Басты ақпарат

Жаһандық даму көшінен қалмау керек

Кеше Қазақстан Президентінің төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Саяси кеңестің отырысында партияны жүйелі жаңғырту және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасау ісін ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Пікір алмасу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жастарды кәсіби дайындау және бейімдеу, сондай-ақ «Бес әлеуметтік бастаманы» орындаудың детальдары мен механизмдеріне және оның іске асырылуына қоғамдық бақылау жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Басқосудың күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты баяндамаларды тыңдаған Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың орындалуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстан Президенті әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын және партияның цифрландыру саласындағы жобаларын орындаудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумының қорытындысы бойынша шығарылған шешімдер жөнінде кеңінен әңгімеледі.
– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапалы болуы талап етіледі. Бұл – мемлекеттік қызметті жетілдіру деген сөз. Біз мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және меритократия қағидатын ілгерілету мәселелерін шештік. Бұл қадамның орындалуын партия қадағалауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті елді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
– Инвестициялар заң үстемдігі қамтамасыз етілген, келісімшарттары сақталатын, білімді мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейтін елге ғана келеді. Ал қазіргі жағдайдағы бәсекеге қабілеттілік – цифрландыруды дамыту, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифрландырудың тиімді екенін айтты.
Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіп кешенін дамыту, өнімділіктің өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы экспортын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Жиын соңында Қазақстан Президенті жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығы жөнінде айтты.
Кеңейтілген отырыс барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорданың әлеу­меттік инфрақұрылымының дамуы, жаңа жұмыс орындарын ашу, халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін цифрландыру жайлы жоспарын таныстырды. «Жоспарлардың барлығы орындалып жатса, меніңше, бұл басқалар үшін де үлгі болады. Сені бүкіл Қазақстан тыңдады. Менің ойымша, барлығы сенен үлгі алатын болады» деді Нұрсұлтан Назарбаев елорда әкіміне.

 

ЕЛГЕ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қазақстандықтарға үндеу жолдады. Президент өз сөзінде ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керектігін атап айтты.

«1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл ша­руа­шылығын жедел ұжымдастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті. Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көргеніне тоқталды. «Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды. Мұның бәрі – «коммунизмнің жарқын болашағы» атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тәжірибенің салдары. Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады. Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері – қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі халықтардың шынайы ризашылық көңілінің көрінісі» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button