Қала мен Сала

ШАҺАР ШИПАГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Елордада Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы болып өтті. Жиында ақ халаттыларға қатысты өзекті проблемалар талқыланды. 

Қазіргі күні аталған ведомство қарауында 38 медициналық ұйым бар. Онда 3 мыңнан аса дәрігер мен 6 мыңдай медбике жұмыс істейді. Бірақ 500-дей маман әлі де тапшы. Білікті кадрларды тарту үшін алдағы уақытта отбасылық типтегі жатақханалар салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жоғарыдағы мәселені шешуде еңбекақы көлемін көтеру де үлкен ықпал етпек. Соңғы 5 жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға ұлғайған.

Шипагерлердің сауаттылығын арттыру бойынша да біраз тірлік тындырылды. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы іске асырылған жылдары денсаулық сақтау саласының 10 мыңнан астам маманы шетелдік және жетекші отандық клиникаларға барып, тәжірибе алмасты. Былтыр еліміздегі ғылыми орталықтарда, қиыр және таяу шет мемлекеттерде 4250 дәрігер мен мейірбике арнайы курстан өтті.

Басқосуға жиналғандар ана мен бала денсаулығына да баса назар аударды. Астанадағы перинаталды орталықтардың 80 пайызы сапалы заманауи техникамен жабдықталған. Сонымен қатар, 10 орынға есептелген неонаталды хирургия орталығы құрылды. Бүгінгі таңда жүрек ақауымен дүниеге келген 600-ге жуық сәбиге осы орталықта сәтті ота жасалды. Осының барлығы демографиялық көрсеткіштерге оң әсерін тигізеді. Бұған соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің 36 пайызға өскені дәлел.

Шаһар халқының 133 мыңға көбеюі денсаулық сақтау нысандарына түсетін жүктемені айтарлықтай ауырлатады. Соған байланысты Астанада 9 жаңа аурухана ашылды. Олардың түгелінде емдеу мен диагностикалаудың тың әдістері енгізілді.

Дер кезінде атқарылған шаруаның арқасында қала дәрігерлері 15 пен 49 жас аралығындағы адамдар арасында АҚТҚ вирусының таралуын 100 мың кісіге шаққанда 0,14 шегінде сақтай алды. Ал обыр ауруларын ерте кезеңде анықтау жағдайлары 100 мың адамға шаққанда 55,7 көрсеткішті құрады. Соңғы 5 жыл ішінде туберкулезбен ауыру фактілері 57,5 пайызға төмендеген. Қан айналымы жүйесі ауруларымен күрес нәтижесінде өткір миокард инфаркі 32,3 пайызға кеміді.

Астаналық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, қала тұрғындарын медициналық қызметтермен қамту бойынша жүргізілетін жұмыстар жалғасады.

Б. МАРАТҚЫЗЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button