Басты ақпаратҚала тіршілігі

САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНА НЕГЕ САМАРҚАУ ҚАРАЙМЫЗ?



ЕЛІМІЗДЕ 1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚ­ТАН­­­ДЫРУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛГЕЛІ ОТЫР. ЕНДІ АЗАМАТТАР АТАЛҒАН ҚОР­ҒА АҚША АУДАРЫП, ҚАЖЕТТІ ЕМ-ДОМЫН АҚЫЛЫ ТҮРДЕ АЛАТЫН БОЛАДЫ. АЛАЙДА БАЛАЛАРДАН БАСТАП ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ДЕ­ЙІН­ГІ ӘРТҮРЛІ САНАТТАҒЫ АДАМДАРҒА БҰРЫНҒЫДАЙ ТЕГІН МЕДИ­ЦИ­­НАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕ БЕРЕДІ. АЛ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ЖАРАМДЫ ЖАН­ДАР ЖЫЛ САЙЫН 17 МЫҢ ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕГІ ҚАРЖЫНЫ АТАЛ­­ҒАН ҚОРҒА АУДАРУҒА МІНДЕТТІ.

Жуырда өткен Үкімет отырысын­да Премьер-министр Бақытжан Сағын­та­ев 1 шілдеден бастап міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қо­ры жүйесі енгізілетінін айтқан болатын. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкі­мет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы электронды тәсілмен тіркеліп, өз мәртебеңді анықтауға жеңіл­дік жа­салып отыр. Өйткені Бақытжан Әбдірұлы азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған жағдайдың қайталануына жол бермеуді, яғни халықты дүрліктірмеуді тапсырды. Осыған орай, жауапты министрліктерге Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, азаматтардың аталған қызметті алу үдерісін жеңілдету шараларын қабылдау тапсырылды.
Бақытжан Сағынтаевтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына байланысты алдын ала сақтық танытуы тегін емес. Себебі бұған дейін азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуі қоғамда дүрбелең тудырған болатын. Дәл сол сияқты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан да шу шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да Үкімет басшысының бұған дейінгі кеткен қателіктен сабақ алу керек деп алаңдауы тегін емес. Өйткені қоғамда бұл бастаманы қолдаушылар да, қарсылар да баршылық. Мәселен, әлеуметтанушы Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, Үкімет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржылық дағ­дарысқа байланысты амалсыздан құрып отыр. Сондай-ақ, ол Үкімет қарапайым халықтың қалтасынан ақша алмай-ақ, медициналық көмекті тегін көрсете беру керек еді деген пікірде.
– Азық-түліктің бағасы қымбаттап жатқан кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аудару жығылғанға жұдырық болып отыр. Өкінішке қарай, еліміздің медициналық саласында онсыз да «әттеген-айлар» көп. Мәселен, бүгінде емханаларда тегін ем алатын науқастарға дәрігерлер дұрыс қарамайды. Ал ақылы бөлімге жатсаңыз, дәрігерлер ерекше құрметпен қызмет көрсетеді. Сонда ақшасы жоқ қарапайым азаматтар адам емес пе? Шыны керек, дәрігерлер науқастың ақшасы бар немесе жоқ екеніне қатты көңіл бөледі. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан кейін дәрігерлердің қызмет көрсету сапасы жақсарады дегенге күмәнім бар, – дейді ол.
Алайда медицина саласының мамандары сақтандыру қорынан үлкен үміт күтіп отырғанын жасырмайды. Мәселен №7 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Қуанышеваның айтуынша, аталған қор саладағы қордаланған мәселелерді шешеді.
– Мемлекетіміздің әр азаматы мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру арқылы Қазақстан аумағ­ында өзі таңдаған кез келген емханада медициналық көмек ала алады. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес, біздің емхананың қызмет көрсету аумағында 13 мыңнан астам халық әлеуметтік мәртебесіз тіркелді. Бір ай ішінде тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Жалпы, медициналық қызметкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуден көптеген пайда көреді. Ең бірінші, дәрігерлердің еңбекақысы көтеріліп, олардың біліктілігі артады. Сондай-ақ, медициналық техникалар жаңартылып, жұмыс орнында оқытуға мүмкіндік туады, – дейді ол.
Астана қаласының Жұмыспен қам­­ту орталығы елорда әкімдігінің қолдауымен міндетті медициналық сақтандыру қорының шарттарын түсіндіру бойын­ша жаппай шара өткізіп жатыр. Атал­ған орталық елордадағы ірі базарларда болып, 1000-ға жуық азаматтан сауалнама жинаған. Алайда бір байқағанымыз, былайғы жұрттың аталған қор туралы мәліметі шамалы сияқты. Өйткені орталықтың сауал­намасына қызығушылық танытып отырған азаматтардың қатары аз болып отыр. Бір қызығы, «Бірінші байлық – денсаулық» деп түсінген жұрттың бұл мәселеге самарқау қарауы түсініксіз.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button