Басты ақпарат

Сана жаңғырғанда іс ілгері басады



Астана әкімі Әсет Исекешев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елордада жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

КӘСІПКЕРЛЕР ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ БАСТАМАШЫСЫ

– Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып отырмыз. Бұл – тариxы қатпарлы, тағылымы мол күн. Ел үшін күресіп, қуғынға ұшыраған бабаларымызды құрметпен еске алатын уақыт.
«Руxани жаңғыру» бағдарламасы тариxты білуге, өткенге құрмет көрсетіп, келешекті жасау­ға, біздің басты құндылықтарымыз­ды дәріптеуге бағытталады. Сананы жаңғыртпай, экономикалық, саяси жаңғыру жемісті болмайды, – деді Астана әкімі өзінің кіріспе сөзінде.
Елорда өзінің 20 жылдық мерей­тойының қарсаңында тұрғанын еске салған қала басшысы осы уақыт аралығындағы шаһардың жетістіктері туралы айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі бағыттарды атап өтті.
– Астана жиырма жыл ішінде бүкіл әлем қызыға көз тіккен мегаполиске, әлемдік маңызды кездесулер өтетін алқалы диалог алаңына айналды. Қаламыз қарқынды дамып, өркендеудің биік белесіне қадам басты. Астана қаласының әкімдігі «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында елордада қоғамдық сананы жаңғыртуға қажетті барлық жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп отыр, – деді Әсет Исекешев.
Елбасы қоғамдық сананы жаңғыртудың бәсекеге қабі­леттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюция­лық дамуы, сананың ашықтығы сынды алты бағытын ұсынды. Астана әкімінің айтуынша, осы бағыттарды негізге ала отырып, әкімдік өзі әзірлеген «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» ішкі бағдарламаларын іске асыра бастады.
«Атамекен» бағдарламасы және оның «Әлеуметтік бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» аталатын базалық бағыттары әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына бағытталған.
Әсет Исекешев: «Астанада меценаттар клубы жұмысын бастады. Кәсіпкерлер Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың маңызын түсініп, өздері ірі жобалардың бастамашысы болып отыр» дей келе, жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандар туралы айтты.
Қазір қалада 8 млрд теңгенің жалпы сомасына 8 спорттық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі пайдалануға берілуге таяу. Бұған қоса, 4 млрд теңгенің 5 медициналық орталығы салынуда. Бұлардың сыртында тағы салынатын көптеген нысандар бар. Осы орайда қала басшысы қаланың дамуына үлесін қосып отырған «Цесна Банк», «BI Group», «Верный капитал», «Қазақмыс», басқа да компания­ларға алғысын жеткізді.
– Қазіргі таңда жеке инвес­торлармен бірге елордада 9 балабақша салып жатырмыз. Бұл нысандардың жалпы құны 5 миллиардтан асады. Биыл пайдалануға берілетін 3 балабақша құрылысын «Қазатомпром», «Самұрық-Энерго», «KEGOС» компаниялары жүзеге асырып жатыр. Жалпы, кейінгі уақытта жеке инвесторлар мектепалды білімнің дамуына белсенді қатысуда. Соның нәтижесінде жекеменшік балабақшалар саны 2,5 есеге артты. Қазір қалада 188 осындай балабақша бар. Бұл мемлекеттік балабақшалардың санынан екі еседей көп. Осының арқасында мектепалды жасындағы балалардың 80 пайызға жуығы балабақшамен қамтылды, – деді Астана әкімі.
2011 жылы елордада 75 мыңға жуық оқушы болды. Бүгіндері олардың саны екі есе артып, 143 мың оқушыға жетті. Осыны атап өткен қала басшысы Елбасының тапсырмасымен арнайы бағдарлама әзірленгенін, соған сәйкес жақын үш жылда 27 мектеп пен 10 қосымша ғимарат салынатынын жеткізді. Астана жан басына шаққанда қаржыландыру бойынша алғашқы қала болды. Бұл жағдай жеке инвестициялар есебінен мектептерді де салуға мүмкіндік берді. Қазір қалада 11 жекеменшік мектеп бар. Жуық арада тағы осындай бірнеше мектеп салынбақ. Инвесторлар Таяу Шығыс пен Сингапурдан келеді.

ДАРЫНДЫ ТҮЛЕКТЕРГЕ СТИПЕНДИЯ БӨЛІНЕДІ

Астана әкімі жаңа заманға лайық білім беру мақсатында қолға алынған шараларға да тоқталды. «Мектептерді робототехника кабинеттерімен жабдықтап жатырмыз. Бүгінге дейін 47 мектепке тиісті қондырғылар орнатылды. Жыл аяғына дейін қалған барлық мектептер 100 пайыз осындай кабинеттермен қамтылады. Бірқатар мектеп 3D-принтерлері мен инженерлік қондырғылары бар STEM лабораториялармен жабдықталды. Жыл сайын мектептерде 100 ІТ-маманды халықаралық деңгейде дайындауға арналған америкалық CISCO желілік академиясы іске қосылды. Тиісті талдаулар – ақпараттық технологиялар жаңа экономиканың қозғаушы күші болып отырғанын көрсетіп отыр. Сондықтан бұл салаға жете назар аударып отырмыз» деді Ә.Исекешев.
Осы бағытта өткен оқу жылында №27 орта мектепте «Бастауыш білімде бағдарламалау негіздері» аталатын бірінші сынып оқушыларына арналған қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Қала басшысының сөзінше, бұл пән мектептерде 7-сыныптан бастап енгізіледі. Бірақ бірінші сыныптан енгізгенде нәтижесі жақсы көрінген екен. Балаларға да, ата-аналарға да бұл ұнапты. Соның аясында оқушылар бірқатар ақпараттық жобаларды іске асырып, танымдық компьютерлік ойындар мен қазақ тіліндегі мультфильмдерді түсірді. Енді биылғы күзде, 2018-2019 оқу жылында аталмыш жобаны қаланың 15-тен кем емес мектебіне енгізу жоспарланып отыр.
Астана әкімі жастарға арналған Astana Innovations Challenge инновациялық стартап-жобасы жайынан да хабар берді. Осы күнге дейін оның аясында 7 іс-шара өткізілді. Кез келген жас немесе мекеме мұның шеңберінде инновациялық жобасын көрсетіп, грант ұта алады. Жыл сайын әлеуметтік осал топқа жататын балаларға да гранттар бөлінуде. 2017-2018 оқу жылында қала әкімінің гранттарымен 96 студент оқыды. Жалпы, 2008 жылдан бері 300-ге жуық мектеп түлегі әкімнің грантын иеленді.
– Биыл Астананың меценаттар клубы негізінде «Астана дарыны» атты білім қорын құрамыз. Бұған бюджеттен тыс қаржы тартылады. Бұл қор арқылы мектептердің дарынды түлектерін қолдап, Қазақстанның және шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға стипендия бөлеміз, – деді Астана әкімі.

ҚАЗАҚ ТІЛДІ МАМАНДАРҒА СҰРАНЫС АРТА БЕРЕДІ

Қала басшысы халықты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған шараларға тоқталып, Елбасы ұсынған «Төртінші өнеркәсіптік революцияның» артықшылықтарын сөз етті.
– 2050 жылға қарай халқымыздың 70 пайызы қалаларда тұрады деп күтілуде. Сонымен қатар, жылдан-жылға қазақ тілді мамандарға сұраныс арта береді. Оны қазір де байқауға болады. Сондықтан біз бүгіннің өзінде оқыту процесінің 65 пайызына дейін қазақ тілінде жүргізуді және жаңа мамандықтарға оқытуды қолға алып отырмыз. Олардың ішінде техникалық қызметтер және медициналық техникаларды жөндеу, медициналық оптика, фармацевтика, су кәріздері бойынша смета жасау­шы, BIM менеджер-жобалаушы сияқты мамандықтар бар, – деді Ә.Исекешев.

ПАРАОЛИМПИЯЛЫҚ ЖАТТЫҒУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Бүгінгі таңда 288 мың қала тұрғыны спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұдан көп адамды салауатты өмір салтына тарту міндетін қойғандарын айтқан Ә.Исекешев бұл бағыттағы жұмыстармен де таныстырды. 27 мамыр күні 5 саябақта апталық жексенбілік жаттығулар басталғанын, бұл жаттығуларды кәсіби бапкерлер таңертең және кешке өткізетінін атап өтті. Жалпы, былтыр елордада 600-ден астам спорттық-бұқаралық шара өткен екен. Қалада, әсіресе, триатлон спорты жақсы дамуда. Мәселен, маусым айында Астанада «Ironman» триатлонынан жарыс өтеді. Бұл ТМД көлеміндегі алғашқы осындай сайыс болмақ. Оған 35-тен аса мемлекеттен 3 мыңға жуық адам қатыспақ. Жалпы, биыл елордада салынған триатлон паркі әрі қарай дамытылып, триатлон академиясы салынады.
– «Туған жер» жобасын жүзеге асыру аясында Астанада бір айдан кейін өзінің сипаттамасы бойынша ТМД-дағы тұңғыш халықаралық деңгейдегі Параолимпиялық жаттығу орталығы есігін айқара ашады. Меценат, белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев бұл нысанға 1,7 млрд теңге құйды. Мұнда мүмкіндігі шек­теу­лі адамдар жаттығатын болады, – деді Ә.Исекешев.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше басымдық беріліп отырғанын айтқан қала басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғалы аталмыш спорт түрлері бойынша спорттық іс-шаралар саны шамамен 4,5 есеге артқанын, 2016 жылы 39 іс-шара өтсе, өткен жылы 175 шара ұйымдастырылғанын атап өтті.

«БОЗОҚТЫҢ» БОЛАШАҒЫ БАР

Әкімдіктің «Рухани қазына» ішкі бағдарламасына тоқталған Ә.Исекешев бұл бағдарлама аясында Қазақстан xалқының мәдени мұраларын насиxаттау­ға, жаңғыртуға, патриотизм сезімін қалыптастыруға, Отанды сүюге үндейтін 17 жоба іске асырылғанын айтты.
– Сарапшылармен бірлесіп, 44 аса маңызды тарихи жәдігерді қайта қалпына келтірген арнайы жобаны жүзеге асырдық. Ол жәдігерлердің ішінде Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары және «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінің экспонаттары бар. Аталған бағыттағы жұмыс ұлттық бірегейлікті қайта қалпына келтіруге өз үлесін қосады, – деді Астана әкімі.
Елбасының «Еуразия жүрегінде» кітабындағы «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деген жолдарды еске түсірген қала басшысы Астананың қасиетті нысандары тізімінен ойып тұрып орын алған бұл қалашыққа қатысты Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп «Бозоқ» тарихи-мәдени қорығын құру бойынша тиісті жоба қолға алынғанын айтты.
– Қорықты құру жұмысы 2021-2022 жылдары аяқталуы тиіс. Бұдан соң Бозоқ халық­аралық деңгейдегі мәдени-туристік және ғылыми-зерттеу орталығына айналып, далалық Еуразияның археологиялық-этнографиялық көне мұраларын зерттейтін ғылыми-әдістемелік базасы болады. Осы жылы Бозоқ қалашығы мен археология­лық олжалардың 3D моделін құру жобасын жүзеге асыруды бастамақпыз, – деді Ә.Исекешев.

2 МЫҢ АДАМ ДОМБЫРА МЕРЕКЕСІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Биыл «Рухани жаңғыру» және Астананың 20 жылдығы аясында бірқатар креативті жобалар жүзеге асады. Соның ішінде мәдени-тарихи мұраны дәріптеу мақсатында 20-дан астам байқау ұйымдастырылады. Соның бірі «Астананың бастауларында» атауын алып, оған қатысушылар елорданың қасиетті нысандарын аралайды.
– Ұлттық кодты сақтау – жаң­ғырудың негізгі факторы. Осы ретте биыл 1 мамырда елордамызда «Ұлы дала үні» домбыра флешмобы өткізілді. Аталған шараға 500 домбырашы қатыс­ты. Бұл халық арасында үлкен қызығушылық тудырды. Осыны ескере отырып, қала күні қарсаңында біз 2 мың адамның қатысуымен домбыра мерекесін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы.
Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын «Көшпенділер әлемі» этнофестивалінің негізгі серіктестерінің бірі осы жылы Астана әкімдігі болмақ. Бұл фестиваль қазақ халқы мен барлық түркі әлемінің тарихи және мәдени құндылықтарын насихаттауға арналған.
Биыл ЭКСПО көрмесі аумағындағы Nomad City Hall (Энергия холы) ғимаратында жаңа «Назар аудар» сатира және әзіл театры ашылып, оның көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов болады. Қазақ драма театрының жаңа ғимараты бойынша қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігімен біріккен жұмыс­тар жүргізілуде.
– Қасиетті орындарды сақтау мақсатында бірқатар тарихи және мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Олар – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Бәйтерек» монументі, орыс академиялық драма театрының ғимараты, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені. Өткен жылы бұл нысандарды аралаған қонақтардың саны 600 мыңнан асты. Соның арқасында олар Қазақстанның тарихымен, тәуелсіз еліміздің даму кезеңдерімен танысып шықты, – деді Астана әкімі.
«Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасына тоқталған Ә.Исекешев оның аясында 12 іс-шара өткенін айтты. Соның ішінде «Astana Bilim Land» жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Балаларға арналған «Ел жүрегі – әсем Астана», «Астананың киелі орындары» кітаптары шығарылды. Бұл еңбектер арқылы қала тарихымен танысуға болады.
«Ақпарат толқыны» ішкі бағ­дар­ламасы зиялы қауыммен, журналистермен жұмысқа бағытталғанын айтқан қала басшысы соның нәтижесінде өткен жылдан бері 30-дан аса түрлі еңбек жарық көргенін жеткізді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button