Мәслихат

«Esirtkisiz Elorda» тұжырымдамасы таныстырылды

Жуырда Астана қаласы мәслихатында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселесі қаралды. Жиын барысында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров «Esirtkisiz Elorda» жастар қозғалысының тұжырымдамасы» атты құжатпен таныстырды.

Баяндамашы жастар арасында есірткіге тәуелділердің статистикалық портретін, есірткі қылмысы бойынша деректерді келтірді. Ал «Esirtkisiz Elorda» тұжырымдамасын жүзеге асыру бірнеше қадамға бөлінген. Соның алғашқысы – нашақорлықтың алдын алу бойынша штаб құру. Оның құрамында психолог-аддиктолог, интернет сарапшы, басқа да осы сияқты мамандар болады. Екінші қадам – оқушыларға арналған арнайы ойын элементтері бар қосымшаны әзірлеу. Үшінші қадам – арнайы студенттік ұяшықтарды құру. Төртіншісі – әртүрлі әлеуметтік топтар үшін профилактикалық контент дайындау. Бесінші қадам – есірткі сататын ресурстар мен жарнамаларды бұғаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл тұжырымдама қадамдары кезең-кезеңімен іске асырылады. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге.

Ал режиссер, продюсер Бейбітжан Мүсілімов буллингті, суицидті, есірткіге тәуелділікті алдын алуға бағытталған «Форум-театр» жобасын таныстырды. Бұл жоба Бразилиядағы Аугусто Боаль құрған театр үлгісінде құрылды. Ол көрермен мен актерлердің тікелей қарым-қатынасына мүмкіндік береді.

Қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбеков күн тәртібіндегі мәселе тек бас қаланың ғана емес, мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздікке барып тірелетін мәселе екенін атап өтті. БҰҰ 1988 жылы есірткіге қарсы күрес конвенциясын бекіткенін, сондықтан «Esirtkisiz Elorda» тұжырымдамасына халықаралық тәжірибені қосуды ұсынды.

– Азияда нашақорлық қылмыс ретінде, Еуропада, АҚШ-та емдеуді қажет ететін ауру ретінде қабылданады, – деген депутат шетелде нашақорлықтың алдын алу жұмысы әртүрлі органдар мен ұйымдардың қатысуымен кешенді түрде жүзеге асырылатынын айтты. Басқа да депутаттар пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан ­Каналимов әріптестерін қолдай келе, Жастар саясаты мәселелері басқармасының ғана күшімен бұл мәселелерді шешу мүмкін еместігін атап өтті.

– Бұл мәселемен қалада жалпы бес мемлекеттік орган айналысып отыр. Сол бес органға биыл есірткіге қарсы күреске 52 миллион теңге бөлінген. Бұл – өте аз. Өткен жылдан бері депутаттар бағдарламаны дайындау қажеттілігі туралы айтып келеді. Ақырында тұжырымдама дайындалды. Бірақ бұл тұжырымдамаға нақты кешенді жоспар қажет. Әрине, депутаттар «Форум-театр» жобасын қолдайды. Музыкалық жас көрермен театры, «Жастар» театры немесе «Жастар» сарайын алаң ретінде пайдалануға болады. Кейбір депутаттардың оқырмандары көп. Осы ресурсты пайдалану қажет. Сонымен қатар олардың барлық ұсыныстары мен ескертулерін ескеру керек. Мәжіліс депутаттарын да қосу керек. Себебі бұл – ұлттық, мемлекеттік проблема. Қала әкімдігі жанында нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оны жұмысқа қосу қажет. Қазір бес жылға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. 2020 жылға дейін есірткіге қарсы күреске бағытталған бағдарлама болды. Міне, үш жылға айналды, бұл бағдарлама жоқ. Келесі жылы 2029-2030 жылдарға  дейінгі мемлекеттік бағдарлама бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеу керек. Кешенді жоспарды барлық ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып пысықтап, бекіту қажет, – деді Ерлан Каналимов.

Астана мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтхожин отырысты қорытындылай келе, нашақорлықты алдын алуға қатысты тиімді бағдарлама болуы тиістігін айта келе, алдағы желтоқсан айында қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының базасында дөңгелек үстел мәжілісін өткізуді ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button