Басты ақпарат

Атаман Анненковтын ақыры

лучшие интернет займы

Кешегі ақ қашып, қызыл қуған заманда қазақ жерінде сүргін салып, жергілікті халықты қынадай қырған қанқұйлы қарақшылар аз болмаған. Солардың ішінде адамды азаптап өлтіруде атаман Борис Анненков деген қаныпезерден ешкім асып түсе алған жоқ. Бірақ жаратқанның көзі түзу екен, кезінде Ақмола өңірінде, Көкшетау саясында, Жетісу өлкесінде, Семей танабында қазақтың қанын суша шашқан сол ақ казактардың генералы ақыры ажалын біздің топырақта тапты. Оның Қытайға қашып кеткен жерінен ұстап әкелініп, Семейде өткен әскери сот процесінің үкімімен атылғанына биылғы жазда 90 жыл толды.

Біз атаман Анненковтың атын алғаш рет сұңқар ақын, аса ірі қайраткер Сәкен Сейфуллиннің осыдан тура тоқсан жыл бұрын жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінен оқып едік. Революция дауылпазы өзінің кітабында алдымен серіктерімен қалай Ақмола түрмесіне қамалғанын, содан кейін Омбыдан арнайы келген Анненков жендеттерінің айдауымен жаяу-жалпылай әкетілгендерін, Қызылжардан ары қарай Арқаның қақаған қысында «Анненковтың азап вагонында» қандай теперіштерді бастан кешкендерін тәптіштеп суреттейді. Осы тақырыпқа көлемді шығарманың екі тарауы арналған. Олар «Атаман Анненков отрядының қолында» және «Атаман Анненковтың азап вагонында» деп аталады. «Омбыдан Ақмолаға Анненков­тың он бес шамалы партизан солдаты келіпті. Анненковтың партизандарының бәрі – өздері тіленіп кірген бұзықтар» дейді жазушы. 1919 жылғы қаңтардың 5-інде Ақмоладан шыққан бұлар көп жер жаяу айдалады. «Бізді қай қазаққа әкеліп түсірсе де, түскен үйдің еркектері жоқ болады. Анненковтың солдаттарына көрінуге қорқатын тәрізді» деп жазады ол. Осының өзі атаман сарбаздарының қысқа уақыттың ішінде жергілікті халыққа қалай қырғын салғанын байқатады.
«Вагонның халқы бір қалыпта, нашар. Қырау, мұз, дым, су, ызғар. Уілдеген суық. Пешке от жақсақ, қайнап ысып кетеді. Тұс-тұстан су ағады. Пеш сөнсе, айнала қырау, мұз қатады. Ызғарлы суық аңырайды. Вагонның қасында түрме ұжмақ тәрізді. Вагон – дозақ» деп суреттейді Сәкен Сейфуллин.
Роман-эсседе мынадай жолдар бар: «Міне, атаманның отрядының мінезі!.. Орынборда атамандардың ақсақалы Дутов пен «Алашорданың» ақсақалы кездескенде, қазақтың қария­ларынша құшақтасып амандасады! Ал атаманның жігіттері аулақта ел қазағымен кез болса, қазақты нысана қылып атады! Атқанда, Мұстафа Шоқайұлын қорқытқан өзбек басмашы жолдастарынша құр дәрілеп атпайды, қорғасын оқпен атады.
Иә! Атаман отрядының істері осы. Бұлар бүйтіп келе жатқанда, атаман Анненковтың басқа отрядтары Семей жақта, Жетісу майданында, «Алашорданың» қазақ отрядымен бірге тізе қосып большевиктермен соғысып жатыр. Семейде «Алашорда» мен атаман Анненков большевиктерді құртуға қазақтан «көңілді» әскер жасап жатыр». Бұл тіркестер саясаттың әсерімен, қызыл биліктің ықпалымен жазылды ма, ол жағы бізге беймәлім. Оған тарихшылар, алаштанушылар уақтысында өз бағасын бере жатар.
Сонымен, айналдырған екі жылдың ішінде Батыс Сібір ойпаты мен Қазақстанның солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерін топалаң келгендей дүрбелеңге салып, қанды террор орнатқан атаман Анненков кім еді? «Тар жол, тайғақ кешуде» бұған тиянақты жауап берілмеген.
Қазір тарихшылар тап осы тұлғадай қарама-қайшы атаман болмағанын айтады. Шынында, оның бір басында көзсіз батырлық пен керемет ұйымдастырушылық та, сонымен бірге ауыздықтауға келмейтін жүгенсіз басшылық пен қандықол қарақшылық та қатар ұштасып жатқан. Тарихшылардың пайымынша, атаман Борис Владимирович Анненков жеке басының азаттығы бәрінен, тіпті, заң мен тәртіптен де жоғары қойылатын ерікті казактар қауымынан шыққан. Осы ұстанымдар көп жағдайда адам айтса нанғысыз қатыгездік пен айуандыққа ұласып кетіп отырған.
Анненков керемет спортшы да болған екен. Қылыштасу өнерінің шебері атанған, аттың үстінде неше түрлі өнер көрсете білген, мылтық атуда да керемет мергендігімен көрінген. Өзінің полктас қаруласы хорунжий Берниковпен бірге Жоңғар Алатауының бір шыңына шығып, альпинист ретінде де танылған. Оның бір басына бір-біріне қарама-қайшы осы қасиеттердің бәрі қалай сыйып келгені зерттеу­шілерді әлі таңғалдырады.
Борис Анненков 1889 жылы 21 ақпанда Киевтің түбінде тұратын отставкадағы полковник Василий Анненковтың отбасында дүниеге келген. Өмірге қадам басқан бірінші күнінен ол әулеттік әскери рухтың аясында өседі. Туа-бітті дворянин болып табылатын бала жастайынан ілім-білімге де құштар екен. Әсіресе, тіл үйренуге келгенде ерекше алғырлық танытады. Ол алты тілді еркін игерген. Осылайша орыс тілінен бөлек, ағылшын, француз, неміс тілдерінде көсіліп сөйлеген ол кейін өте қысқа уақыт ішінде қазақ және ханзу (қытай) тілдерін де жақсы меңгеріп шығады.
Болашақ атаман 8 жасында өзі титтейінен армандаған әскери киім – кадет корпусы курсантының формасын үстіне іліп, бұдан кейін оны ешқашан тастаған емес. Бұдан кейін, 1906 жылы 17 жасында Мәскеудегі Александр әскери училищесін бітіріп, хорунжий шенімен казактар жүздігін бастап Түркістан аймағына аттанады. Ал 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғысқа есаул шенінде қатысады.
Анненков Ақпан революция­сынан кейін Белоруссияның Осиповичи, Барановичи, Слуцк қалаларында полицей-комендант қызметін атқарды. Қазан төңкерісінен кейін большевиктер бұл жасаққа Омбы қаласына барып, қару-жарағын тапсырып, тарап кетуді тапсырады. Сол бұйрыққа сәйкес, Анненков Сібірге жол тартады. Бірақ онда барғаннан кейін қаруын өткізбейді. Омбыдағы казак депутаттары кеңесі тез арада қаруды тапсыруды талап еткесін Анненков өзінің жасағымен бірге астыртын жұмысқа кетеді. Ол кеңестерде әскери күштің жеткіліксіз екенін пайдаланып, қаланың түбінен жертөле қаздырып алып, ақ гвардияшылардың «Он үш» деген ұйымымен байланыс орнатады. Алайда бір қарағанда, ұйымшыл болып көрінген отрядтың ішінде көп ұзамай алауыздық пайда болып, бір-бірімен қырқысуға айналады. Жақын маңда үйлер тұрғанда тар қапаста тығылып отыруға көндікпейтін казактардың бір бөлігі соның екпінімен қызылдарға барып қосылады. Осыдан кейін Анненков өз сарбаздарының «еңселерін көтеру» үшін Омбыдағы казак әскерлері соборына шабуыл жасап, біраз нәрсе алып, Ертістің арғы бетіндегі далаға кетіп қалады.
Атаманның ішкі есебі ақталған екен, осыдан кейін бұл өңірдің кулактары мен казактары оған қолдау көрсете бастайды. Отряд та бірте-бірте толыға түседі. Сөйтіп, Омбыда ақ чехтардың бүлігі бұрқ еткеніне дейін жасаққа 200 қылышгерді жиып үлгереді.
Бұл кезде топтасқан тобыр­дың «нағыз іске» кірісетін шағына да тым көп қалмаған еді. Жауынгерлік қылыш түйістірулерін адмирал Александр Колчактың армиясы құрамында Жоғарғы Орал майданында бастап, Сібірдегі Черный Дол мен Славгородта бас көтерген шаруаларды тыныштандыруға қатысты, бұдан ары Қазақстандағы Жетісу өңірінде ешкімге бет қаратпай билік жүргізді. Шағын отряд уақыт өте келе құрамын көбейте отырып, полк, дивизия, армия дәрежесіне жетті.
Анненков арқа сүйеген адмирал Колчак Қазаннан шетелге алып кеткен алтын қорының есебінен АҚШ пен Англиядан шетел фирмалары жеткізіп беретін қару-жарақтар сатып алу үшін кредит алып тұрды. Сол кезде барлық темір жолдар, қаржы, металлургия өнеркәсібінің негізгі бөлігі, жерасты қазба байлықтарын пайдалану құқығы монополистер иелігінде болды. Шетел капиталына астық, ағаш, тіпті тұтас бір территориялар ешбір кедергісіз сатылып жатты. Әлем капиталының тыңшылар армиясы орыс жерінің байлықтарын сатып алып, талан-таражға салуға кірісті. Бұдан кейін Колчак жеңген жағдайда бүкіл Орал таулары аймағы мен Сібір түгелдей, сондай-ақ бұған қосымша ретінде Қазақстан мен Орта Азия аумағы шетелдік басқыншылардың қол астына көшіп, Ресейдің өзі Батыстың ірі державаларына колония дәрежесіндегі бағынышты аймақ болып қалар еді.
Үстіне ылғи қара киім киіп жүретін болғандықтан, қатарластары оны «Қара барон» деп те атаған. Осыған сай кілең қара жамылатындай тірліктер жасаған. Жан-жәндіктерді азаптауға құмар нағыз садист болған. Қаруластарының бірінің айтуынша, қанішер атаман машина айдап келе жатқанында алдын кескен мысықты, итті, қойды басып өткенді, кейде «қатты шабыттанған» кезінде «қазақ балдарының бірін қағып» кеткенді жақсы көрген.
Анненковтың жеке жүргізушісі Алексей Лариннің айтуынша, оның командирі большевиктерге бүйрегі бұратын шаруаларды іздеп, ауылдар мен селоларға жиі барып тұрған. Сондай «ұсталып» қалғандарды өлгенше ұрғыздырған. Соңынан қылышпен шауып, винтовкадан атып, өлтіріп кетіп отыр­ған. Бірақ бұл қанды жазалауға атаманның өзі қатыспаған, бәрін қарауындағы жендеттеріне тапсырып, өзі қызықтап қарап тұрған.
Бұдан да сұмдық көріністі Сібірдегі Черный Дол селосында тұратын әйел айтып берген. Ол атаманның елді мекенге кезекті жорығы кезінде болған оқиға туралы былай деп әңгімелейді: «Ойларына келгендерін істеді, жұртты жинап алып, үстеріне от қойды, әйелдер мен қыздарды мазақ етті, жастары 10-нан асқан қыздарды зорлады, менің күйеуімді қалаға алып кетіп, әбден қорлап, мұрны мен тілін кесті, көзін ойып алды, басының жартысын шауып тастады. Біз оны көміліп қалған жерінен тауып алдық».
«Анненковшылардың» жүгенсіздіктері жөніндегі жаман аты тек большевиктер мен шаруалардың ғана емес, сонымен бірге ақ гвардияшылардың да араларына кеңінен тарап, олардың бәрінің жағаларын ұстатқан. Кеңес өкіметін өлердей жек көрген атаман балаларды, қарт кісілерді, әйелдерді азаптап өлтіруге келгенде, неше түрлі сұмдықтарды ойлап табуымен ерекшеленді. Ол 1920 жылы қызыл әскерлердің қуғынынан қашып бара жатқанында жолында кездескен ешкімді тірі қалдырмады.
Анненков шамамен наурыз­дың 16-19-ы күндері Қытаймен шекарадағы Селке асуына келіп тоқтайды. Осы кезде оның отрядында 5 мыңға жуық солдат болады. Мұнда тағы Анненковтың «атаман полкінен» бөлек, генерал Дутовтың Орынбор полкі, Егер полкі және бір батареясы мен саперлер дивизионы бар Маньчжур полкі тоғысады. Атаман полкімен бірге шекараға қарай бірнеше офицердің отбасы да келе жатады. Мысалы, Орынбордан шыққан полковник Луговскийдің үш қызы мен қартаң әйелі, есаул Мартемьяновтың әйелі және вахмистр Петровтың 12 жасар қызы осыларға арқа сүйейді. Ал атаман осы жерде олардың бәрін Васильевтің жүздігіндегі партизандар мен казактардың қарауларына беріп, зорлап болғасын атып тастауды бұйырады. Мұндай зорлық пен қорлықтың не атасын олар Сергиопольде де жасаған екен.
Анненков осы асуда отрядтағы өзіне ергісі келмеген 3800 казак пен солдатты 1920 жылдың сәуірінде жолда баудай түсіріп, Қытайға қарай өтіп кетеді. Кейін оның ізіне түскен Қызыл Армия полктары бірінің басшысы Василий Довбня бұл оқиғаға қатысты өз естелігіне былай деп жазды: «Масқара болып Қытайға қашып бара жатқан Анненков өзінің соңында кең де ұзын қан сорғалаған із қалдырды. Алакөл мен Жалаңашкөл көлдерінің жағалауы бойымен Глинское селосынан бастап, Жоңғар қақпасына (Қытайға барар жолдағы соңғы асу) дейінгі аралықтағы екі жүз шақырымнан артық жердің үсті адамдар өлігіне толды… Көрші Гоби шөлі жақтан Жалаңашкөл көлінің маңында мәйіттерге «бейбітшілік мен тәртіпті қалпына келтірушінің» қанды әлемін аяқтау үшін келген мыңдаған қарақұс ұшып жүрді».
Осылайша жолының бәрін қанды қасапқа айналдырған атаман Анненков мыңдаған сарбаздан тұратын армиясынан 700-ге жуық жандайшаптарын ғана арғы бетке алып өте алады. Ол алдымен Үрімшіге дейін жетіп, артынан Гученге барып жайғасады. Тап Гученде 1921 жылдың наурызында қытай солдаттары мен атаманның отряды арасында қарулы қақтығыс орын алды. Тарихшылардың пікірі бойынша, осыған екі жақты большевик тыңшылары арандатқан. Жағдайды қалпына келтірмекші болып келген Анненковты қытай билігі сол бойда тұтқынға алып, түрмеге жапқан.

Айналдырған екі жылдың ішінде Батыс Сібір ойпаты мен Қазақстанның солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерін топалаң келгендей дүрбелеңге салып, қанды террор орнатқан атаман Анненков кім еді? «Тар жол, тайғақ кешуде» бұған тиянақты жауап берілмеген. Қазір тарихшылар тап осы тұлғадай қарама-қайшы атаман болмағанын айтады. Шынында, оның бір басында көзсіз батырлық пен керемет ұйымдастырушылық та, сонымен бірге ауыздықтауға келмейтін жүгенсіз басшылық пен қандықол қарақшылық та қатар ұштасып жатқан. Тарихшылардың пайымынша, атаман Борис Анненков жеке басының азаттығы бәрінен, тіпті, заң мен тәртіптен де жоғары қойылатын ерікті казактар қауымынан шыққан. Осы ұстанымдар көп жағдайда адам айт­са нанғысыз қатыгездік пен айуандыққа ұласып кетіп отырған

Анненковтың өзінің айтуынша, жүңго билігі оның Ресейден алып шыққан асыл тастарын бопсалаған. Ал Қытай архивінің құжаттары бойынша, ол қарауындағыларды тонаушылықпен айналысқаны үшін тұтқындалған. Анненков абақтыдан 1924 жылғы ақпанда өзінің штаб бастығы, генерал-майор Н.А.Денисов пен Антанта елдері өкілдерінің күш салулары арқасында босап шығады. Бірақ атаман бостандықта көп уақыт сайраңдап үлгермеді. Арада екі ай өткесін қытайлық маршал Фен Юйсян оны қайта ұстап алып, көп мөлшерлі ақшалай сыйлық үшін кеңес чекистерінің қолдарына тапсырады. Осында жүрген КСРО қауіпсіздік қызметкерлері атаманды Моңғолия арқылы Кеңес Одағы аумағына алып өтеді. Зерттеушілердің айтуларынша, бұл Кеңес билігінің шетелдегі «ақтар қозғалысының» басшыларын жою жөніндегі кең ауқымды операциясының басы болған.
Атаман Борис Анненковтың ісі бойынша сот процесі 1927 жылғы 12 шілдеде басталды. Өте сенімді қорғалған тұтқындар вагоны Транссібір магис­тралі бойымен жүріп отырып, Сібірдің түстік беткейін бетке алып, ақыр соңында Қазақстан жеріне келіп кіріп, Семейге тоқтады. Жүріп келе жатқан пойыздағы айрықша маңызды тұтқын жолай талай жұрттың ашу-ызасын туғызды. Стансаларда жиналған қалың көпшілік атаманның атына қарғыс жаудырып, оны өздерінің қолдарына беруді талап етті.
Сотта оған контрреволюциялық әрекеттері емес, тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды жаппай қырып, айналаны топалаңға айналдырғаны үлкен айып болып тағылды. Сонда Анненков терроры құрбандарының саны әлденеше мыңдаған адам болып кететінін белгілі болды. Ол бір ғана Сергиополь (Аягөз) төңірегінде 800 адамды жер жастандырса, Алакөл көлінің маңында атаманның бұйрығымен 4 мыңға жуық солдат пен казак жер құшқан.
Айыптау қорытындысында былай делінген:
«…Анненков Борис Владимирович, 37 жаста, бұрынғы генерал-майор, Новгород губерниясындағы дворяндар әулетінен шыққан, Семиречоп жекелеген армиясының бұрынғы қолбасшысы, бойдақ, партияда жоқ, 1906 жылы Одесса кадет корпусын, 1908 жылы Мәскеудің Александр училищесін бітірген;
айыпталады:
Анненков, Қазан революция­сынан бастап өздері ұйымдас­ырған қарулы жасақтарды басқара жүріп, 1917-1920 жылдары Кеңес өкіметін құлату мақсатында тұрақты түрде қарулы күрес жүргізіп, яғни мемлекеттік қылмыстар туралы ережеде қарастырылған 3-бап бойынша қылмыс жасағаны үшін»…
Сот процесінде атаманның қанқұйлы қылмыстарын мойнына қойып берген куәлар да аз болған жоқ. Солардың бірі – Ольга Коленкова есімді қартаң шаруа әйел.
– Ақтар, мынаның жандайшаптары, – деп әйел атаманды қолымен көрсетті, менің екі бірдей азамат ұлымды өлтірді. Бірінің жасы жиырма екіде, екіншісі он бесте еді. Ал менің аяғымды аттың құйрығына байлап қойды. Сөйтіп, атты қамысқа қарай айдады. Бір баламның қолын шауып түсірді. Сосын ол ауруханада өлді.
– Оның жасы нешеде еді? – деп сұрады төрағалық етуші.
– Екіде, ал екіншісі төртте болатын. Екіншісінің арқасын сындырып жіберді. Қазір бүкір болып қалды.
Қайғыдан әбден қалжыраған әйел күшін жинап алып, соңғы сөзін айтты:
– Одан ары не болғанын білмеймін… Ес-түссіз құлаппын… Бірақ тірі қалдым. Шамасы, балаларымды азаптап жатқандарында мені ұмытып кетсе керек…
Мұндай сұмдық көріністерді басқа куәлар да сот алдында жайып салды.
Әскери сот алқасы Б.В.Анненков пен оның жақын жандайшабы Н.А.Денисов­тің қанды жолдарының қорытындысын шығара келіп, екеуін де ең жоғары жаза – атуға үкім етті. Қазақстанда Азамат соғысы жылдарында орын алған мейлінше тұнжыраңқы тарих беттерінің бірі осылай аяқталды.
1927 жылы 24 тамызда қылмыскерлерді ату жөніндегі үкім орындалды.
Міне, қанқұйлы атаманның ақыры осылай болды. Ресей Жоғарғы сотының әскери алқасы 1999 жылы 7 қыркүйекте Борис Анненковты ақтауға байланысты ұсынысты қабылдамай тастады.

Еркін ҚЫДЫР

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button