Елорда тынысы

Сенатор Астанада бір көшеге Шайсұлтан Шаяхметов есімін беруді ұсынды

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астанадағы көшелердің біріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметов есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

 –«Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Бүгінгі депутаттық сауалға ғылыми таным көкжиегін кеңейткен, қазақ ұлтының абзал перзенті Шайсұлтан Шаяхметов негіз болып отыр. Ол еліміздің білім, ғылым саласының дамуына, ана тіліміздің өркендеуіне, ұлт руханиятының жаңаруына өлшеусіз үлес қосты. 1960-1986 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден астам қазақ мектептерінің негізсіз жабылып, аралас мектепке айналғанын тоталитарлық жүйеден қаймықпай, ашық жазған тұңғыш саясаткер. Қызыл империяның қыспағынан босап, жаңа азат елдің білім саласын қайта құруға да өлшеусіз еңбек сіңірді. 1992 жылдың 18 қаңтарында қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш «Білім туралы» заңын Шаяхметов әзірлеп, сол заң еліміздегі мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуына, жеке меншік балабақша мен мектептердің ашылуына негіз болды.  “Болашақ” бағдарламасының негізін салып, соның арқасында 1989-1991 жылдары министрлік 15 шет мемлекеттің министрліктерімен және ЖОО-мен байланыс орнатты. Осы уақытқа дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегін өз деңгейінде бағалау назардан тыс қалып келді. Осы ретте елорда көшелерінің біріне қайраткер есімін беруді сұраймын, – деді депутат.

Сенатордың айтуынша, Ш. Шаяхметов халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына бастамашы болған, мемлекеттік тілді жедел оқыту орталығын ашуға мұрындық болған тұңғыш ұлт қайраткер. Қазақ терминологиясының тәуелсіздік жылдарында дамуына да үлкен үлес қосты. Осы уақытқа дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ұлықтау, еңбегін бағалау назардан тыс қалған тұлғаның есімін жаңғырту үшін сенатор көрнекті тарихи тұлғалардың өмірбаянын жоғары оқу орындарының бағдарламасында белсенді түрде зерттеуді ұсынды. Атап айтқанда, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы стипендия тағайындау туралы мәселені қарау керек. Депутат сонымен қатар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығын толыққанды ұлттық ғылыми институт ретінде қайта құру, сондай-ақ Алматы қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың республикалық институтына Ш.Шаяхметовтың есімін беруді ұсынды.

фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button