Басты ақпаратҚоғам

Астана поштасы – үздік ұжым

Қазпошта – хат-хабар тарату қызметімен бірге, уақыт талап ететін банктік, агенттік және сандық қызмет түрлерін жылдам әрі сапалы атқаратын компания. Күн сайын халықпен тығыз жұмыс істейтін әлеуметтік құрылымға 30 жыл толды. Біз елдегі ұлттық оператордың Астана қаласындағы филиалына барып, жұмысымен таныстық. 

Қазпоштаның басты ғимаратынан бізді филиал басшысы Бақытжан Маликова күтіп алып, жол бастап, жұмысымен таныстырды.

– Астана қаласы бойынша 17 облыстық және 5 мамандандырылған филиалы бар. 700-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа жалақы 276 мың теңгені құрайды, – деді ол.

Бүгінде пошта торабы заманауи талап-міндеттерді ұштас­тырып, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Мәселен, электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдап, жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдеме мен халықаралық ақша аударымын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хатты қабылдап, жеткізетін – ЕМS, жеделдетілген ақша аударымын іске асыратын «Сәлем теңге» сынды жаңа қыз­мет түрлері іске қосылды.

– Бұрын пошта филиалдарында ұзын-сонар кезек болатын болса, трансформация бағдарламасын бизнес-үдерісті оңтайландыруға, қызмет көрсету саласын жаңа технология арқылы автоматтандыруға және адам ресурсының сапалы өзгеруіне бағыттап, нәтижесінде адамдардың кезекке тұруы қысқарды. Бұған онлайн қызмет түрлерінің де іске қосылуы да әсер етті. Бүгінде электронды сауда мен логистикалық қызмет түрін дамытудың амалын жан-жақты қарастырып, инновациялық және жоғары технологиялы компанияға айналу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Яғни халыққа ақыл-кеңес беретін, сервистік қызмет көрсететін, кросс-сатылым жүргізетін бірегей орталыққа айналады, – деді Бақытжан Маликова.

«Қазпошта» АҚ-ның айтулы жаңалығының бірі – постамат. Бұл – автоматтандырылған
пош­та станциясы. Артық­шылығы 24/7 режимінде жұмыс істейді. Сәлемдеме немесе бандероль алушыға пошта бөлімшесіне барып, курьерді күту қажет емес. Себебі сәлемдеме постамат арқылы тиісті тұлғаға автоматты түрде жеткізіледі. Бұл қызмет түрін көбінесе тауарды интернет арқылы сатып алушылар пайдаланады. Компания ғаламторсыз, компьютерсіз, смартфонсыз ақша аударымын ұсынады. Яғни «Salem, Mobile» төлем қызметін қолданғысы келген адамда «Қазпоштаға» және қаржы қызметіне қосылған банк картасы болуы керек. Клиент төлемді кез келген үлгідегі ұялы телефонмен орындай алады.

– Әрине, біз үшін ең маңыздысы – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету. Қазір тұрғындар 1499 нөміріне хабарласып, жедел ақпарат алып, ұсынысы мен талап-тілегін жеткізуге мүмкіндігі бар – деді филиал басшысы.

Филиалдың сату бөлімінің басшысы Ләззат Қонақбаева тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейтін арнайы бөлімге апарды. Ондағы қыз-келіншектер таңғы 7.00-де жиналып, газетті көше-көше бойынша сұрыптап, тиісті аумағына газетті жеткізуге асығып жатыр екен. Елдің басты газеттері – «Егемен Қазақстан», «Казправда», «Ақын», «Лидер», «Түркістан» бар. Оның ішінде, өзіміздің «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» басылымы көзімізге оттай басылды.

3 жылдан бері газет пен хаттарды сұрыптауға маманданған Эльвира Ғазизованың сөзінше, түнгі уақыттан таң атқанша жұмыс қыза түседі. Сұрыптаушылар газетті сұрыптайды, сосын таратушылар тиісті мекенжайға асығады. Өйткені әрбір пошташының міндеті – баспадан келген газет-журналды уақытылы оқырманға жеткізу.

– Газет пен хаттарды сұрыптап, иесіне жеткізу – жауапты іс. Тіпті адам аманатын арқалайтын, рухани жауапкершілігі ауыр міндет деуге келеді. Күн сайын мыңдаған газетті бөліп, үй-үйге жеткізу оңай шаруа емес. Өзіңіз жақсы білесіз, Астананың ауа райы құбылмалы: бір күндері аңызақ жел болса, бірде қатты ыстық болады, кейде омбы қарға малтығып жүріп газет таратамыз. Солай бола тұра, «аманатты» тиісті адреске жеткізіп, өзіміздің ортақ чатқа суретін жіберіп, әріптестерім қызметті адал атқарып жүр, – деді бас қаланың оңтүстік-шығыс аймағына газет-журнал тарататын Шолпан Сыздықова.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button