Sport

Тоғызыншы орынға көтерілді

Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есебі 64 жүлде еншіледі. Медаль саны қомақты көрінгенімен, командалық есепте жағда­йымыз мәз емес.

Азияда үздік бестіктен төмен түсіп көрмеген қазақтар ондықтың өзінен тұрақты орын ала алмай жатыр. «Ауыз толтырып» айтатын 64 медальдің алтыдан бір бөлігі ғана алтын болып тұр деп айтуға болады. Нақтылап айтсақ, 12 алтын, 11 күміс, 41 қола.
Соңғы төрт күнде ел қоржынына төрт алтын түсті. Алдымен 28 тамыз күні Алина Әділханова көркем гимнастикадан жекелей сында 66.800 ұпай жинап, топ жарды. Екінші алтынын алған ол бұдан бұрын командалық сайыста чемпион атанды.
Араға екі күн салып 30 тамыз күні спортшыларымыз үш алтынды сүйіншіледі. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден жеңімпаз болды. 14.26 метрге секірген Ольга осымен төртінші рет қатарынан Азиада чемпионы атанып отыр.
Келесі алтын – дзюдо­шы Дидар Хамзаның қанжығасында. Ол 81 кг салмақта бақ сынап, финалда ирандық Саид Моллаидан айласын асыр­ды. Елдос Сметовтің сәтсіздігінен соң ешкім күтпеген бұл жеңіс нағыз сенсация деп бағаланды.
Ал он бірінші алтынды каное мен байдаркада ескек есушілер алды. Илья Голендов, Сергей Токарницкий, Алексей Дергунов және Евгений Алексеевтен құралған Қазақстан командасы 500 метрлік межені бірінші болып бағындырды.
Ұлттық құраманы 11-орыннан 9-орынға көтерген алтынды Бағлан Ибрагим алды. Ол самбодан 52 кг салмақта күресіп, финалда моңғолды 4:0 есебімен жеңді.
Қалған жүлделерге келсек, ұпайымыз тағы 3 күміс, 13 қола медальға артты. Аяқталуына екі күн қалған байрақты бәсекеде қоржынымыз әлі де қомпая түседі деп үміттенеміз.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button