Басты ақпаратДенсаулық

«SMART МЕДИЦИНА» ЖОБАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?



Келесі жылдың қаңтарында бас қалада «Smart Астана» тұжырымдамасы аясында «Smart Медицина» жобасы енгізіле бастайды. Қалалық мәслихатта өткен «Депутат күні» барысында Астананың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров аталмыш жобаның артықшылықтары туралы баяндап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

smart medical doctor working with operating room as concept

Баяндамашының айтуынша, бұл жобаны әзірлегенде Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Сингапур мемлекеттерінің тәжірибесі ескерілді. Жоба шеңберінде халық денсаулығына қатысты барлық үдерістерді автоматтандыру, емханаларда диагнозды анықтау және емдеу кезінде қателіктерді азайтатын «ақылды» элементтерді енгізу, радиологиялық және зертханалық зерттеулердің орталықтандырылған базасын құру жоспарлануда.
«Smart медицина» елордада медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатына тезірек жетуге септеседі. Атап айтсақ, рентген жазбаларын өңдегенде жоғары дәлдікке жетуге мүмкіндік береді. Мәселен, оған енгізілген жасанды интеллект технологиясы қатерлі ісіктерді ауру асқынбай тұрғанда анықтайды.
Жалпы алғанда, бұл жобаның әлеуметтік және өндірістік артықшылықтары бар. Алғашқысы дәрігердің қабылдауына жазылудың балама әдістерін ұсынып, емханаларда кезектерді азайтады. Пациентті қабылдағанда мәліметтерді енгізу уақытын қысқартады. Пациент бағыты мен медицина қызметкерлерінің жұмысын оңтайландырады. Аурудың алдын алуға көмегін тигізеді.
Ал екінші артықшылық – медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін көтеріп, дәрі-­дәрмек пен медициналық қон­дырғыларды есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Диагноз қоюдың сапасын арттырады. Базаға енгізілген мәліметтер мен дәрігерлердің науқасқа жазып берген емін қадағалауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, рентген жазбалары мен зертханалық зерттеулердің дәлдігін көтереді. Назар аударылуы тиіс жайларды болжауға, медицина ұйымының әкімшілігін нәтижелі басқаруға тиімді жағдай тудырады.
Астананың кейбір медициналық ұйымдары жартылай автоматтандырылғанын айта кету керек. Яғни, бұл ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер жұмыс істеп жатыр. Алайда дәрігерлер бір мәліметті екі рет енгізіп, уақыттарын жоғалтуда. Бұл мәліметтер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізіле тұрып, бұл министрлікке есепті тапсырғанда қайтадан сұралады. Осыған байланысты Астананың Денсаулық сақтау басқармасы барлық модульдерді кешенді түрде енгізуді қарастырып жатыр.

«Smart Медицина» елордада медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатына тезірек жетуге септеседі. рентген жазбаларын өңдегенде жоғары дәлдікке жетуге мүмкіндік береді. Мәселен, оған енгізілген жасанды интеллект технологиясы қатерлі ісіктерді ауру асқынбай тұрғанда анықтайды

«Smart медицина» жобасын мемлекеттік жеке әріптестік механизмі арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Келесі жылдың басынан ол аталмыш басқармаға қарасты медициналық ұйымдарға кезең-кезеңімен енгізіле бастайды.
Әрине, жобаны іске асыру үшін біраз шығындануға тура келеді. Бұл шығындар медициналық ақпараттық жүйенің өзі мен серверлік қондырғыларды, тиісті техниканы, ғаламтор байланысын сатып алуға жұмсалмақ. Қазіргі күнге оларды жеткізуші бірнеше инвестор қыз­метін ұсынып отыр. Басқарма болса алда конкурс өткізу үшін жеткізушіге қойылатын талаптарды әзірлеуде. Камалжан Надыровтың сөзінше, жобаны жүзеге асыруға кететін қаржы көлемі де алда анықталады.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button