Басты ақпаратМәселе

Сандық ғаламтор сан соқтырмасын



Жасы ұлғайған қариялардың ұмытшақ болып, ақыл-есінің кінәраты болса «шаршапты, алжыды» деп жатамыз. Кейбірінің науқасы дендесе,  медициналық тілмен айтқанда, «деменция» дейді. Бұл сөзі латын тілінен шыққан de (төмен) және mens (ақыл) сөздерін білдіреді. Оның сөзбе-сөз мағынасы – психикалық ауытқушылық, құлдырау мидың жүре пайда болған органикалық зақымдануынан туындайтын өзгеріс. Негізінен, 65 жастан асқан адамдардың арасында пайда болады.

Тәуелділік туып жүрмесін 

Цифрлық технологияларды белсенді қолдануымыздың ақыры, виртуалды кеңістікке көзсіз енудің соңы мидың дамуындағы елеулі қауіпті өзгерістерге алып келіп, оны ғалымдар «цифрлық деменция» деп атады. Бұл – мидың когнитивтік функцияларының бұзылуын және оның жеке бөліктерінің зақымдануын білдіретін диагноз. Бұл жерде ақыл-ой қабілеті төмендейді, ақырында жүйкесі жұқарғандықтан, жасушалар өледі. Сандық деменция гаджеттерді мөлшерден тыс қолданудың кесірінен он мен отыз жас аралығындағы адамдарда кездесетін болыпты. Алғаш рет мұндай диагноз Оңтүстік Кореяда 2007 жылы мектеп оқушыларына қойылды, сол кезде олардың миында болған өзгерістер кәрілік деменцияның барлық белгісін анықтады. Дереу дабыл соққан корейлік дәрігерлер заманның дертіне «цифрлық деменция» деген анықтама берді. Сеулдегі миды дамыту орталығының докторы Б.Джи-уонның айтуынша, жаңа цифрлық технологияларға тәуелділік мидың қалыпты дамуына кедергі келтіреді, өйткені атипикалық процестер жүреді: негізінен, сол жақ жарты шар дамиды, ал оң жарты шар әлсіз дамып, немесе дамымаған күйінде қалады. Оның ақыры 15 пайыз жағдайда цифрлық деменцияға әкелетінін айтты.

Расында да барлығымыз «сызды жерді» басып жүр екенбіз. Аңғарып қараңыз, шамадан тыс ақпараттық жүйемен жұмыс істейміз. Екі қолымыз пернетақтада, ойымыз басқада, бір көзіміз смартфонда болса, бір көзіміз компьютер экранында. Бір ақпараттан екіншісіне жылдам ойысып, арасында әлеуметтік желілерді бір шарлап, қаптаған чаттарда жауап бересіз, ол аздай миға салмақ салып теледидардан сериал көресіз. Содан ми шаршамағанда не істейді? Әбден сілкілеп жастыққа бас қойғанда күндіз не істеп, кімге не дегенімізді, тіпті чаттарға жазғанымызды да ұмытып отырамыз.

Тіпті ең қымбат, соңғы үлгідегі жоғары дәлдіктегі компьютердің өзі бірнеше бағдармаламаны бір мезетте қатар қосқанда, жүрісінен жаңылып, тұралап қалады ғой. Миымыз да күн сайын ақпарат ағынының астында қалып, оны қорытуға үлгермей жатады. Егер түнде тыныш ұйықтауға және демалуға уақыт жеткіліксіз болса, онда жүйке, жүрегіміз сыр беріп қалады. Адам баласы көп уақытын ұйқымен өткізетіні рас, осы кезде ми тынығып, күні бойғы ақпаратты игереді және өңдейді, оны белгілі бір тәжірибеге, білімге айналдырады. Мидың негізгі жұмысына кірісуге мұрша беріп жатырмыз ба?! Қазіргі адамның миы жиі әлсірей бастайтыны таңқаларлық емес. Не істеу керек? Аурудың алдын алуға қандай амал бар және бұл ауруды қалай емдеуге болады?

Сандық деменцияны емдеудің қарапайым әдістері таныс ақпарат көздерінен уақытша оқшаулануды қамтиды. Айына бірнеше мәрте 48 сағат бойына смартфоннан, теледидардан және компьютерден бас тарту керек. Демалыс күндері жұмыстан тек қолды емес, басты да босатыңыз. Үйреншікті  байланыс құралдарын үйде қалдырып табиғат аясына кетіңіз, далаға барыңыз. Өзіңізді бір күннің дүрбелеңінен азат етіп, шамадан тыс ақпарат ағынынан оқшаулаңыз. Шамадан тыс жүктемені жою ми-ойлау жүйесін  қалыпқа келтірудің алғашқы қадамы болады.

Смартфонды алып, оны сұр реңк режиміне қайтарыңыз, бұл смартфонға тәуелділікті жоюға көмектеседі және тыныштандыратын әсерге ие. Демалыс дегенде спорт түрінен ада жай жатыс болғаны жөн. Қаланың сыртына шығып, кешкісін от жағып, соның жалынына қарап отырып та жүйкені тыныштандыруға болады. Есіңізде болсын, әдеттегі ақпарат көздерінен толық бас тарту керек. Өкінішке қарай, «Мен тек хаттарға жауап беремін» немесе бір тексеріп қояйын дегендей тірлік дертке көмектеспейді.

Шырмалған желі – ол да бір кесел

Бұл – мәселенің бір жағы. Соңғы елу жылдықта жаһандану өрмегіне шырмалғанымыз соншама цифрлық өмірмен нақты өмірдің аражігін ажырата алмай қалдық. «Интернет-сёрфинг» деген әдет шықты. Ол дегеніміз – түрлі веб-сайт, әлеуметтік желіде көзімізді кідіртпестен шарлап, ғаламтордың өрмегіне шырмала береміз. Көз майыңды сарқып мақсатсыз сапыр­ған ақпараттардан аларыңыз аз.

2000-жылдар әлемді виртуалды қайраңға көбірек батырды. Бұл әлеу­меттік желілер мен гаджеттердің белсенді дамуы бүгінгі күнге дейін жалғасып, шектен шығып барады. Егер бұрындары телефонға үңілген адам көзге оғаш көрінсе, бүгінде смартфоннан бас алмайтынның бірі өзімізбіз. Осылайша «гаджеттік тәуелділер» қатарын толтырғанды білмей қалыппыз. Тіпті, біз сияқтыларға арнайы термин ашыпты. «Гаджеттік тәуелділік» – ол адамның мобильді құрылғыларға тәуелділігі. Одан арылу қиын, ал ең өкініштісі, гаджеттерге тәуелділердің арасында еңбектеген баладан бастап, жетпісті еңсерген қариялар да бар.

Әсіресе, оқушы жастардың да қолдары телефонға жабысып қалған. Телефонын тартып алсаң бас қысып, мазасы кетеді. Екі қолы кесілгендей әрекетсіз қалады. Оның да ғылыми атауы бар. Номофобия, яғни телефонын бір жерде қалдырып кетуден қорқу деген сөздің басқа әріптерінен құралған. «No mobile phone phobia». Ал енді білім беру үдерісін цифр­ландыру оқушылардың миына қарсы шабуылмен теңестіруге болмай ма? Бұл оқушылардың ойлау қабілеттеріне, әр нәрсені бағалай алатын талғамының, ақпарат ағынындағы бағдарының төмендеуіне әсер етеді. Мұның бәрі іс жүзінде балада «клиптік ойлау» деп аталатын нәрсенің шоғырлануына әкеледі. Олар қысқа телехабарлар, бейнеклиптер, әртүрлі жарқын бейнелер. Үздік-үздік бейнелерді қабылдау арқылы қоршаған әлемді қабылдаудың ерекшелігінен ажырайды. Сонымен бірге қоршаған дүние біртұтас ретінде қабылданбайды ешқандай логикалық байланыссыз бірін-бірі алмастыратын оқиғалардың шағын блоктары түрінде ғана қабылданады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы балалар аз оқиды және оқығанын жақсы есіне түсірмейді, оқығандарының мағынасын түсінбейді және жақында үйреткендерін өте тез ұмытады. Оған да тікелей әсер еткен – цифрлы әлем.

Сырт көзбен қарғанда жай ғана телефонға үңілу болса да, баланың миында қандай процестердің жүруіне әсер етіп жатыр деген сұрақты анықтап алайық.

Мәселен, қазіргі заманғы білім беру кеңістігін цифрландырудың анықталған салдарының бірі балалардағы жүйелік және аналитикалық ойлауды жою болып табылады: ми болашақ бейнесін құру және сәйкесінше алдына мақсат қою қабілетін жоғалтады. Қашықтықтан білім беру форматын дәстүрлі форматпен біріктіріп, сонымен қатар екіншісін біріншіге ауыстырған жағдайда студенттердің сапалы ойлау процесін жүзеге асыруға кететін уақыт ұдайы қысқарады. Оқшаулану процесінде адамдармен шынайы қарым-қатынастың орнына әртүрлі гаджеттерге артықшылық бере отырып, адам өзін-өзі өлтіруге бейімділік пен депрессия көріністерінің дамуымен сипатталатын «цифрлық аутизм» індетін бастан кешіріп, әлеуметтік байланыстарды сезінбестен бұзады. Агрессия, әлеуметтік қырағылық және ішкі шиеленіс, конформизмге бейімділік осыдан шығады. Олар өз қатарларымен, айналасындағы адамдармен араласа алмайды, қалыпты қарым-қатынас орната алмайды. Өзгенің қуныш-ренішіне бейжай қарап, басқа адамның ішкі әлеміне қызығушылықты жоғалтады.

Интернеттегі ақпараттарға қарап отырсақ, соңғы жылдары ғалымдар ми ісігі, лейкоз, жүрек-қан тамырлары аурулары, когнитивті дисфункциялар, психоздар, қант диабеті қаупін арттыратын электромагниттік сәулелену қаупі туралы ескертеді. Цифрлық тәуел­ділік адамның иммундық және репродуктивті жүйенің бұзылуына, қалқанша безінің аурулары, бүйрек үсті бездері, эпифиз, жүрек-тамыр жүйесі, гормоналды бұзылулар, астма, созылмалы депрессия, жүйке жүйесінің ауруларына жеткізеді. Сұмдық. Ал бізде цифрланбаған нәрсе қалды ма?!

Дамыған елдерде гаджетке тәуелділіктен емдейтін клиникалар ашыла бастапты. Алғашқы пациенттері – мектеп оқушылары. Біздің дәрігерлердің Бұдан хабары бар ма екен?!


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button