамтамасыз ете аламыз деді. Біз шешімін таппаған мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір мемлекет «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы арқылы процесті тездетуді көздеп отыр. Мысалы, әкімдік әлеуметтік топтарға тұрғын үй салғанда құрылыс циклі 24 айға созылады, ал (үйді) сатып алу (құқығын беру) әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй қорын тез қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Астанада баспана арзан ба, қымбат па?

Қазір мұндай сұрақты кез келген адамға қойсаңыз: «Әрине, қымбат» деген жауап аласыз. Бұған көз жеткізу үшін пәтер сататын агенттіктердің сайтына кірсеңіз: «Астанада жаңадан салынған тұрғын үй кешеніндегі баспананың бір шаршы метрі 588,8 мың теңгеге сатылады» деген хабарландыруларды оқисыз. Астанада жаңа үйдің әр шаршы метрінің орташа құны – 588,8 мың теңге, ал Алматыда – 581 мың теңге, Шымкентте – 435,9 мың теңге. Қазақстанда қыркүйек айында бірінші нарықтағы үйлер құнының әр шаршы метрі орташа есеппен 495,3 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткішті 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 5,1 па­йызға қымбат. Екінші нарықтағы үйлерге (ескі үйлер) келсек, бір жылда елордадағы баспана 12,3 пайызға арзандаған, яғни әр шаршы метрдің құны – 566,7 мың теңге. Салыстырып қарасақ, Алматыда бұл көрсеткіш 601,4 мың теңгені құрайды.

Жаз айларында, әсіресе тамызда астаналықтар бір бөлмелі пәтерлерді белсенді түрде сатып алғаны мәлім. Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Астана баспана нарығында дәстүрлі көшбасшы Алматыны басып озды. Нақты мысал келтірсек, 2023 жылдың шілде айында Астанада үйін сатқан және сатып алған адамдардың арасындағы 6675 келісім тіркелген. Бұл мау­сым айымен салыстырсақ 47,6 пайызға көп. 6675 келісімнің 3028-і 1 бөлмелі пәтерлерді сатып алуға қатысты жасалған.

Сарапшы мамандар баспана бағасы жыл соңына дейін 15-20 пайызға қымбаттауы мүмкін деген болжам айтуда. Астанада соңғы 3 жылда инфра­құрылымның тұрғын үй қарқынына ілесе алмағаны рас. «Қазақстан құрылысшылар одағы» Астана қалалық фи­лиалының директоры Вячеслав Лазарев бас қалада баспанаға деген сұраныс азаятынына негіз жоғын айтады.

«Астанаға жыл сайын ­50-60 мыңға жуық отбасы көшіп келеді. Сол себептен тұрғын үй сатып алуға сұраныс азаяды деп ойламаймын. Керісінше, бағаға кері әсері бар. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе экономикалық жолмен шектеледі. Су, жер тапшылығы болса, үйдің бағасы өседі. Ауылдағы, кіші қалалардағы үйдің бағасын қолжетімді етіп, халықтың қалаға көшуін экономикалық жолмен шектейді» дейді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button