Басты ақпаратСаясат

Шерағаңның ізбасарлары қайда?



Парламент – мәңгі ел болуға бет бұрған қазақ билігінің әйгілі үш бұтағының бірі. Қазақстан парламентаризмінің қалыптасып, нығаюына талай-талай тұлғалар еңбек сіңірді. Екі, тіпті үш сайлаудан өтіп, депутаттық төсбелгісін он жылдап таққандар да табылды. Ондаған жыл депутат болса да, қыңқ етіп үн қатпағандар да болды. Тағдырлы құжаттар талқыға түскенде, ондағылардың көбі кісілік келбетінің қандай екенін көрсетті. Бірі шыңға көтерілсе, ендігі біреулері сынға қалып жатты.

Оның ақыра сөйлеген дауысы әлі күнге Парламент қабырғасында жаңғырып тұрғандай. Әрине, ол ғимаратқа барып, қазіргі аурасын сезініп көрмегендерге мұны түйсіну қиындау. Ал «мен бала тумасам да, балалардың тағдырына қатты алаңдаймын. Қараусыз қалған жетім балалар үшін жүрегім ауырып отыр» деп жүрегі езіле, жыларман халде сөйлеген Фариза Оңғарсынова ше? Ол да Парламент Мәжілісінің беделін биіктетіп отырушы еді ғой. Дәл осы уақытта Сенатта да қазақ руханиятының үлкен діңгегі болған Әбіш Кекілбаев депутат-тұғын. Шетелде ашылған Ұлттық қор туралы алып-қашпа әңгімелер өршіп, неліктен қыруар қаржы елден жасырын түрде жиналып жатқанын Үкімет бүгіп отырғанда Сенат отырысында үстелін алақанымен қойып қалып: «Өлтірсеңдер де, айтып өлтірсеңдерші. Елден не жасырып отырсыңдар?» деп күйіне сөйлеген, әдеттегі сабырлы, ұстамды қалпын бұзып, шырқырап шындық іздеген Әбіш ағамыз ел есінде. Айтпақшы, Әбіш Кекілбаев министрлік өкілдері бюджеттен ақша шығындап, шет елдерге барып ағылшын тілін оқып келіп жатқанын естігенде де: «Миллиондаған қаржыны ағылшын тілін үйретуге жұмсап отырсыңдар. Ал министрлерді қазақша сөйлету үшін есек мінгізіп ауылға жібереміз бе, қайтеміз» деп ашуланғаны да көз алдымызда…
Иә, ол жылдары Парламент депутаттары – халық қалаулылары болатын. Депутаттар халықтың дауыс беруі арқылы сайланатын да, олар өз сайлаушылары алдында жауапты еді. Ал тұтас халық тағдырына қатысты үлкен мәселелерді, кесексөзді ірі тұлғалар сөз қылатын. Сол тұста қазақ көшелі сөз айта алатын біраз азаматын таныды. Амангелді Айталы, Мырзагелді Кемел, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров секілді азаматтар күрескер тұлғалар ретінде белгілі болды. Парламентке депутат болмағанда біз Ақтөбеде Айталыдай айтулы, батыр, күрескер ағамыз руханият, ұлт мәселесінде кемел ой айта алатын ғалым барын дүйім жұртқа жеткізе алар ма едік?! Шындық пен көшелі сөзді күмбірлетіп күйше төгілтіп, көкке көтерген елжандылық пен күрескерлік оркестрін құрауға Қаратай Тұрысов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбдіжәлел Бәкір, Нұртай Сәбильянов, Қуаныш Айтаханов, Светлана Жалмағамбетова, Мұхтар Тінікеев, Серік Әбдірахманов, Ерасыл Әбілқасымов секілді депутаттар да үлес қоспап па еді?..

Бір кездері халық пен Үкімет арасында «алтын көпір» болған Парламент қазір өзінің сол қасиетін әлсіретіп алған жоқ па деген ой келеді. Парламент бір кездегі төраға Жармахан Тұяқбайдың «Парламенттің қызметі «осының көшірмесі дұрыс» деп мөр басып беретін нотариус­тың жұмысы сияқты» дегеніндей, басқаның айтқанына бас шұлғып отыра беретін құрылымға айналып кеткен жоқ па? Плутархтың: «Маған не айтсам соны құптап бас изей беретін достың керегі жоқ, олай көлеңкем де жасай алады» дегеніндей, «көлеңке құрылымда» қадір бола ма? Соңғы кезде Елбасы өз бастамасымен көп өкілеттікті осы Парламентке жүктеді ғой. Ел мен Елбасы сенімі неге олардың жігерін жани түспейді? Ел неге қазіргі депутаттардың атын білмейді? Неге олар халықты жігерлендіретін, қоғамды өркендететін, елдің санасына сәуле түсіретін, атқарушы билікті қалғып бара жатса, түртіп оятып, тиімді жұмыс істеу­ге шақыратын отты сөз айта алмайды? Бұрын да шешендігімен танылған, елді аузына қаратқан Бекболат Тілеу­хан, Нұртай Сәбильянов секілді депутаттардың өзі неге «үнсіз»? Сенат пен Мәжілістегі жалпы 157 депутат арасынан Шер-ағамыздай немесе Айталыдай айбарлы азамат көрінбей жүргені неліктен? Әйтпесе олардың құрамын осал дей алмайсың, бұрынғы министр де, әкім де, прокурор, сот та осында отыр. Әлде үндемеймін деп уәде бергендерді ғана партиялар Парламентке өткізе ме?
Десек те, әріптестерінен қара үзіп шығып, ел-жұрттың мұң-мұқтажын, жан­айқайын Үкіметке арагідік болса да жеткізіп жүрген бірқатар қалаулылар жоқ емес. Олардың қатарына Сенаттан Мұрат Бақтияр­ұлын, Сәрсенбай Еңсегенов­ті, Бақтыбай Шелпеков­ті, Сәуле Айтпаеваны, Мәжіліс­тен Азат Перуашевті, Берік Дүйсенбинов­ті, Меруерт Қазбекованы, Владислав Косаревті, Айқын Қоңыровты, Нұрлан Дулатбековті және басқаларды жатқызуға болады.
Бүгін Парламенттің жаңа сессиясы ашылып, депутаттар екі айлық демалыстан кейін өз ғимаратына оралады.
Ал өткен екі ай ішінде ел басынан небір оқиғаларды өткізді. Әйгілі спортшы Денис Тен қарақшылардың қолынан көз жұмды… Бала зорлап, адам өлтіру фактілерінің неше түрі тіркелді… «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, оның қарапайым отбасылар, әсіресе, көпбалалы жанұялар үшін әзірше аса тиімді болмай жатқаны ел ішінде айтылды… Шет елдердегі қазақтардың тағдырына қатысты жағдайлар әлеу­меттік желілер арқылы елге таратылды…
Ал енді Парламент депутаттары жаз бойы ел арасында болған оқиғаларға, өздері өткізген кездесу қорытындыларына қарап, қандай да бір шешім шығарып, мәселе көтере ала ма? Әр оқиғаның астарына үңіліп, қоғам ауанын анықтай ма? Халықтың мұңын Үкіметке жеткізіп, тиісті шаралар қабылдауға түрткі бола ма? Сұрақ көп, жауабын депутаттар әрекеті аңғартар.
Іске сәт!




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button