Басты ақпаратРуханият

Атажұртты аңсап келген

Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №5 балалар кітапханасында әріптесіміз, газетіміздің шолушысы Қалиакбар Үсемханұлының «Аңсап келдім, атажұрт!» атты тұңғыш кітабының тұсаукесері өтті. «Өрнек» баспасынан шыққан аталмыш кітапта автордың соңғы жылдары «Шыңжаң» және «Астана ақшамы» газеттерінде жарық көрген мақалалары мен алған сұхбаттары жинақталған.

«Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық» және «Тілдестірмек тілшіден» деп аталатын үш бөлімнен тұратын кітаптың алғысөзін көрнекті жазушы, тарихшы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы жазды. Тұсаукесерге қатысқан қаламгер бұл еңбектің құндылығын атап өтті.

«Былай қарасаң, екінің бірі жазып жатқан газетке шыққан мақалалар. Ал шындап келгенде әр мақалада тектілік бар. Ой салатын, дүниенің көзін ашатын, жадымыздан шығып, қолданыс­тан шыға бастаған, қолдансақ та, қазір қадір-қасиетінен айырылып қалған бір киелі сөздер бар. Оқыған сайын еріксіз ойланасың. Әр мақала – жеке-жеке тұрған танымдық дүние» деген ғалым сөзін нақты мысалдармен әдіптеді. Соның ішінде қазақтың күй өнері туралы, жылқы малының туған жеріне адалдығы жөнінде жазылған мақалаларға тоқталды.

«Қазақта «Шөлде жүрген дуадақ көл қадірін не білсін, көлде жүрген қоңыр қаз шөл қадірін не білсін. Атасы сыртқа шықпаған ел қадірін не білсін» деген сөз бар. Сыртта жүріп, тіпті, он күндік сапарға барып шыққанда да өзіңнің еліңді сағынасың. Осы қасиеттің бәрін сезіну, қазақ болып, қазағыңды бауыр тұту, мейірімділікпен қарым-қатынас жасау сияқты қасиеттің бәрінен айырылып бара жатқанымызда осындай кітаптар керек-ақ. Мақаланың бірі болмаса, екіншісі жұрттың көңілінде қалады, бірі болмаса, бірі ойланады. Ал ойланған адам қателікке жол бермейді, өзінің жолын табады. Ең бастысы, қазір бізге керегі – дәстүр. Ал дәстүр дегеніміз не? Бұл – ата-бабаларымыздың уақыттың тезінен өтіп, сыналған өмір сүру заңдылығы. Біз осы заңдылықтан айырылып қалдық. Осындай кітаптар арқылы там-тұмдап жинала берген жөн» деді Қойшығара Салғараұлы.

Түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы кітапта атажұртқа деген үлкен аңсар жатқанын, қазір ұлтты тәрбиелеуге, қазақ азаматтарын ұлтшыл қылып шығаруға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Соған «Аңсап келдім, атажұрт!» кітабының қосар үлесі мол болатынын атап өтті.

«Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек Алтайдың арғы жағынан бес жыл бұрын оралған кітап авторы атажұрттың қадірін, туған жердің қадірін, Отанның қадірін басқа әріптестерге қарағанда артығырақ сезінетінін айтып, журналистің қырларына тоқталды. Газет жұмысымен қатар YouTube арнасын жүргізіп, оған көптеген адам қызығушылық танытып қарайтынын, газет насихатын да белсенді жүргізетінін жеткізді. Алда «Астана ақшамының» кітапханасы» сериясымен газет журналистерінің кітаптарын шығару жоспарланып отырғанын айтты. Классикалық журналистика мен жаңа медиа тартысқа түскен осы заманда кітаптың құндылығы жойылмайтынын атап өтті.

Кітап авторына идеялық тұрғыдан бағыт-бағдар беріп, редакторлық еткен «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр қазіргі қазақ журналистикасындағы олқылықтарға тоқталып, соның орнын «Астана ақшамы» газеті шамасы келгенше толтырып жатқанын, сондағы Қалиакбар Үсемханұлының үлкен үлесін атап өтті. Соның ішінде басқа басылымдарда қозғала қоймайтын халықаралық тақырыптарды газетіміз жазатынын, «Шартарап» айдарын Қалиакбар жүргізетінін жеткізді. Кітап авторы мен газет журналистері қандастарды орналастыру жайын жиі қозғайтынын атап өтіп, сырттан келген қандас қаламгерлер қазақ әдебиеті мен журналистикасына үлкен серпіліс әкелгенін айтты. Кітапта қазақтың салт-дәстүріне, ежелгі тұрмысына қатысты көпшілігіміз назар аудармайтын құнды мәліметтер бар.

Белгілі жазушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы кітап авторы жазуы төселген тәжірибелі, білікті журналист екенін атап өтіп, «Шыңжаң» газетіндегі еңбегіне тоқталды. Оның артықшылығы – Қытай мен қазақ журналистикасының жақсылығын бойына сіңіріп, шебер қолданып келе жатқаны, қазір өте қат, қазаққа керек сараптамалық мақалаларды көп жазатыны. «Қандас» медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Жеңіс Қалиязымұлы кітап авторы Қытайда жүргенде де қазақ мәселесін көп жазғанын айтып, «Астана ақшамы» газетіне қандастар проблемасын жиі жазатыны үшін алғысын білдірді. Тұсаукесер соңында Қалиакбар Үсемханұлы кітаптың шығуын қолдағандарға, жиналған қауымға алғысын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button