Елорда тынысы

Астанада 23 мың адам жұмыспен қамтылды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен Amanat партиясы Астана қалалық филиалы «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру барысы туралы Астана қалалық мәслихаты фракциясының VII жиналысы өтті.

Сайлауалды бағдарлама негізгі 4 бағыттан тұрады. Биыл 126 тармақты құрайтын Жол картасының 117 тармағы орындалу барысында. Ал қалған 9-ы бойынша орындалу мерзімі басталған жоқ.

Қазан айында Астана қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдауға сәйкес, 2023 жылы орындалатын 117 іс-шараның 47-сі мәресіне жетсе, орындау сатысында 70-і тұр. Жеңіс Қасымбек Жол картасының тармақтары бойынша нақты атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2 пайызға артты. 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 49 пайызға артық. Тауар айналымы бойынша соңғы бірнеше жылда Астана шағын және орта бизнестің үлесі бойынша көшбасшылығын сақтап келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 73 пайызды құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2 есеге көп. Жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрады, бұл орташа республикалық деңгейден 4,7 пайызға төмен. Жұмыспен қамту іс-шараларымен 23 мың адам қамтылды. 12 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 7,5 мың адам тұрақты жұмыс орындарына ие болды. Жұмыссыздарға көмек көрсету және оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін «Joltap» жобасы іске қосылды, оның шеңберінде «Баршаға қолдау» модульдік пункттері арқылы тұрғындар кірістерді арттыру мүмкіндіктері бойынша кеңес ала алады. Инфрақұрылымға келсек, №3 жылу-электр орталығының бірінші кезегі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталды, бұл қосымша 1130 Гкал жылу қуатын қамтамасыз етті. Маусым айында Астана су қоймасынан қосымша су құбыры іске қосылды, бұл тәулігіне 90 мың текше көлемінде қосымша су беруді қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы байқалмайды. Автокөлік қозғалысы туралы айтсақ, негізгі магистральдардағы жүктемені азайту үшін қазан айының соңында әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жаңа көпір арқылы жол ашылды. 165 қоғамдық және аула кеңістігін абаттандыру аяқталды. Жалпы 45 жасыл аймақ құрылды, оның ішінде 2 саябақ, 10 сквер және 33 қоғамдық кеңістік бар. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы таныс жерлер. Қалада кезекте тұрған әртүрлі санаттағы 1,4 мың отбасына, соның ішінде жетімдерге, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағынан ахуалы төмен және жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылғандарға баспана берілді. Биыл 14 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Оның 6-уы пайдалануға берілді, 8 мектептің құрылысы жалғасуда (жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда). Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға қарай 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і Есіл мен Нұра аудандарында орналасады» деді әкім.

Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов сөз соңында сайлауалды бағдарламаның орындалуын жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етті.

«Сайлауалды бағдарлама – стратегиялық құжат, осы бағдарламамен сайлауға түстік. Сайлаушыларымыз бізге, біздің бағдарламамызға сенді. Мәслихаттағы 34 орынның 29-ы – біздің партиялықтар, біздің сайлаушыларымыз бізден нәтиже күтуде, бұл – партия мен билікке, партия мүшелеріне, басшылық лауазымдарға деген сенім» деді ол.

Фракцияда Жол картасының орындалуына жасалған мониторинг қорытындысы талқыланып, қаралған мәселелерге депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button