Басты ақпаратМәселе

Шығасыға иесі басшы

алаяқтар айылын жимай тұр

Қалта қағу

Бала – адамның бауыр еті. Әркім де перзентінің бір қуанғанын көрсе, мәз болады. Астана қаласының тұрғыны Күнайым Әмірова екі жасар баласына ойыншық алғысы келді. Алайда оның бұл ізгілікті ойы өзін әуре-сарсаңға салатынын ол білген жоқ.

Ол балалар дүкенін аралап, өзіне ұнаған ойыншықтарды таңдай бастады. Дегенмен, ауылда, көпбалалы отбасында өскен келіншек мұндай қарбалас кезде, әсіресе мереке алдында алаяқтардың да өз жемтіктерін қақпанға түсіріп, олардың қалтасын қарпып қалуға әзір тұратынын ескермеді. Ескермеді емес, білген жоқ.

Алаяқтарда обал-сауап, аяушылық болмайтыны өз алдына, оларға тіпті сәбилердің көз жасына қаламыз-ау деген ой кіріп те шықпайтын болып шықты.

Шабал Бейсекова көшесі бойындағы «Малыш» дүкені нарықта көптен бері жұмыс істеп келеді. Есіктен кіргеннен-ақ самсаған ойын­шықтар көздің жауын алады. Ұлына ойыншық іздеп осы дүкенге бас сұққан Күнайым дау-дамаймен екі күн уақытын жоғалтқанына өкінеді. «Мен мұны барып тұрған алаяқтық деп бағалаймын. Отыз бес мыңға үш дөңгелекті кішкентай велосипед сатып алғанмын. Сатушылар тағы үш зат қосып алсаңыз, 10 пайызға жеңілдік болады деп ұсыныс жасағасын, тағы екі ойыншық алдым. Барлығына отыз мың теңге ақша төлеп, үйге келіп қарасақ, белесепедтің дөңгелегінің желі жоқ. Сатып алған кезде мерекелік қарбаласта кісі көп болғасын ба, байқамаппын. Енді ішіне жел үрейік десек, камерасы тесік. Жел толмайды. Оның үстіне қосымша алған пис­толет пен машинасы да бұрын пайдаланылған ойыншық болып шықты. Дүкенге қайта бардым. Сатушы «сіз алғанда бәрі дұрыс болған» деп бет бақтырмады. Тұтынушылардың құқын қорғау ұйымына шағым түсірдім. Нәтиже шықпады. Мен ойыншық сатып аларда бәрін кассаның алдында тексеріп алуым керек екен. Үйге барып тексергенде шыққан ақау есепке алынбайтын көрінеді.

Мұндай жағдайлар қоғамда жетіп артылады екен. Қоғам белсендісі Жұмағазы Кенжебектің айтуынша, әсіресе, осындай алдау-арбау, алаяқтық өткен жылдың соңында айтарлықтай өсіп кетіпті. «Оның себебі де көп» дейді ол. «Біріншіден, айналамыз­дағы көрші елдерде қазір макроэкономикалық көрсеткіштер төмендеп кетті. Ол да өзіндік әсерін тигізіп тұр. Оның үстіне былтыр инфляция Қазақстанда бұрын болмаған дәрежеде өсті. Осыдан келіп адамдар өздерінің қалыптасқан дағдыларын сақтау үшін ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге тырысады.

Екіншіден, азаматтардың көбі қазіргі технологияның шарықтаған заманында виртуальды ортаға үйрене алмай келеді. Аңғалдығы, сенгіштігі басым. Кез келген банк немесе микроұйым несие берсе, пайыздық мөлшерлемесіне қарамай, келісім шартын мұқият оқымай қолын қоя салады. Осының бәрі қанша айтылса да, қаншама адамның аузы күйсе де, сабақ болмай-ақ қойды. Адамдар алаяқтардың тұзағына түсіп қала береді».

Сан соқтырған «сыйлық»

Қазір жұрттың бәрі жұмысбасты. Заман солай. Қымбатшылық бүйірден қысып бара жатқасын тіпті кейбір адамдардың екі-үш жерде жұмыс істеуіне тура келеді. Бұл әсіресе, әйел адамдарға қиын. Жаңа жыл, Наурыз, тағы басқа да мереке қарсаңында отбасына дастарқан әзірлеп, бала-шағасына сыйлық сатып алғысы келсе, дүкен аралап, арқаны кеңге салып жүретін уақыты болмайды. Содан келіп интернет-дүкендерге жүгінуге тура келеді. Одан қала берді, ірі супермаркеттердің дүңгіршектерін «сүзіп» шығуға тура келеді.    Міне, осы жерде алаяқтардың да тәбеті ашылатынын байқауға болады.

Осындай мереке қарсаңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бір-біріне ұқсас сайттар пайда болады. Жат пиғылды адамдар көбіне арам ойларын солардың көмегімен атқарып жатады.

Елорда тұрғыны Албина Жандарбек өзінің өткен жылы балаларды қорғау күні қарсаңында интернет-сайттың жарнамасында көрсетілген мекенжай бойынша алты ойыншыққа тапсырыс бергенін айтады. «Інімнің балалары, апамның кішкентайлары – жиендеріме сыйлық алып, бір қуантқым келген» дейді ол. Таңдап-таңдап бағасы бір жүз жиырма сегіз мың теңгеге бірнеше ойыншықты жеткізіп беретін болғасын сатушымен келістік. Олар маған жарты бағасын алдын ала төлеуді талап етті. Әуелі қарсылық білдіріп едім, «онда тапсырысты алып тастаймыз, алдын ала ақшасын төлемей жеткізе алмаймыз» дегесін «балалардың сыйлығы ғой, алдай қоймас» деп келісім бердім. Бір күн өтті ойыншық жоқ, екі күн өтті ойыншық жоқ. Телефон соқсам, «байланыс аясынан тыс жерде». Алданғанымды біліп, құқық қорғау органына шағымдандым. Арызым мен түсініктемемді жаздырып, алып қалды. Әрі қарай «іс өндіріске алынды, өзіміз хабарын береміз» дегеннен басқа жауап болған жоқ.

Суыққолдылар электронды пошта, SMS немесе мессенджер арқылы жасанды банк сайттарының мекенжайларын таратады. Онда «сізге келген немесе сіз ұтқан сыйлық бар соны алу үшін карта нөмірін, ұялы телефон нөмірін, сондай-ақ үдерісті нақтылау үшін бір реттік пароліңізді сұрайды. Мұндай хабарламаны ашпай-ақ бірден өшіріп тастау керек. Өйткені сарапшылардың айтуынша, белгісіз адамдар жіберген хабарламаға жауап берсеңіз-ақ болды, қазіргі технологияның дамыған заманында олардың картаңыздағы ақша мен шотыңыздағы ақшаны өздеріне аударып алуы әбден мүмкін екен.

Өткен жылы  Жаңа жыл қарсаңында елорда тұрғыны Тамара Нәбиева 70 пайызға дейін науқан жүріп жатқан бір гипермаркетке кіре қалады. Мұнда тауарлар шынында да басқа жерге қарағанда арзандау екен. Оның үстіне «Жаңажылдық жеңілдік – 70-90%» деп бадырайтып жазып қойыпты. Арзан тауарға тап болғанына көңілі масайраған Тамара балаларына бірден бірнеше ойыншық алады. Енді мынаны қараңыз, тап сол жерде науқанмен қоса ұтыс ойнатылып жатыр екен. Тарту-таралғылар – атышулы брендтердің тауарлары. «Үш қорап тұр. Бірінің  астында «сыйлық» жатыр. Соны табу үшін маған үш мүмкіндік берілді. Мен бірінші мүмкіндіктен-ақ «өз сыйлығымды» ұтып алдым. «Енді «ойынның шарты бойынша» арнайы бетке «өз призіңізді» алу үшін банк картаңыздың мәліметтерін жазыңыз» деді. Жаздым, 10 минуттан кейін маған «сыйлығымды» әкеліп берді. Мерекеге сәбилеріме осындай тарту жасайтыныма қуанып, алғысымды жаудырып шығып кеттім. Екі күннен кейін қарасам, шоттағы екі миллион теңге мен банк карточкамдағы жүз елу мың теңге қолды болды» дейді ол.

Ең бастысы – қырағылық

Полиция майоры Болат Жанасыл кейінгі кезде алаяқ­тықтың неше түрі шығып жатқанын жасырмайды. «Құқық қорғаушылар көбіне мұндай мәселеде дәрменсіз болып қалады. Неге десеңіз, ешбір қитұрқылық (махинация) иесінің қатысынсыз жасалмайды. Алаяқтар қандай жолмен болса да оның жеке мәліметтерін (банк картасын, оның үш санды кодын, ПИН-код, SMS кодын, т.б.) анықтауға тырысады.

Егер сізге күтпеген жерден телефон қоңырауы түссе, жауап бермеуге тырысыңыз. Сол сияқты сізге өте арзан, өте пайдалы мәміле ұсынылса, ойланыңыз, қайта-қайта тексеріңіз.

Кейде алаяқ полиция немесе банк қызметкері ретінде аты-жөнін, лауазымын айтып, «егер шұғыл шешім қабылдамасаңыз, әрекетсіздігіңіз үшін өзіңіз жауап беретін боласыз» деп қысым көрсетуі де мүмкін. Кейде тіпті жаны ашығансып, «барлық жауапкершілікті өзіме аламын, тек сіз банкке тез жетіңізші» деп өп-өтірік қамқорси қалуы да мүмкін. Біз мұны неге айтып отырмыз? Өйткені өткен жылы тек бас қалада ғана 142 адам осындай телефон алаяқтығы мен жалған ұтыс ұйымдастырудың құрбаны болған.

Сондықтан олардан қорғанудың ең басты құралы – қырағылық. Ешбір банк қызметкері, ешбір полиция сізге мұндай мәселемен қоңырау шалмайды. Бұл – бір, екіншіден, ешқандай дүрбелеңге салынбай, асып-саспай кез келген қоңырауды қайта тексеру керек.

Онлайн-шопингте сауда жасаған сайтыңыздың сенімділігін тексеріңіз. Қазіргі кезде бұл онша қиын шаруа емес. Егер уақытыңыз бен аздаған қаржыңыз болса, телефоныңызға екі факторлы аутентифицикалық есеп жазбасын орнатып алыңыз. Сол кезде тіпті алаяқ­тар сіздің мәліметтеріңізді қолға түсірген күннің өзінде телефоныңыз­ға келетін SMS-кодсыз ешқандай әрекет жасай алмайды. Ал SMS-кодты қандай жағдайда да ешкімге айтпаңыз. Міне, осындай қауіпсіздік талаптарын орындаған жағдайда ғана қаптаған қалың алаяқ­тардан қорғана аласыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button