Басты ақпарат

ШЕРХАН ШЫНДЫҒЫНЫҢ БІР ҰШҚЫНЫ

Аса Көрнекті қайраткер, редакторлардың редакторы, жа­зушы, драматург, Қазақ­стан Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Қазақ­стан­ның халық жа­зу­шысы Шерхан Мұртаза шығармала­рын сүйсініп оқитын оқырмандарының бірімін. Себебі оның туындыларының қай-қайсысы да өмірдің өз ортасы­нан ойып алынғаны, кез келген дерлік кейіпкерлерінің өмірде прототиптері болғаны айқын білініп тұрады.

Жазушы қаламынан туған сондай сүйікті кітаптарымның қатарында оның «Ай мен Айша» атты романы да бар. Аталмыш шығарманың да өн бойынан шындық пен шынайы тіршіліктің лебі еседі де отырады. Сондықтан ондағы қай сюжет те адамды елеңдетпей қоймайды. Солардың ішінде «Фамилия дауы» деген тақырыппен берілген әңгіме бір жолы назарымызды ерекше аудара берді.
Мұндағы желі жазушы Шерханның прототипі – бала Барсханның Әулие-Атадағы мектеп-интернатқа түсіп, оқу үшін келген сәтінен басталады. Оқушының балаң жадында сонда «бурыл шашты, қызыл шырайлы, еңкіш тарт­қан» қалпында қалған мектеп-интернат директоры мұны күлімсіреп қарсы алады.
«Кестелі жағасы бар кенеп көйлегін жібек баулы шашақты өрме жіппен белбаулаған» сол ағай алдындағы баланың Молотов мектебінен келгенін куәландыратын құжатқа шұқшия қарап тұрып: «Неге Мұртаза?» деген төтен сұрақ қояды. Бақса, онысы «Әкеңнің атын Мұртаза деп емес, Нұртаза деп жазайық» деген ишарасы екен. Кішкентай да болса, әкесі есімінің жөн қолданылып жүргенін сезген, әлде, қимас жанының бейнесі жүрегінде осы атымен сақталып қалған, сосын сатқындыққа баруға ары жібермеген бала кейіпкеріміз бұған, әрине, көнбей тұрып алады. Сол уақыт шын мәнінде де бұл есімнің арабша діни кітаптарда жазылған түпнұсқалық қалпының «Мұртаза» екенін, ал «Нұртаза» соның бұзылып алынған үлгісі екенін құйттай Барсхан біле бермесе керек.
Бір кез әкесінің аты «Бердімбет бабасының Түркістанның өзінен дамулла алдырып, кітапқа қаратып, Мұртаза қойылғанынан» қуат алып, бойына батылдық кірген Барсхан Молотов мектебінде Дос­мырза директор айтқан әңгімені есіне түсіріп, Сібірдің ханы Көшімнің әкесінің аты да Мұртаза болғанын сарт еткізеді. Мұнымен де тоқтап қоя салмай, манағы Молотов мектебінен бергі танысы, бүгінде осында жұмыс істеп жүрген Хасан Өзденов есімді қарашай ағайынан естігені бойынша, директор ағайының да шын аты-жөнінің түзу еместігін, яки дұрыс жазылмай жүргенін айтып кеп жібереді. Сөйтсек, бұйрықтардың соңына «директор Ә.Кургулин» деп қол қоятын мектеп басшысының тегі «Көроғлы» атынан шыққан екен. Міне, осыны қаймықпай айтқанының арқасында сол жолы Барсхан бірден мектеп-интернатқа қабылданады.
Енді осы тақырыпты басқа қырынан көтере келсек, біз кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Қызыл­орда облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезімізде, 2006 жылдың 4 тамызында басылым бетінде «Кім болды екен бұл бозбала?» деген хабар жариялағанбыз. Осы шағын материалда еліміздің футбол біріншілігінде өнер көрсететін Тараздың өзімен аттас командасы құрамында соңғы бірер жылдан бері Нұртас Кургулин есімді жас жігіттің ойнап жүргені баяндала келіп, сол баланың жазушының жоғарыдағы романында кездесетін мектеп-интернат директорына қандай қатысы бар екені сауын айтылғандай етіліп барша жұрттан сұралды. Бір қуаныштысы, сұрауға үн қатқан оқырман кездесті. Басылым өзінің 2007 жылғы
11 мамырдағы нөмірінде тараздық Жанат Сарыбаев
есімді оқырманның «Бұл боз­баланы біз білеміз» деген жауаптасу лебізіне орын берді. Онда автор алдымен романда сөз болатын Ә.Кургулиннің толық аты-жөнінің «Әбдірахман Мұхаметжанұлы Кургулин» екенін мәлімдейді. Әйтпесе қаламгер шығармасында бұл есім түгелімен жазылмаған еді. Осы мақала арқылы жұрт бұл кісінің сол жылдары қазіргі Тараз қаласындағы «№5 мектеп» деген
атау алып отырған оқу ордасын басқарғаннан кейін Қызылорда педагогикалық инс­титутының ректоры, содан соң Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы болғанын біледі. Расында, Әбдірахман аға өз саласының білікті маманы болыпты. Оқу орындарында биология пәнінен сабақ беріп келген ол сосын «Жалпы биология» деп аталатын оқулық та жазып шығыпты. Бір қызығы, біз сөз етіп отырған Әбдірахман Кургулиннің әкесінің тағы бір бауыры басқа бір кітапқа кейіпкер болған екен. Әбекеңнің атасы Көроғлыдан Мұхаметжан, Бақытжан, Әкім­жан және Әмитжан деген төрт бала тарайды. Осындағы Мұхаметжаннан Әбдірахман туса, әкесімен кіндіктес Әкім­­жан көрнекті қазақ жа­зу­шысы Тахауи Ахтановтың «Шы­рағың сөнбесін» деген ро­манында қиналғанға қол ұшын беретін қайырымды кісі ретінде суреттеліп, өзінің тура аты-жөнімен беріледі. Ал біз сұрау салған футболшы бала Нұртас осы Әкімжанның ұлы Мүбәрактың туған немересі екен.

2006 жылдың 4 тамызында басылым бетінде «Кім болды екен бұл бозбала?» деген хабар жарияла­ғанбыз. Осы шағын материалда еліміздің футбол біріншілігінде өнер көрсететін Тараздың өзімен аттас командасы құрамында соңғы бірер жылдан бері Нұртас Кургулин есімді жас жігіттің ойнап жүргені баяндала келіп, сол баланың жазушының жоғарыдағы романында кездесетін мектеп-интернат директорына қандай қатысы бар екені сауын айтылғандай етіліп барша жұрттан сұралды. Бір қуаныштысы, сұрауға үн қатқан оқырман кездесті

Біз қолымызға осындай фактілер түскен соң, Әбдірахман Кургулин туралы зерттеуді одан әрі жалғастырдық. Сонда оның ата-бабаларының шыққан жері Ақтөбе облысының аумағы екенін анықтадық. Ұстаздың Қызылорда педагогикалық институтында ректорлық қызмет атқарғаны да шындық болып шықты. Ол 1955-1956 жылдары осы оқу орнын басқарыпты. Бұған де­йін 4-5 жылдай мұнда проректор болған. Сосын ректорлық орнын алашордашы қазақ қайраткерлерінің қатарында болған соңғы буын өкілі Әлімхан Ермековке босатып беруіне тура келген. Бірақ жаңа басшымен екеуі аға-інілідей өте жақсы сыйласып кеткен. Соның әсерінен тағы 4-5 жыл осы институтта проректор болып істеген. Іздестіру кезінде бізге сол жылдары Қызылорда қаласында Әбдірахман ағаның туған қарындасы Нағима апайдың тұрып жатқаны да белгілі болып еді.
Шырғасы шынайы шындыққа суарылған шып-шымыр шығарма басты кейіпкерінің тағдыры қаншалықты ауыр болғанына қарамастан, әрда­йым өте жатық оқылып тұратынын осы «Ай мен Айша» анық танытты.

Серік Пірназар

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button