Мәдениет

Ташкенттен соққан жылы леп…

Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театры елордаға келіп, «Астана Опера» сахнасында гастрольмен өнер көрсетті. Танымал өзбекстандық ұжым 22 қарашада көпшіліктің назарына опера және балет нөмірлері енген ауқымды гала-концерт ұсынды.

– Біздің елдерімізді ондаған жылдар бойы қалыптасқан жасампаз шығармашылық пен жақын мемлекеттік қарым-қатынастар байланыстырады. Өзбекстан мен Қазақстан халқын шынайы достық пен тату көршілік біріктіріп келеді. Театрымыздың Қазақстанға гастролінің екі елдің өзара шығармашылық байланысын нығайтуда және мәдениеттерін байытуда маңызы зор. Ұйымдастыру тұрғысынан мұндай үлкен тур – ауқымды халық­аралық жоба. Бұл арада  110 адамнан құралған шығармашылық ұжымды көрсетуіміз қажет. Дәстүрге сай, онда үздік шығармашылық күштер – халық әртістері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, еңбек сіңірген әртістер, сондай-ақ көптеген беделді халықаралық байқауларда, оның ішінде жуырда Өзбекстанда өткен «Competition dell’оpera» додасында лауреат атанған дарынды жастар жұмылдырылған. Ә.Науаи атындағы МАҮТ симфониялық оркестрі де өнер көрсетеді. Бұл еліміздің опера және балет өнерін жан-жақты әрі абыроймен таныстыруға мүмкіндік береді, – дейді Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың директоры, Өзбекстанның Халық әртісі Рамиз Усманов.

Елордалық көрермендер «Астана Опера» сахнасында ұсынылған өзбектің төл опера және балет шығармаларынан бірегей нөмірлерімен танысып, классикалық туындылардан керемет әсер алды. Ә.Науаи атындағы Үлкен театр солистері Дж.Вердидің «Дон Карлос», П.Чайковскийдің «Иоланта» операларынан нөмірлерді, Дж.Пуччинидің «Богема», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Ф.Чилеаның «Адриана Лекуврёр» операларынан ариялар мен басқа да шығармаларды зор ықыласпен тыңдады.

Өзбек композиторы, КСРО Халық әртісі М.Ашрафийдің «Кашмирида» романсы, сондай-ақ Өзбек КСР Халық әртісі, композитор С.Юдаковтың «Майсараның айласы» операсынан увертюра мен көрініс гастроль бағдарламасының сәнін келтірді.

Таңғажайып өзбекстандық өнер ұжымының гастролі кезінде  Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель» спектакльдерінен нөмірлер, Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де де көрсетілді. Көпшілікке Ж.Бизе-Р.Щедриннің «Кармен сюита» балетінен вариациялар мен адажио, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен балкондағы көрінісі ерекше қабылданғанын айтуымыз қажет. Бұл күні Ә.Науаи атындағы Үлкен театрдың симфониялық оркестрі маэстро Денис Власенконың жетекшілігімен өнер көрсетті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button