ЖаңалықтарТаным

Шәкәрім мен Сәкен терең түйсіктің сырын ұққандар



8

Суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығы хақында ой толғамас бұрын Шәкәрім атамызың мына өлең жолдарына назар аударайықшы:

Ақыл құсы адаспай
аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған көзден таса.
Жеті қат жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді қармаласа.

Осы өлеңнің философиялық ой-толғамдары терең туындылар жазып қалдырған суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармаларын түйсініп, сезінуге бағыт беріп тұрғандай болады. Өздерінің рухани деңгейін аспандатып жіберген терең ой мен түйсіктің иелері тудырған дүниелерде бір ұқсастық бар. Екеуі де кез келген адамның ой-толғамы, дүниетанымы жете бермейтін тақырыптарға қалам тербеген. Бір ғана айырмашылық: ойды жеткізу тәсілінде бірі сыр сөздерін өрнектеп пайдаланса, екіншісі қылқаламнан таңғажайып бейнелер тудыру тәсілін қолданады. Сәкеннің әр тақырыпқа топ­талған суреттерін тамашалағанда ойыңа Шәкәрімнің сыр сөздерінің (ой бастауы Құран Кәрімнен құйылар өлеңдерді ғұламалар «сыр сөздер» деп атауды ұсынған) шумақтары орала кетуінің сыры осында деп білемін. Өзінің ақыл құсын адамазаттың ойлау деңгейінен әрі асырып, аспандатып жіберген Сәкен ағамыздың көзінен мына әлемде, жалпы жаратылыста еш нәрсе таса қалмаған екен. Бір ғана «Бестиарий» топтамасында жан-жануарлар әлемінің бізге беймәлім, өмірі көріп сезбеген, үш ұйықтасақ та түсімізге кіргізе алмаған қаншама кескіні беріледі. Жәй кескін емес, тірі ағза. «Табиғат шапағындағы терек» картинасындағы жасыл желекті ағаштың бейнесі тұла бойынан қан жүгірген жанды жаратылыс түрінде көрінеді. Дұрысы, суретші айналасындағы құбылыстың бәрін басқаша көріп, қабылдайды. Бір ғана теректің өзінде біз аңғармайтын, аңғара да алмайтын қаншама тылсым жатыр десеңізші. Әр талы, жапырағынан өмір, тіршілік лебі есіп тұрғандай. «Судан шыққандар» картинасын көріп пе едіңіз? Онда негізінен судағы тырнақтың ұшындай әлдебір қиқымының ішкі ағзасы бірнеше мүшелерімен (тамыры, жүрегі, көзі, жасушалары…т.т.) жанды тіршілік иесі ретінде беріледі. Неліктен? Алла Тағаланың тоқсан тоғыз есімдерінің бірі – Хай, яғни, « тірі» дегенді білдіреді. Бұл тақырыптың идеясын осыдан тарқатуға болады. Былайша айтқанда, көзге көрінетін-көрінбейтін барлық жаратылыс Алланың бір ғана Хай-тірі есімімен тіршілік кешеді, өлі нәрсе жоқ. Сондықтан, сенің де санаң, ойың тірі болып, сөнбегені дұрыс. Мұны Шәкәрімше айтсақ, «Сөнген ойды жандыруға, Жан берерлік сөз керек». Күнделікті күйкі тірліктен басқаны көрмей, ойламай жүре берсек, сана сергек, ойымыз ояу бола ма? Ойды сөндірмеу үшін ойлы дүниелерге назар аударып, соны ұғынуға, түйсікпен сезінуге үнемі тырысқан абзал. Ұлы ойшылдар айтқан сөз бар, ойлануға үйрену суға шомылып үйренгенмен бірдей деп. Суға бірінші рет түскен адам әуелі жағасында тізеден келер жерде малтып қана жүреді. Тек үнемі жаттығу, талаптанудың арқасында бірте бірте жағалаудан әрі ұзап, тереңде бірнеше метр қашықтықта еркін жүзе алатын болады. Ойлай білуге үйрену де осылай. Бастапқыда дағдыланбаған ойымыздың етегімізге оралып жүруі мүмкін. Ал, әр нәрсенің мәнісін, мағынасын білмекке тырысып, өз ойыңды терең сырлы дүниелерді ұғуға қамшыласаң ғана ұшпаққа шыға аласың. Мынау пәнидің көзден таса көп сырын ұға бастайсың, ой-түйсігің жеті қат көктің өзін оңай басқыш қылып, ғарышты еркін кезіп жүретін болады. Ал ғарыштан жаратылысқа қарағанда қандай да бір құпия ашылмай қалмақ емес. «Бар ғылымның түп атасы – Таза ақылмен ойлану» дейді бұл турасында Шәкәрім атамыз. Суретшінің негізгі мақсаты – өз шығармаларына үңілгендерді осындай шырқау биікке жетелеп, түйсігімен ашқан құпия-сырларымен таныстыру. Танысқан дүниелерінің бәрін дұрыс ұғу үшін сенің де түйсігің дамып жетілген болуы шарт. Түйсіктен туған дүниені түйсікпен ғана қабылдайды. Суретшінің туындыларын көбінесе сөзбен түсіндіріп беру мүмкін емес. Неге? Өйткені, сөз, яки, тіл қанша құдіретті болғанымен, түйсікпен салыстырғанда бәрібір шектеулі. Егер шектеусіз болса, Сәкеннің шығармаларын қарап шығып сүйсінген, таңдай қаққан талай талантты тұлға өз ұққандарын сөзбен кестелеп бермес пе еді?! Демек, түйсік ұғынған нәрселердің бәрін жеткізуге сөз құдіретінің шамасы келе бермейді екен. Тек ишара жасап, ойды жақындатып қана береді.
Қазақтың ойшылы Шәкәрім атамыз: «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не болам?» «Мен» деген –жан, ақыл-айнам, Жоғала ма сол шын-ақ» деп жаралыстың жұмбағына бойлап, өзін толғандырған сұрақтарға жауап іздесе, мұндай ой орамдарын Сәкен шығармаларынан да кездестіреміз. «Астральды» топтамасындағы картиналардың негізгі идеясы қарапайым, бірақ жауап беруге қиын үш сұрақтың төңірегінде топтасқан: Кімсің? Қайдан келдің? Қайда барасың?
– Сәкен күн сайын ерте тұрып, міндетті түрде зиратқа, әке-шешесінің басына барушы еді. Сосын шеберханасына келіп, сурет салуға кірісетін. Бұл дағдысынан өмірі жаңылып көрген емес, – деп әңгімелеген еді бізге Сәкен Ғұмаров мұражайының директоры, суретшінің жан жары Гүлсара Ғұмарова. Сәкеннің осы қарапайым дағдысынан өзінің кім екенін, қайдан келгенін және қайда баратынын үнемі есінен шығармағанын, осы сұрақтарға жауап іздегенін байқаймыз. Қандай түйін жасады? Оны түсіну, яки, түйсікпен сезіну үшін «Астральды» топтамасындағы «Періште және олар», «Ұрықтану», «Жұлдыздар нөсері», т.б. шығармаларын қарап, танысу керек.
«Даналықтың төркіні бір» дейді қазақ. Сондықтан да шығар, Шәкәрім мен Сәкеннің ұқсастығын кемелденіп, жұртшылыққа танылу кезеңінен де көруге болады. Мысалға Шәкәрім атамыз:
«Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным,
Көп ғалымның сөзінің
Ақылға алдым сыйғанын», – деп, өзінің қырық жастан асқаннан кейінгі рухани ой-толғамдарын халқына олжа қылды. Кемел жасқа келгенде жазған сыр сөздеріндегі философиялық ой-иірімдері өте терең, қазақтың ғасырлар бойғы жұтамайтын рухани қазынасы ретінде әлі сан мыңдаған ұрпаққа қызмет етері сөзсіз. Сондай-ақ, Сәкен ағамыздың шығармаларындағы терең философиялық ой-толғамдар да қырық жастан кейінгі жазған туындыларында шарықтау шегінде көрінеді. Былай қарағанда, ол суретті бала кезінен бастап салған. Сәкен Ғұмаровтың тұңғыш көрмесі Орал қаласында 1987 жылы, яғни, елу жасында ұйымдастырылған екен. Оған дейін кеңестік тоталитарлық жүйе азат ойдан туған мұндай дүниелерді қабылдауға мансұқ қылса, екінші жағынан Сәкен аға да өзінің кемел жасқа жетуін күткен сияқты. Ол – қылқаламынан туған дүниелердің түбінде халық игілігіне айналарына сенген адам. Алғашқы көрмесінен кейін-ақ оның атақ даңқы аспандап жүре берді. Ең алдымен аз уақыт ішінде Қазақстанға танылды. Алматы қаласында суретші туындыларының көрмесі бес рет ұйымдастырылса, үш көрмесі Мәскеудің өзінде өтті. Сол 1990 жылдың 22 қазанында Киев қаласындағы В.И. Ленин музейінде Сәкен туындылары тура бір ай бойы тамашаланған. Суретші еңбектеріне деген мұндағы халықтың ықыласы ерекше болған көрінеді. Бұл – Сәкен Ғұмаровты әлемге қайталанбайтын талант иесі ретінде танытқан жыл. Одан кейінгі көрмелер Ялта, Сочи, Челябинск және Вильнюс қалаларында жалғасты. 1987 жылдан 1995 жылы дүниеден өтер шағына дейінгі сегіз жыл ішінде суретшінің қырық көрмесі өткізілді. Шәкәрім атамыз «отыз жылдай жиғаным» десе, Сәкен Ғұмаров та тура отыз жыл сурет өнерімен айналысқан. Ол кезінде КСРО Журналистер одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болды. Кейбір ой-толғамдарын қазақ, орыс тілдерінде өлеңмен де өрнектеген. Асыл аға дүниеден өтер шағында:
«Өмірім! Менсіз жалғасасың,
Мен асықпаймын, сен асығасың,
Тіпті менен алыстап,
Әлдебір майдан ашып,
Алысасың, жұлысасың,
Мен саған ілесе алмаймын.
Сен салтанат-құрметке ие боласың,
Менің қолым жетпеген дәулет пен атаққа
Сен ие боласың!» – деген өлең жолдарын қалдырған екен. Сөз жоқ, Сәкен ағаның терең туындыларын түйсікпен қабылдап ұға алатын жаңа кезең жақындап келеді. Сол уақытта қазір әлі толық игерілмей жатқан Шәкәрім атамыздың сыр сөздері де, Сәкен ағамыздың қылқаламынан шыққан туындылар да халықтың үлкен сұранысына ие болып, баға жетпес рухани қазынасына айналады. Терең ойлы ғұламалардың еңбектері халыққа кең ұғылатын кезең туатынын Пайғамбарларымыз да өсиет етіп айтып кеткен ғой. Құдайым бізді сол күнге жеткізсін дейік. Оған дейін «ЭКСПО – 2017» көрмесінде Сәкен ағамыздың толғаныстан туындаған шығармалары шетелдік мәртебелі меймандардың назарына ұсынылса, бұл да бір ұлттық құндылығымызды паш еткен дүние болмас па?!

Меңдолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button