Қоғам

Суицид – дағдарыс көрсеткіші

Жыл басынан бері Астана қаласында барлығы 154 суицид фактісі тіркелді, 325 адам суицид жасамақ болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға төмендеді. Жалпы биыл Қазақстан суицид рейтингінде әлемнің 178 елінің ішінде 19-орынға шыққан.

ДДҰ суицидті әлемдегі әрбір елдің күн тәртібінде тұрған жаһандық проблема деп таныды. Биыл суицид рейтингінде Лесото мемлекеті көш бастаған, онда 100 мың адамға 72,4 суицид оқиғасы тіркелген. Ал Қазақстан 19-орында, әрбір 100 мың тұрғынға 17,6 суицид оқиғасы тіркеліп отыр. Оның себептеріне келер болсақ, былтыр тіркелген суицид жағдайларының басым бөлігінде құрбан өз-өзіне мас күйінде қол жұмсағаны анықталды. Одан кейінгі орында ауыр материалдық жағдай, жалғыз­дық, ауыр соматикалық аурулар, ажырасу себептері – өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген фактілер болған. Өткен жылғы құрбандар көбіне дарға асылу, биіктіктен құлау, пышақтау және әдейі улану амалдарына барған. Дегенмен Ranking.kz құқықтық статистика комитеті берген мәлімет бойынша, соңғы бір жылда Қазақстанда суицид жиілігі 6,1%-ға төмендепті. Мамандар депрессия, мазасыздық, жан жарақатынан болған стресс және басқа психикалық аурулар  суицидтік мінез-құлықтың дамуына әкеледі дейді. Қазақстанда депрессиялық жағдайдың таралуы бүкіл халыққа шаққанда 3,72% құрайды.

– Өкінішке қарай, бізде депрессияға тап болған жандарға көрсетілетін қызметке көңіл аз бөлінеді. Қаржыландыру көлемі ұлғаймайды, қолжетімділік сәйкесінше артпайды. Дамыған елдерде, көбіне депрессиядан зардап шегуші халықтың 20%-ы көмек ала алады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – тек 5%. Яғни, қалған 95% күйзелісте жүрген жанмен ешкімнің ісі жоқ, – дейді ДДҰ-ның Қазақстандағы психикалық денсаулық жөніндегі кеңсесінің консультанты Николай Негай.

Психолог Шолпан Қайратқызының айтуынша, жастар мен жасөспірімдер арасында көбіне жауапсыз махаббат өз-өзіне қол жұмсауға себеп болады. Одан бөлек, ата-анамен қарым-қатынастың жоқтығы, оқу орындарында буллингке тап болу – жасөспірімдер арасында өлім туралы ойлануға түрткі болатын себептер. Мәселен, былтыр тіркелген суицид фактілерінің 12 жағдайында «жауапсыз махаббат» өлімге себеп болған. Қайғылы оқиғаға итермелеуші тағы бір маңызды фактор – жыныстық сауаттылықтың жоқтығы. Гинеколог Мадина Жанәділова жасөспірімдердің көбі репродуктивті саулық туралы білмейтінін айтады. Себебі олардың арасында бұл мәселені шешуге көмектесетін маман аз.

– Ұят деп бетін жауып қойғанымызбен, бұл мәселені бізге келіп ешкім шешіп бермейді. 18 жасқа дейінгі қыздар «Балалар гинекологы» маманына барып қаралады. Ал өкінішке қарай, мұндай мамандар елімізде тапшы. Олар мектептерге барып, дәріс оқып, жыныстық сауат­тылық, аборт салдары туралы сұхбат жүргізуі тиіс, – дейді ол.

Ranking.kz. мәліметтері бойынша Қазақстанда биыл қаңтар-қазан айлары аралығында суицид жасау­шылардың жалпы саны 3,4% артқан. Бұл ретте жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаушылар саны 30% көбейген, яғни осы жылы елде кәмелет жасқа жетпеген 169 бала өзін өлтірген. Оның ішінде 27,8%-ы 5-14 жас аралығындағы балалар болса, 72,2%-ы – 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Суицид  жасамақшы болғандар саны 10 өңірде ұлғайған, соның ішінде Астана қаласы да бар. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған әрекеттердің ең көбі елордаға тиесілі екен. Заң саласындағы профессор Мүсілім Хасенов те осы саладағы соңғы 8 жылдағы статистикаға талдау жүргізе келе Қазақстанда жыл сайын 350 бала суицид жасауға талпынып, 172 бала өз өмірін қиятынын анықтағанын айтады. Осыған орай биыл Парламент Мәжілісінде кәмелет жасқа жетпегендерге көрсетілетін кез келген зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейту мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрлігі Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Құжат Үкіметтің қаулысымен бекітілмек. Аталған министрлік Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасын іске қосуды жоспарлауда. Оқу-ағарту министрлігі алда балалар ортасында «кейс-менеджмент» технологиясын енгізбек. Дегенмен психолог және гинеколог мамандар балалар арасында суицидтің алдын алуда ең әуелі ата-аналардың жауапкершілігі зор екенін, олардың бала тағдырына аса жауапты қарауын сұрайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button