Басты ақпаратЖаңалықтар

Латынға көшу үш кезеңмен іске асады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 27 қазанда латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекіткені мәлім. Сондай-ақ, жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетіні белгілі. Осыған орай, Үкіметке жаңа графиканы енгізу бойынша жұмыс тобын құру тапсырылды.

Елордадағы Коммуникациялар орталығында латын графикасына көшуге арналған брифинг өтті. Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы латын графикасын кезең-кезеңмен енгізу жөнінде үш кезеңнен тұратын арнайы жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді. «Біріншіден, Үкімет жанынан латын графикасын қазақ тіліне енгізу жөніндегі жұмыс тобы жасақталады. Екіншіден, орфографиялық-лингвистикалық комиссия құрылып, латын графикасы негізінде жаңа орфография­лық ережелер мен қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі шығарылады. Үшіншіден, барлық нормативтік құқықтық база ретке келтірілуі қажет» деді министр. Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, осыдан кейін оқу-әдістемелік, көркем және өзге де қажет әдебиеттерді, әсіресе, әлеу­меттік маңызы бар әдебиеттерді дайындауға ден қойылады. «Сондай-ақ, жаңа әліпбиді насихаттау мақсатында БАҚ арқылы бірқатар жұмыстар атқарылуы керек. Ал әліпбидің қолданыс аясын кеңейту үшін жарнама саласын пайдалануға болады. Мәтіндерді латын графикасына автоматты түрде көшіретін арнайы портал ашып, конвертер әзірлейміз» деп сөзін қорытындылады А.Мұхамедиұлы.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев латын қарпінің апробациясы қоғамда қызу талқылануы керектігін айтып, латын әліпбиіне көшудің даярлығы оны енгізудің сапасына әсер ететінін алға тартты. Айта кету керек, апробацияға 4 жылдай уақыт беріліп отыр. Бұл дегеніміз – латын қарпінің қабылданған нұсқасы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл жөнінде министр «Қазіргі уақытта ғалымдар тарапынан латын қарпімен жазатын лингвистикалық, орфографиялық ереже керек болып тұр. Оны дайындағаннан кейін апробация кезеңі басталып кетеді. Біз 40-50-ге жуық мектепті таңдап, әр сыныпта сынақ жасап, сол бір жылдың ішінде мектеп директорлары, мұғалімдер және студенттермен талқылауға дайынбыз. Егер латын әліпбиіне қатысты қиыншылықтар болса, оны республикалық комиссияға нақты ұсыныс ретінде енгізуге болады» деді. Тағы бір өзекті мәселе – аралас және орыс тілді мектептерде латын графикасының қолдануы пән ретінде ғана шектелетіні болып отыр. Ерлан Сағадиевтің сөзіне сенсек, орыс және қазақ мектептерінде қазақ тілі пәні латын әліпбиімен оқытылады. Ал орыс тіліндегі пән болса кириллица күйінде қалады.
Ең алдымен, министрлік 2019 жылға қарай қазақ тілінің латын қарпін нөлінші және бірінші сыныптарға үйретуді бастайды. Кейін әр сынып кезең-кезеңмен
көшеді. Нөлінші сыныптарға латын әліпбиін оқытатын мамандарды даярлау, жыл сайын оқулықтарды басып шығару нақты қаржыны қажет ететіні түсінікті. Алайда министр мырза оған қандай сома қарастырылатынын айту әлі ерте деді.
Келесі болып сөз сөйлеген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек апта соңында Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірігіп, алғашқы сынақ орталығы ашылатынын жеткізді. Баспасөз мәжілісінде ресми мәлім етілгендей, осындай орталықтар басқа қалаларда да, облыс орталықтарында да ашылады. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің пікірінше, жаңа қабылданған нұсқа классикалық латын әліпбиіне сәйкес. «32 таңбаның 9 таңбасы тура классикалық латын қарпін қайталайды. Емле ережелері жасалғаннан кейін бұл нұсқаны халық қабылдап, түсінеді деген ойдамын» деп сөзін түйіндеді.

Григорий Карасин, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Бұл жағдайда біздің ұстанымымыз байсалды, түптеп келгенде, қай тілді қандай деңгейде қолдану – бұл Қазақстанның ішкі мәселесі. Жаңа әліпбиге көшу үшін біраз уақыт кетеді, алайда айтарлықтай мәселе туындамайды. Мен біздің екіжақты қарым-қатынасымызды бейімдеудің, орыс тілін латынмен байланысты жаңа жағдайда қалай бейімдеудің амалын табатынымызға сенімдімін.

Михаил Бочарников, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстан – орыс тілі Конституция бойынша ресми мәртебеге ие мемлекеттердің бірі. Ресей егемен Қазақстанның мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру туралы шешіміне түсіністікпен және құрметпен қарайды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның басқа ресми тұлғаларының мәлімдемесіне сәйкес, орыс тілінің позициясы сақталады. Ал орта мектептерде орыс тілі пәні одан әрі оқытыла береді. Себебі Қазақстан азаматтарының орыс тілінде еркін сөйлеуін республика басшылығы елдің маңызды мәдени басымдығы ретінде қарастырады. Қазақстанның ресми инстанцияларының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда орыс тілі пәні оқытушыларына сұраныс жоғары, олардың санының артуына көп көңіл бөлінген, сондай-ақ, Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының жаңа филиалдары ашылмақ. Ресей тарапы мұның барлығына қолдау көрсетуге әзір.

Гүлдана Талғатқызы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button