Басты ақпаратДенсаулық

Ұлт саулығының сақшылары

Ертең – Медицина қызметкерлерінің күні. Бүгінгі таңда елорда­дағы мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 12056 медицина қызметкері халыққа медициналық қыз­мет көрсетіп, ұлт саулығы жолында аянбай тер төгуде. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбегі ерекше еленеді.

Елорданың денсаулық сақтау саласындағы медицина мамандарының  3 414-і – дәрігерлер, орта медицина қызметкерлері – 6 364 және кіші медицина қыз­меткерлері – 2 126 адам. Биыл осы медицина қызметкерлерінің ішінен қажырлы еңбегімен көзге түсіп, саланың дамуына зор үлес қосқан 100-ден астам ақ халаттылар түрлі мемлекеттік органдардан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болады. Атап айтқанда, Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 48 медицина қызметкерін Құрмет грамотасымен марапаттаса, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың атынан 40 сала қызметкеріне және елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан 20 маманға Алғыс хаттар беріледі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да марапаттар болады.

– Елорданың денсаулық сақтау саласы – күрделі, жауапкершілігі орасан зор сала. Астанада жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, қолданыс­тағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме де тым көп. Десе де 25 жыл ішінде жеткен жетістіктер де аз емес. Елорда тұрғындарының саны 25 жылда 4,5 есе, яғни 300 мыңнан 1 млн 367 мың адамға дейін өсті. Сондай-ақ туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 11,7 жылға артты. Қазірдің өзінде республика бойынша ең жоғары көрсеткіш Астана қаласының еншісінде, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Қаладағы медициналық ұйымдардың саны ширек ғасырда 8,3 есе, яғни 38-ден 314-ке дейін артты. Осы аралықта туберкулезден болатын өлім-жітімнің 13,1 есе төмендеуі, яғни 100 мың адамға азаюы, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің 3 есе төмендеуі, яғни 100 мың адамға кемуі, 1000 тұрғынға шаққандағы жалпы өлім-жітімнің 2,5 есе төмендеуі денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасының жоғарылағанын көрсетті.

Елорданың денсау­лық сақтау саласы – күрделі, жауапкершілігі орасан зор сала. Астанада жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, қолданыс­тағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме де тым көп. Десе де 25 жыл ішінде жеткен жетістіктер де аз емес. Елорда тұрғындарының саны 25 жылда 4,5 есе, яғни 300 мыңнан 1 млн 367 мың адамға дейін өсті. Сондай-ақ туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 11,7 жылға артты

– Тек соңғы жылда емделген науқастардың саны 136 мыңнан асты, ал жүргізілген оталар саны 60 мыңнан көп. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүргізетін табысты реанимация көрсеткіші соңғы 2 жылда 55%-дан 75%-ға дейін өсті. Елордада материалдық-техникалық жарақтандыру 95%-ды құрайды. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек беру – басты міндет. Бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жалғасады, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда елорданың денсаулық сақтау саласында 33 ведомстволық бағынысты ұйым бар, оның ішінде 16-сы – БМСК, яғни бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдары. Бұл ұйымдар елорда халқының 73 пайызына қызмет көрсетеді. Қалған 27 пайыз халыққа МӘМС және ТМККК шеңберінде медициналық қызмет көрсететін 27 жеке ұйым бар. Сонымен қатар 4363 төсектік 11 стационар, жедел жәрдем стансасы және 5 басқа ұйым – Жоғары медициналық колледж, Арнайы медициналық жабдықтау базасы, мамандандырылған балалар үйі, патологиялық-анатомиялық бюро, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ қалада 2153 төсектік 7 республикалық және ведомстволық аурухана жұмыс істейді.

Астанада қазіргі таңда 207 медицина қызметкері жетіспейді. Саланы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2023 оқу жылына 209,8 млн теңге сомасына 128 орынға грант бөлінді. Кадр тұрақтылығына қол жеткізуде дәрігерлердің жалақысын көтеру – бірінші кезекте көтерілетін мәселе. Осыған орай Мемлекет басшысы дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерінің жалақысын 20%-ға арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі, салалық кәсіптік одақтар және ұлттық денсаулық сақтау палатасы арасында 2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім жасалды. Соған сәйкес биыл 1 қаңтардан бастап медицина және фармацевтика қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары дәрігерлер үшін түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады. Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру сомасы 53,2 пайызға артты. Олар дәрі-дәрмек алуға, автономды жылытуға, медициналық жабдықтар алуға, ғимараттарды жөндеуге бөлінеді. Мәселен, 2021 жылы 5 нысанды жөндеу­ге 500, 252 млн теңге бөлінсе, 2022 жылы 3 818,1 млн теңге 10 нысанды жөндеуге бөлінген. Ал биыл 2,6 млрд теңге 12 нысанды салу және жөндеуге бөлінді.

Қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – Есіл ауданындағы қалалық амбулаторлық емханалық кешен тапшылығы. Осы орайда елорда халқының болжамды өсімін ескере отырып, амбулаторлық-емханалық көмекпен қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделуде. Сол үшін «Жағалау» шағын ауданында, «Пригородный» және CAPITAL park тұрғын үй кешенінде 11 мемлекеттік БМСК мекемесін ашу жоспарланды. Екінші мәселе – Есіл ауданында қолданыстағы ауруханаларға жүктеменің артуына және балалар санының өсуіне байланысты қуаттылығы 500 төсектік травматологиялық пункті бар № 4 көпсалалы қалалық балалар ауруханасын салу көзделіп отыр. Тағы бір мәселе, қалада акушерлік блоктардағы төсек орын тапшылығы. Себебі  соңғы 10 жылда босану саны 41%-ға артты. Осыған орай қаладағы үш стационардың акушерлік блоктың төсек қоры 1,6 есеге, яғни 550 төсекке дейін ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ қолдауымен №3 қалалық көпсалалы аурухана үшін 250 төсектік акушерлік блок салынады.

Басқарма денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мынадай міндеттер белгілеп отыр. Бірінші – денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту.  Екінші – кадр тапшылығы төмендету. Үшінші – «Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру. Төртінші – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету және еріктілерді көтермелеу. Бесінші – қолданыстағы ережелерге сәйкес халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету. Алтыншы – денсаулық сақтау саласындағы цифрландыруды дамыту. Жетінші – Қазақстаннан тыс жерлерде де, ел ішінде де медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button