#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Реформатор – Президент таңдаған жол

2019 жылғы 9 маусымдағы Президент сайлауынан кейін Қазақстан өзінің даму жолындағы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Осы сайлау еліміздегі билік транзитінің үдерісіне нүкте қойды. Сол сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. Мемлекет басшысы сайлау алдындағы науқанда өзінің алдағы саяси бағдарын нақтылап, мемлекетті басқару мен экономиканы дамыту салаларындағы жүйелі реформаларын жариялады. Арада өткен 4 жылда Қазақстан ескі жүйе мен жаңа бағыттың бір-бірімен тартысуымен байланысты біршама ағыны қатты кезеңді бастан кешірді. Осы тұста реформатор-президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, бүгінге дейін іске асырған қоғамдағы өзгерістерге талдау жасайық.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру – демократияға қадам

Ең алдымен, Мемлекет басшысы сол кезеңде бейберекетшілдік жайлаған мемлекеттің ішкі саясатын сауықтыру, дұрыс жолға бағыттау мақсаты тұрғанын жақсы түсінді. Билік пен бұқараның, қаржылық-өнеркәсіптік топтардың қарым-қатынасын сапалы деңгейге көтеру үшін реформалар пакетін қабылдауды ұйғарды. Өйткені төрт жыл бұрын билік пен халықтың арасындағы байланыстың жоқтығы, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтың асқынуы әбден шегіне жеткен еді.

Президент қызметіне кіріскен алғашқы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлық шығарды. Осылайша, бірінші шешімімен-ақ өз саясатының өзегі билік пен бұқараның диалогын дамыту екенін көрсетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізіп, биліктен көңілі қала бастаған қараша мен үкіметтің арасына жаңа көпір орнатты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы қоғамның әртүрлі топтарын не алаңдатып, не шошытып отырғанын қоғамдық пікірдің көшбасшылары арқылы естіп-білді. 2020 жылы бұқаралық акциялар хабарлама сипатына ауысып, өзінің ой-пікірін ашық білдіремін деген адамдарға белгілі бір алаңдарда сөз сөйлеуге рұқсат етілді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз – шынайы демократиялық қоғамға қадам жасау. Бір жағынан кез келген адам өзінің ұстанымын ашық, еркін білдіріп, билік бұтақтарын сынай алады. Екінші жағынан, сөз бостандығы мен пікір алуандығы салтанат құратын елге айналамыз. Мұндай қоғамда биліктің тарапынан қуғындауға ұшырамайтынын толық сезінетін БАҚ өкілдері де алаңсыз жұмыс істейді. Президент болып сайланғаннан кейін Ақордадағы баспасөз жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің баспасөзге әрқашан ашық екенін айтқан. Сол сөзін толық дәлелдеді. «Меніңше, әлеуметтік желілер қылмыстық мақсатта пайдаланылмауы керек. Әсіресе, адамдарды бір-бірімен қақтығысуға үгіттемеуі керек» деген ойының маңызын әрқайсымыз дұрыс түсінуге тиіспіз. Демек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың феномені – сөз еркіндігі мен пікір алуандығы тірегі болып табылатын, ұлттық мүдденің төңірегіне топтасқан халқы бар күш-қуаты зор мемлекет құру.

Конституциялық реформа – әділеттілік жолын таңдау

Одан кейін, еліміздегі мемлекеттік басқару саласының институттары мен бұтақтарын жетілдіру реформалары іске асырылды. 2022 жылы 5 мамырда Мемлекет басшысы Конституцияға түзетулер енгізуге арналған Жарлыққа қол қойды. Бұл саяси маңызы аса зор шешім болды. Бұл референдумның ерекшелігі сол, Президент өзінің өкілеттіктерін кеңейтуге емес, басқа институттарға бөліп беруді көздейтін конституциялық реформаға бастамашы болды. Мысалы, Президенттің өкілеттігі 7 жылға қысқартылды, ол бір-ақ рет сайлана алады. Сөйтіп, қазақстандықтардың 78 пайызға жуығы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдады. Мұның өзі қоғамның Президенттің төңірегіне топтасудың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.

Ескі жүйеде Президент басшылық етіп келген билік партиясының гегемониясы сақталғанын білеміз. Осы орайда, саяси партиялардың шынайы бәсекелестікке түсуі үшін әділетті талаптар енгізу маңызды, қажетті қадам болды. Президент өзінің өкілеттігін пайдалану кезеңінде ешқандай саяси партияға мүшелікке өтпейді. Бұдан бөлек, Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымды саяси қызметке, квазимемлекеттік сектордағы лауазымды орынға тағайындала алмайды деген норма енгізілді. Осы өзгерістермен қатар Тұңғыш Президенттің өкілеттіктері мен мәртебесіне қатысты барлық нормалар Конституциядан сызылды. Бұдан былай, Президент облыс әкімін өзі тағайындай салмай, осы орынға лайықты деген бірнеше адамды ұсынады, соның ішінен әкімді облыстық мәслихат депутаттары таңдайды. Сондай-ақ Президент Сенаттың 50 депутатының 10-ын ғана өзі тағайындайды, соның ішіндегі 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады.

Қазақстанның жаңа демократиялық саяси модельге көшкенінің бір дәлелі – Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы (бұл норма ешқашан түзетілмейді, оны қайта қарауға болмайды) емес, Конституциялық соттың судьяларының өкілеттігі Президент пен Парламенттің өкілеттігінен ұзақ болатыны. Мәжілістің өкілеттігін күшейтуге жасалған қадамның бірі, сенаторлар төменгі палата қабылдаған заң жобаларын мақұлдауға я болмаса мақұлдамауға құқығы бар. Алайда жоғарғы палата сот жүйесіне бақылау жасауды құзыретіне алды. Бұдан былай, Жоғары Сот Кеңесінің құрамын бекіту, Жоғары Сот пен Конс­титуциялық Соттың төрағаларын сайлау Сенаттың қызметіне жатады. «Сот жүйесі және соттардың мәртебесі туралы» заңға сәйкес, сот төрағаларын сайлау жүйесін енгізу көзделуде. Сот жүйесіндегі өзгерістердің ішіндегі ең елеулісі – Қазақстан өлім жазасынан түпкілікті бас тартты. Бұрынғы Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгерді. Палатаның төрағасы жыл сайын екі рет Мәжіліске келіп, есеп береді.

Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеттігі күшейді. 19 наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланды. Облыс мәслихаттарын қалыптастыруда 50/50 жүйесі енгізілді, ал аудандық және қалалық деңгейде толықтай мажоритарлық жүйе қолданылады. Сайлаушылар өзін-өзі ұсынып, депутат болғандардың қызметіне көңілі толмаса, мандатын қайтарып алады. Жергілікті жерлердегі лауазымды тұлғалардың сайлауға ықпалын жою үшін, заңнамаға түзетулер енгізілгенін білеміз. Бұл жолғы сайлаудың негізгі 10 ерекшелігін атап көрсетейік: 1. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланды (98 депутаттың 29-ы); 2. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік туды; 3. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды; 4. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді; 5. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталды; 6. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды; 7. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған сайлау бюллетеньдеріне енгізілді; 8. Сайлауға 7 саяси партия қатысты. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді; 9. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары кәсіби түрде жұмыс істеді; 10. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс берді (рес­публикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).

Саяси-әкімшілік реформаның тағы бір нәтижесі, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгерді. Жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Семей қаласы – Абай облысының, Талдықорған қаласы – Жетісу облысының, Жезқазған қаласы – Ұлытау облысының орталығы болып бекітілді. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті. Президенттің бастамасымен іске асырылған саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне жағымды жағынан әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен бұқараның диалогын одан әрі нығайтуға күш-жігерін салды. Соның арқасында азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне жұмылдыруға жол ашылды. Бұған дәлел, Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың жиыны. Ендігі басқосу түркі әлемінің рухани және мәдени бесігі – Түркістанда өтеді.

Президент қандай қағидаттарға арқа сүйейді?

Ең бастысы, Президент басты мақсатына жету, яғни халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында өзі бұған дейін ұсынған негізгі қағидаттарға арқа сүйейді. Бұл қағидаттар – заң үстемдігі, ел бірлігі, әлеуметтік жауапкершілік және ішкі саяси тұрақтылық. Іс жүзінде осы қағидаттардың қалай жұмыс істеп тұрғанына мысалдар келтірейік. Өткен жылы Президенттің пәрменімен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға, көлеңкедегі экономикамен аяусыз күреске айрықша көңіл бөлініп, күш жұмылдырылды. Тұтастай алғанда, мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келген.

Экономиканы демонополизациялау үрдісі қарқынды жүргізіліп жатыр.  Қайтарылған активтер еліміздің әр саласына жіберіледі. Мысалы, 100 млрд теңгенің салығы қайтарылса, ол салық органдарының өз шотына түседі. Мемлекет қайтарылған жерді, әр аймақтың, әр ауылдың өзіне қайтарады. Сондай-ақ қайтқан қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының аясында материалдық көмекке аса мұқтаж азаматтарға ең алдымен, жәрдем беріледі. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жыл сайын өз таза табысының кем дегенде 7 пайызын аталған қордың шотына аударады. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қордан – балаларға» атты жоба іске қосылады. Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі. Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы 18 жасқа толмаған жас қазақстандықтардың барлығының арнайы шоттарына аударылып отырады. Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды.

Реформатор-президент өзінің саяси бағдарында әлеуметтік мәселелерге айрықша көңіл бөлетінін айғақтайтын мысалдар жетерлік. Мәселен, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында әртүрлі тәсілдер, құралдар қолданылып жүр. Соның бірі – зейнетақының ақшасын баспана сатып алуға және ем-дом алуға жұмсау. Бүгінге дейін 1,7 млн отандасымыз осы мүмкіндікті пайдаланып, әлеуметтік мәселелерін шешіпті. Ресми мәліметке үңілсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 1 маусымына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өтініш білдірген 1 323 432 салымшысының өтінішін қанағаттандырған. Қазақстандықтардың банктердегі шотына 3,1 трлн-нан аса теңге аударылыпты. Бұған қоса, несие алып, қайтара алмаған азаматтарға көмектесетін банкроттық туралы заң қабылданды.

P.S:Кешегі індет дүрбелеңі, қаңтар қасіреті сияқты оқыс оқиғалар біздің Тәуелсіздігімізге, елдігімізге үлкен сынақ болғаны анық. Алайда бұл сынақтар қоғамды демократияландыру мен либералдандыруға қарай жетеледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қарқынды және жан-жақты жетілу, даму үдерісі басталды. Конституциялық референдум мен президенттік сайлаудың нәтижесі қарапайым халықтың реформатор-президенттің стратегиялық бағытын толық қолдайтынын көрсетті. Ендігі мақсат-мұратымыз бір, ол – қоғамның бірлігін, елдің тұтастығын сақтай отырып, Президент белгілеп берген реформалар жоспарын толық көлемде іске асыру. Мемлекет басшысының өзі айтқандай, «саяси реформалар жалғасады, саяси жүйе одан әрі жаңғыртыла береді».

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button