РуханиятСұхбат

Сауытбек Абдрахманов: «Сенім болса, серпіліс те болады»



Еліміздің жетекші ақпарат құралдарында жемісті еңбек еткен, өресі биік,
өзіндік айтары бар, тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап елдік идеология­сының орнығуына үлес қосқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ – қазақ мәдени өмірінің, журналистикасының аса көрнекті тұлғасы, қара нары. Еңбек жолын редакциядағы қатардағы тілшіліктен бастап, министрлік лауазым, депутаттық мінберге дейін көтерілген жан-жақты қаламгердің жүріп өткен жолы – қалам ұстаған қауымға үлгі-өнеге. Әдебиеттану мен аудармада, сын мен публицистикада, тұлғатануда, ұстаздық қыз­метте, теледидар мен басылымда өзіндік өрнек пен қолтаңба қалыптастырған көрнекті қайраткер бүгінде мерейлі
70 жастың жотасына шығып отыр.

– Құрметті Сауытбек Абдрахманұлы! Сіздің жүріп өткен өмір өткелдеріңіз бен белесіңіз – бүгінгі жас журналистерге үлгі. Журналистік қызметіңізді қатардағы тілшіліктен бастап, министрлік биікке, ел газеті «Егеменнің» президенттігіне, депутаттық тұғырға көтерілдіңіз. Биыл Мәжіліске қайтадан сайландыңыз. Парламентте жүргенде де газеттерге жиі жарияланасыз, теледидарда жүйелі түрде пікір білдіріп тұрасыз, шәкірттерге дәріс оқисыз, яғни қазір де сізді журналистиканың қан базарында жүр деп санаймыз. Солай болғандықтан да әуелгі сұрағымды «қазақ журналистикасының қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?» деп қоймақшымын.

– Ықыласты көңіліңізге рақмет! Әңгіменің ашығына көшейін, менен сұхбат алуға түрткі болған жағдай жақында 70 жасқа толуым екенін шамалаймын. Сондықтан өзімнің мерейтойымның алдында қазақ журналистикасының қазіргі жағдайына баға беріп, бір құбылыстарды жақтап, бір құбылыстарды даттап, жасыма жараспайтын, әсіресе, мінез болмысыма жанаспайтын жайларға араласқым келмейді. Дегенмен сұрақ қойылған соң жұқалатсам да айтуға мәжбүрмін.

Қоғам қандай болса, журналистика да сондай болады. Ол – ақиқат. Мысалы, жақында Токиода Қазақстан құрамасы бұрынғы қай Олимпиадамен салыстырғанда да сын көтермейтіндей деңгей көрсетті. Командалық есепте 83-орыннан бір-ақ шықты. Оның себептерін мамандар айтты да. Жанкүйерлер жабыла жазды да. Айтылмай, жазылмай қалған бір себеп бар сияқты. Ол – спорттың қоғамдағы көңіл күй барометрінің бір өлшемі екендігі. 1996 жылғы Атланта, 2000 жылғы Сидней, 2004 жылғы Афина Олимпиадаларында жігіттеріміз бен қыздарымыз жарыстың сан түрінен жасындай жарқылдап, жалауымызды желбіретіп қайтқан. Сол жылдарда спортқа қазіргіден көп көңіл бөлінді, көп қаржы құйылды дей аламыз ба? Дей алмаймыз. Сол жылдарда спорт инфрақұрылымының жағдайы қазіргіден жақсы еді дей аламыз ба? Дей алмаймыз. Ол кезде қазіргі спорт ғимараттарының көбі салынбаған да, тіпті құрылысы қолға алынбаған да еді. Ауылдық жерлерде спорт кешендері жоққа жуық болатын. Оның есесіне тәуелсіздіктен кейінгі жоқ-жітік жылдарда патриоттық рух жоғары болатын. Спортшылардың отаншылдық қуат-жігері күшті еді. Біз осыдан айырылып бара жатырмыз. Үлкен спорттағы негізгі мотивация медаль үшін берілетін қомақты ақшалай сыйлықтар, келген соң тарту етілетін пәтерлер, қымбат көліктер болуға айналды. Сол сияқты жағдай журналистикада да байқалады. Мұнда да патриотизм рухы төмендеп барады. Мақтай берсе жағдай жақсара түседі деу қандай аңғалдық болса, сынай берсе кемшілік кеми береді деу де сондай аңғалдық. Өйткені жағымды сюжеттер көрерменге тартымсыз, жақсылық жайында жазылатын мақалалар қызықсыз деген ұғым орнығып барады. Тартымсыз етіп түсірсе не нәрсенің де тартымсыз болып шығатыны талассыз. Бірақ бәрібір позитив пен негативтің арасында көкейге қонымдылық сақталғаны жақсы. Қазақ айтады «Тоқсан тоғыз бәле бар, жүз жақсылық және бар» деп. Мына өмірде кер кеткен кемшілік те көп, өркен жайған өзгеріс те аз емес. Арна рейтингі үшін, журналист танымалдығы үшін күнгей мен көлеңкенің балансын бұзып көрсетуге болмайды. Бәрі де салыстыра қарағанда айқындалады. Бір ғана фактіні айтайын. Орыстың «факты – упрямая вещь» деген нақылы бар ғой. Мұны жазғанмын да. 19 миллион адамдық халқы бар Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі халықтың жиынтық саны 50 миллионнан асатын төрт елдің – Өзбекстанның, Қырғыз­станның, Түрікменстанның, Тәжікстанның ішкі жалпы өнімдерінің көлемін қосқандағыдан артық. Бұған түсініктеме беріп жату қажетсіз. Тәубешілдіктен, шүкіршілдіктен арылтып алмауды ойлауымыз керек. Журналистикадағы отаншылдықты елдегі жағдайды жаппай мақтай беру деп жалаңаш ұғудың жөні жоқ. Сонымен бірге журналистердің жамандаудың жарысында жанталаса беруінің тағы жөні жоқ.

Азаматтық журналистиканың дүниеге келуі, қалыптасуы да кәсіби журналистердің  жұмысына жаңа қиындықтар туғызуда. Қандай оқиғаны да тележурналист қанша жаныққанмен, арна кестесіндегі жаңалықтар сағатына дейін эфирге шығара алмайды. Ал блогерлер болсын, жай интернет қолданушылар болсын, әлгі оқиғаны он минутта, әрі кетсе жарты сағатта әлеуметтік желіге жаяды да салады, жер-жаһанға таратып үлгереді, тіпті бейнеқатарын бірге орналастыра қояды. Жазғаны таңертеңге дейін жарық көре алмайтын газет тілшілері жайында айтарға сөз жоқ. Ендігі жерде, әрине, хабарламалық жанрларды бөле айтсақ, кәсіби журналистиканың қадір-қасиетін жаңалықты жеткізудегі жарыс емес, сол жаңалықты талдап түсіндірудегі жарыс қана, осы жолдағы жеңіс қана сақтап қалатын сияқты. Оның үстіне халықтың негізгі бөлігінің ақпаратты да, білімді де интернеттен іздеуге ауысқанына байланысты дәстүрлі ақпарат құралдарының өнімдеріне сұраныс азайып барады. Ал ұсыныстың деңгейі сұраныстың деңгейіне байланысты болады. Әсіресе, нарық жағдайында. Нарық пен парық бірге жүретініне көз жетті.

Журналистиканың мұраты да, миссиясы да ең алдымен әлеуметтік оптимизмді орнықтыру. Келешекке, болашаққа сенім жоғалмаса, бірте-бірте бәрі болады, болмай қоймайды. Сенім болса, серпіліс те болады.

Журналист – бақытты мамандық

– Бірнеше жылдан бері ұстаздыққа бет бұрдыңыз. Филология ғылымдарының докторы, профессор ретінде журналистика факультетіндегі талай жастың арманына қанат бітіріп, тәлім мен тәжірибеге бай дәріс оқып жүрсіз. Дегенмен журфакты армандап келетін жастың көбі (80-90 пайызы) оқу бітірген соң басқа салаға кетіп жатады. Ал отандық БАҚ сапалы маманға тапшы. Не істемек керек?

– Журфак бітіретіндердің 80-90 пайызы басқа салаға кетіп жатады деген ақпаратты шындыққа сәйкеспейтін ақпарат деп шамалаймын. Дәл ондай емес, әрине. БАҚ сапалы маманға тапшы деген пікірмен келісуге болады. Журналист кадрларын даярлауда да тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарайтын тұстар табылады. Азаматтық журналистика ұғымы барған сайын белең ала беретін, кез келген адам кез келген мәселе жөнінде журналистпен жарыса жазатын, кез келген адам балконда қалтафонын қолға ұстап отырып-ақ кәсіби оператордың қолы жетпей қалатын сәттерді түсіре алатын уақыт келген соң, енді журналист жүгі бұрынғыдан да ауырлай беретін болады. Блогерлік журналистиканы да оқыту талабын тек құптау керек. Басқа амал жоқ.

Осыдан біраз бұрын кәсіби мерекеміз тұсында «Egemen Qazaqstan» әр жылдарда Ақпарат министрі қызметін атқарған адамдардан журналистика жөніндегі пікірлерін жазып беруді сұраған еді. Екі-ақ беттік сол мақаланы мен «Бақытты мамандық» деп атағанмын. Міне, бас жағын қалта телефонынан оқып та беруіме болады. Былай дегенмін: «Осыдан дәл 45 жыл бұрын, 1976 жылдың жазында Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық семинар-кеңесі өтті. Идеологияға қатты көңіл бөлінетін кез. Жиырма бес пен отыздың арасындағы қылқандай жастар алдында кеңес журналистикасының кілең бір ығайы мен сығайы сөз сөйледі, бай тәжірибесін бөлісті. Солардың бірі – атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында айтқаны есімде қалып қойды. «Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жандардың өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?» деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі – актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады…» деген тұрғыда айтты да, тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист» деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да сіздер адамға бір-ақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар». Осы сөзді ұмытқан емеспін. Журналистік жолды таңдаған жастар біле жүрсін деп еске салып жатырмын».

«Журналист мамандығы – бақытты мамандық» деген пікірімнен таймаймын. Өміртану, адамтану мектебі ретінде де, ел көру, жер көрудің тетігі ретінде де бұл кәсіп көп мүмкіндік береді. Тіршіліктің бар саласынан хабардар жүресің, бойыңды дәйім жинақы ұстайсың, ойыңды байытып отыруды қамдайсың. Бағана айтқанымдай, бір шаруаны екі рет жасамаудың өзі сенің өміріңді қызықты етіп тұрады. Мамандығымның арқасында (рас, бұл істе көп жыл газет басқарғанымның да өзіндік орны бар) қазақтың елін де, жерін де бір адамдай танып-біле алдым. Әлемді де көрудей көрдім. Дүние дидарындағы талай елді көре жүріп, жер бетіндегі табиғат белдеулерінің бәрін бір бойына сыйдырған, асқақтаған тауы да, құлдилаған ойпаты да, шалқар көлі де, құм суырған шөлі де, сыңсыған орманы да, жайылған даласы да бар, жылдың төрт мезгілі жолымен, жөнімен келіп, аңызақ аптапты да, азынаған аязды да, ажарлы көктемді де, алтын күзді де көретін, қысқасы, бүкіл әлемнің жиынтық бейнесіндей осы біздің Қазақстанымызға жетер жер жоғына әбден көзім жетті. Қаласынан да, даласынан да сан түрлі нәсіл өкілдері табылатындығы жағынан да біздің еліміз дүниенің өзінше бір моделі сияқты.

Газет – ең алдымен халық үні

– Сіз «Egemen Qazaqstan» газетіне басшылық еткен жылдары талай ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздегі аймақтық газеттер «Егеменге» қарап еңсесін тіктейтін. Бас газет атына заты сай үлгілік қасиетке қалай қол жеткізген еді?

– Бұл – тым ауқымды әңгіменің тақырыбы. Бір ғана қырын қозғайын. Авторлар мәселесі. Газетке барған соң алғашқы апталарда жасаған жұмысым соңғы бір жылдағы нөмірлерге контент-талдау жүргізу болды. Қарасам, мақалалардың басым бөлігін редакция журналистері жазады екен. Шамамен алпыс пайыздайы. Кей нөмірлерде жетпіс пайызға жетіп қалады. Көп ұзамай лездемеде осы қиғаштықты түзету керектігін айттым. Редакция қызметкерлерінің өз дүниелері нөмір материалдарының қырық пайызынан аспағаны жөн деп шешілді. Неге десеңіз, газет ең алдымен халық үні болуы керек, бәрінен бұрын қалың елдің сөзін жеткізуі керек. Елдік мінбері болуға тиіс. «Журналистер бәрін біледі, бірақ дәлін білмейді» деген Марк Твен әзілінің жаны бар. Бәрін білгенде де, тіпті дәлін білгенде де, дәнін біле қою, білгенде де іле қою оңай емес. Өмірдің алуан-алуан құбылысын бәрінен бұрын сол салада жүрген, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адамдардың өздері, мамандардың өздері талдағаны жақсы. Журналистер оларға көмектесуі керек. Алдымен айлықты ақтау керек. Қаламақы – қосымша табыс. Тақырыптық, тоқсандық жоспарлар жасалғаннан кейін-ақ жұмыс жүйеге түсе бастады. Әр тілші қай тақырыпқа кім сөйлейтінін, шамамен қай кезде сөйлейтінін, сол автордың мақаласы немесе сұхбаты үшін тікелей өзі жауапты екенін, таяудағы айларда өзінің (газет жұмысын түгел жоспарлай алмайсыз, ол – жанды ағза, ағымдағы шаруалар күнбе-күн, жөнімен атқарыла береді) қай мәселені зерттейтінін біліп отыратын, мұның өзі олардың жауапкершілігін арттыратын, проблемалық материалдардың сапалы дайындалуына мүмкіндік жасайтын. Сөйтіп, бұрын «Егеменге» шығу қиын деген ойға тіреліп, редакциямен хабарын үзіп кеткен қаншама қаламгер, жазудың қыр-сырын жетік білмегендіктен бас газетке мақала беруге дауаламайтын, бірақ ойы бар, айтары бар, ең бастысы сөзіне жұрт иланатын абырой-атағы бар қаншама адам басылым бетіне шығуға құлшына бастады. Авторлық материалдар тапшылығы деген мәселе айналасы жарты жылдың ішінде өзінен-өзі шешілді де қалды. Журналистердің қызметіне тек өз мақаласын қалай жазатындығына ғана емес, авторлық материалдардың дайындалуына қалай атсалысатынына (оны «мақала қорыту» дейді), автордың тілін, стилін қалай ұштайтынына, ойын қалай байытатынына қарап та баға берілетін болды. Қазір, өкінішке қарай, жағдай басқашалау. Жұрт қағаз басылымдардан бетін әрі бұра бастады. Оны айтасыз, талай адам қазір тіпті теледидарды да аз көретін болып барады. Ақпараттың барлығын дерлік қалтафоннан алатын халайықтың қатары жылдан-жылға қалыңдап тұр. Ақшаның құнсыздануына байланысты жалақысының деңгейі өскен сияқты көрінгенмен, нақты сатып алу қабілеті төмендеген журналистерге мақаладан түсетін қаламақының есебінен көмектеспесе тағы болмайды.

Әбішті кешенді түрде зерттеу керек

– Өткен жылы «Абыз Әбіш» деген кітабыңыз үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Жалпы біз Әбіш әлемінің тереңіне бойлай алдық па?

– Сол кітаптың бір жерінде Әбіштей феномен құбылыстың қатпар-қыртыстары аз уақыттың аясында қопарыла қалуы қиын деген ой айтылатын. Әсіресе, замандастарының мұндай тұлғаларды толық танып-біліп үлгеруі оңайға түспейтіні талассыз. Әбішті кешенді түрде зерттеу керек. Оның бір бойында жазушының, ақынның, драматургтің, аудармашының, мемлекеттік қайраткердің, саясаттанушының, философтың, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеуметтанушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан.

Не айтары бар, таңдантарлық тұлға еді. Бір жолы нөмірге салдыратын мақала сұрадық та, ол кісі жазып болған кезде мен үйіне жүргізушімді жіберіп, алдырттым. Майда әріптермен жазатын. Асыққанда тіпті майдалатып жіберетін. Үш-төрт сөз айқын оқылмады да, телефондап сұрауға тура келді. Ол кісі әлгі сөздің алды-артындағы сөздерді сұрайды, содан кейін әлгі сөйлемді тұтастай айта жөнеледі. Түсініксіз сөздердің басын ашып алғаннан кейін нақпа-нақ көрініп тұрған, күмән тумайтын тағы бір сөздерді әдейі сұрай бастадым. Оларды да сөйлем-сөйлемімен айта береді. Ғажап! Тап бір Сауытбек қазір мені тексермек болса, оны таңдандырайын деп әлгі жазғанын редакцияға жіберерде ксерокстан өткізіп, қолында ұстап отырған адам сияқты… Жады сондай керемет болатын. Әңгімені соза бермей, жалпы Кекілбаевтың мықтылығы оның бітімі бөлек журнализміне де байланысты екенін айтумен тоқталайын.

– Сауытбек аға, бұл сөзіңіз арқылы да өзіңіздің сүйікті кәсібіңіздің мерейін арттырып тұрсыз деп ойлаймын. Әдебиеттанушы, өнертанушы ретінде де танымалсыз. Әйтсе де, сізді бүгінгі биікке алып келген ең алдымен журналистика деп білеміз. Осы мамандықтың қадір-қасиетін айшықтап көрсете білген еңбегіңізге алғысымызды айтамыз. Жетпіс жастық тойыңызбен құттықтаймыз. Өмір жасыңыз ұзақ болсын! Ел үшін еңбек ете беріңіз!

– Рақмет!

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button