Қала тіршілігі

БАТЫС ПЕН СЫРДЫҢ СЫЙЫ

АСТАНАДА ӘР СЕНБІ-ЖЕКСЕНБІ САЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАТЫН ӨҢІРЛЕРДІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ ӨТКЕН ДЕМАЛЫСТАРДА ҚЫЗЫЛОРДА, АТЫРАУ ЖӘНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ ТАУАР ҰСЫНДЫ. САУДА ӘДЕТТЕГІДЕЙ «ҚАЗАҚСТАН» СПОРТ КЕШЕНІНІҢ АВТОТҰРАҚ АУМАҒЫНДА ЖҮРГІЗІЛДІ.

Астана әкімдігінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімованың айтуынша, жәрмеңкеге 200 тоннаға жуық өнім әкелінді. Олардың көбісі Сыр өңірінен елордаға жетті.
Енді ғана келген жаз маусымына байланысты қамбаның түбі көрініп қалды. Сондықтан қалада кейбір маңызды азық-түлік түрлерінің қымбаттағаны байқалуда. Әсіресе, картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз сынды көкөністердің бағасы шарықтап кетті. Еттің де бағасы біраз өсті. Осындайда жәрмеңкенің көмегі көп тиеді. Алайда бұл жолы көкөністің мүлде аз әкелінгені көзге айқын көрініп тұрды.
Оның есесіне Сырдың бренді – күріш сөрелерден молынан орын алды. Бұған қоса балық, сүт өнімдері, шұжықтың түр-түрі, ет пен кондитерлік өнімдер де сатылды.
Жәрмеңкені ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Төлеутай Рақымбеков аралады. Оның сөзінше, азық-түлік Астанаға бірнеше арна арқылы жеткізіледі. Соның ішінде көтерме бағамен жеткізетін дәстүрлі ритейлерлер және тұрақты жәрмеңкелер бар. «Астанаға азық-түлік жеткізу жөнінде барлық облыстармен келісімге келдік. Ауыл шаруашылығы өнімдері жағынан бас қала биыл тапшылық көрмейді» дейді ол.
Кейбір бағаларды атап өтсек, күріштің келісі 180 теңгеден сатылды. Сиыр еті 1350 теңгеден саудаланды. Бұған қоса халық Аралдың балығын, құрт пен ірімшікті, талқанды сатып алып жатты.
«Сыр өңірінен 40 тауар өндіруші келді. 12 автокөлікпен 20 тонна балық, 112 тонна күріш, 10 тоннаға жуық сүт өнімдерін әкелдік. Келесі жәрмеңкеге сиыр және қой етін әкелеміз. Ал шілдеде қауын-қарбызды күтіңіздер» дейді Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.
Әр жәрмеңке сайын Атыраудың балығы саудалануда. «Апта сайын балықты сатамыз. Әр жәрмеңкеге кемінде 10 тоннаға жуығын әкелеміз. Бәрі де өтіп кетеді» дейді «Амангелді атын­дағы» ЖШС менеджері Ирина Колесникова. Жәрмеңкелер қазан айына дейін жалғасса, олардың әрқайсысы аты­рау­лық­тарсыз өтпейтінін айта кетейік.
Жәрмеңкеде құлпынайдың келісі 600 теңгеден сатылды. Басқа жерлерден оның бағасы 1000 теңгеден жоғары болғанын көрген едік. Алдағы сенбі-жексенбіде, яғни 10-11 маусым күндері Атырау және Жамбыл облыс­тарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді.

Дайындаған
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button