Басты ақпаратҚала мен Сала

МӘДЕНИ ОШАҚТАР – ҰДАЙЫ НАЗАРДА

Келесі жылы мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындарына, барлығы 2 мыңнан астам адамға үш айлық қазақ тілі курстары өткізілуі керек. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкерлерге арналған ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылмақ. Әлеуметтік қызметкерлер мен астаналықтар да, жиыны мыңнан аса адам осы тілді оқиды. Ол үшін 10 млн теңге бөлінді. Кеше өткен Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында мұны Астананың Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев хабарлады.

Оның айтуынша, аталмыш басқарма қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне кө­шіру бойынша бағдарлама дайындап жатыр. «Алдымен Астана халқына латын графикасы негізіндегі әліпбиді үйретуіміз қажет. Елбасының Жарлығы шыға салысымен Маң­ғыстау облысы сияқты өңірлер латынға көшу бойынша істерді дереу қолға алып жатыр. Меніңше, бұл мәселеде бастысы – асығыс­тыққа бой алдырмау. Бәрі кезең-кезеңмен жүзеге асады. Біз де жоспарға сәйкес қимылдаймыз. Бәлкім ол үшін қосымша қаржы да қажет болатын шығар» деді басқарма басшысы.
Отырыста, негізінен, қаланың 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасы, соның ішінде жоғарыда аты аталған басқарма мен Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына бөлінетін қаржы көлемі талқыланды. Әсіресе, комиссия мүшелерінде халыққа ағылшын тілін оқыту мәселесі бойынша сұрақтар туындады.
Тілеуғали Қышқашбаев­тың сөзінше, бір адамға осы тілді оқыту үшін 1700 теңге бөлінеді. Бір жылға бұл сома 10 мыңнан астам теңгені құрайды. Яғни, бір адамға арналған жылдық курс 6 сағаттан тұрады. Комиссия мүшелерінің пі­кірінше, осыншама сағатта адам ағылшын тілін меңгере алмайды. Бұл «бекер мал шашпақ» болып отыр. Оқыту нәтижелі болуы үшін бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, сағаттар саны да көбею керек.
Оқырманның есінде болса, биыл қала театрлары бас­шылығының Астана әкі­­мінің орынбасары Ермек Аманшаевпен кездесуінде «Жастар» театрының шатырын жөндеу мәселесі көтерілді. Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина бұл мәселені жаңғыртып, жөндеуге 83 млн теңге керек екенін жеткізді. Бұл қаржыны «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында сұрауды жоспарлап отырғанын айтты.
Алдында Астанада қазақ театры салынатыны туралы да ресми түрде хабарланды. Басқарма басшысының орынбасары бұл мәселені де түсіндіре кетті. Оның айтуынша, қазір Құрылыс басқармасына жұмысты бастау үшін бастапқы сома ретінде 1 млн теңге бөлінді. Театр бойынша техникалық-экономикалық негіздеме де дайын.
Бұған қоса, депутаттардың тарапынан М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрын
жөндеу, музейлер мен
театр­ларға тегін кіретін күндерді ұйымдастыру мәсе­лелері көтерілді.
Нарима Мұхамбеталина Астананың 20 жылдық мерей­тойы келе жатқанын, келесі жылы басқарманың негізгі жұмысы оны лайық­ты атап өтуге бағытталатынын жеткізді. Басқармаға бюджеттен бөлініп отырған қаржының қомақты бөлігі де осы мерей­той шараларына жұмсалады екен.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Театр қойылымдар жастарға тегін болуы керек және білім ордаларда насихатталуы қажет. жастар мәдени ағарту мен терең білім мен сауаттылыққа жол ашылады. Қазақи құндылықтарды дәріптейді

Пікір үстеу

Back to top button