Қала тіршілігі

САРЫАРҚАЛЫҚТАР ҚАУІПТІ СЕЙІЛТУДЕ



Биылғы қыс елорда халқына жайлы болды. Әдеттегі Арқаның ақырған аязы да, бет қаратпайтын бораны да мінез көрсете қоймады. Қазір қаладан да, даладан да көктемнің иісі сезіледі. Бүгінгі күнтіз­бенің парағы да 1 наурыз­ды көрсетіп тұр. Бұл –  дүн-дүние жаңаратын шуақ­ты мезгілге жеттік деген сөз. Алайда, жай­ба­рақат отыратындай емес, коммуналдық қызметтердің қарбалас шағы әлі жалғасып жатыр. Қазіргі басты мін­дет – қаланы су басудан сақтап қалу. Біз сары­арқалықтар қарғынға қар­сы қандай шаралар атқарылып жатқанын білу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Риза Акчуринге жолығып, мән-жайға қанықтық. 

KBB_0893

«Тасқынға қарсы шараларды тиімді жүргізу мақсатында ауданға кіретін аумақ жиырма учаскеге бөлінді. Су тасқынының алдын алу жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Негізінен, ауданды қардан тазартуды өткен жылдың 22 қазанында бастағанбыз. Әсіресе, қаңтар айы басталғанда қарқынды күшейттік. Қазір бұл жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 700 мың текше метр­ден астам қар арнаулы полигонға шығарылды» дейді ол.

Оның айтуынша, ауданда қарғын қаупін тудырып отырған төрт аумақ анықталған. Аталған аумақтар «Көктал» мен «Өндіріс» тұрғын алаптарында, Агроқалашықта және И. Панфилов пен И. Павлов көшелері жағында орналасқан. «Бұл аумақтарды қардан тазартудың қарқынын бәсеңдеткен жоқпыз. Негізгі техника қазір сол жерлерде жүр» дейді аудан әкімінің орынбасары.

Р. Акчуриннің сөзінше, 20 ақпанда арықтарды тазарту басталып, бұл жұмыстың нақты жоспары бекітілген. Арықтарды тазарту Ашхабад, Ташкент, Т. Шонанұлы және Мұнайшылар көшелерінен бастау алып, бүгінгі күнге арықтардың 1 мыңнан астам метрі тазартылды.

Сондай-ақ, Агроқалашықта орналасқан табиғи су көздерінің деңгейін төмендету мақсатында 4 мың текше метр инертті материал дайындалды. Су соратын және тазартқыш техника сақадай сай тұр. «Ақмолаводсервис и К» ЖШС бұған қосымша техниканы бөлейін деп отыр.

«Су тасқынын болдырмас үшін бұл жұмысқа күн сайын мониторинг пен бақылауды жүргізіп отырмыз. Халыққа тасқын қаупі туындап қалған жағдайда қалай қимылдау керектігі түсіндірілді. Дүрлігетіндей ештеңе көріп тұрған жоқпыз» дейді Р. Акчурин.

А. ҚАЛЖАНОВ, astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button