Таным

СОЙҚАНҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН СУЖИКОВ



photo01

Бүгін еліміздің еркіндік жағдайында кешегі кеңестік кезеңнің зобалаңдары туралы аз жазылып жатқан жоқ. Басқаны былай қойғанда, Семей ядролық сынақ полигонының өзі не тұрады?

Мұхамедғали Әленұлы Сужиков…1958 жылдың қаңтарындағы сары аязда Ақтөбе, Қызылорда облыстарында бірінші хатшы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған Мұхамедғали Әленұлы Сужиков Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ауысқанда ежелгі қазақ жері, ұлылар мекені, қазақ әлеміне Абай, Шәкәрім мен Мұхтарды берген қасиетті өңірдегі қасіреттен еш хабары жоқ еді. Ал күндердің күнінде өзінің жоғары партиялық қызметтен кетуіне негізгі себеп осы Семейдің сынақ полигоны болатыны үш ұйықтаса да түсіне кіре қоймаған еді.

Білім де, тәжірибе де жететін Мұхаң жаңа жұмысқа ерекше жігермен кірісті. Облысқа келісімен өңірдің негізгі кәсіп-машығының бірі – мал шаруашылығына ерекше көңіл бөледі. Мал тұқымын асылдандыруға, сүт өндіріп, мал бордақылау кешендеріне айрықша назар аударады. Облыс 1958 жылдары мемлекетке 70 млн пұт астық тапсырса, бұл облыстың бұрынғы жеті жылда тапсырған астығының көлеміне тең еді. Ет, жүн өнімдері өткен үш жылдағы көрсеткіштерді қосқанмен бірдей болатын. Соңғы екі жылда ірі қара 50 мың басқа өссе, қой 555 мың, жылқы 15600 басқа көбейді, т.б.

Алайда, осылай қысқа мерзімде облыста келелі істердің иесі болған, бұрын да жалпы Қазақстанның мәдениеті мен экономикасының дамуына үлкен үлес қосқан, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет Белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, республикамызда өзіндік бедел мен кұрметке ие болған, барлық қызметте ұйымдастырушылық таланты жарқырай көрінген Сужиков Мұхамедғали Әленұлы облыста бас-аяғы екі жарым жыл ғана қызмет етті. Жоғары билік оның маңайында айқай-шу ұйымдастырып, орнынан алды.

Жағдай былай болған еді. Ол кезде Семейдегі сынақ полигонының зардаптары жөнінде материал өңірдегінің барлығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған облыстық партия комитетінде де жоқ болатын. Бәрі жасырын, бәрі құпияда ұстап, тиісті мекемелер қатаң қадағалайтын. Сол себепті әуелі кезде Сужиков та ештеңе біле қойған жоқ. Бірақ хатшы көп ұзамай бұрын-соңды кездеспеген оқиғаға тап болады. Кейде түн ортасына дейін жұмыста отырып, ертеңгісін келгенде обком үйі терезесінің сау тамтығы қалмағанын көреді. Жер шайқалғанда жылу қазандықтарындағы пештерден шоқ төгіліп, содан өрт шыққан кездер де болған. Сонан соң жұмыс барысында аудандарды аралағанда адамдардың денсаулығымен танысады, байқайды. Өз бетінше ақпарат жинайды. Бірақ, бірден тікелей әрекетке бара қоймайды. Қолда нақты мәліметтер жоқ еді.

Айтулы радиолог маман, кейін академик болған Сайым Балмұханов өзінің «Атомный полигон моими глазами» деген мақаласында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ә.Сужиковтың кабинетінде бірінші кездескенде Полигон өкілі бұрын дайындалған мәліметтерін айтып, сол кездегі байқалған симптомдар мен синдромдардың негізгі себебін витаминдердің жетіспеушілігімен, тұрғын халықтың бруцеллез, туберкулез, т.б. сырқаттарға бейімдігімен түсіндіріп, сынақтың тікелей зардабына шаң жұқтырмағаның жазады. Қарсы жақтың бұған ол кездері дәлелдері бола қоймайды. Өйткені, қолда тұрғындардың тамақтарындағы витаминдердің жетер-жетімсіздігі туралы ешқандай мәлімет жоқ еді. Арнайы құрылған, кейін жоғарғы жақтың қысымымен таратылған экспедицияның арқасында Қарағанды облысының Шұбартау және Ақтоғаймен салыстыра отырып, Саржал, Қайнар, Қарауыл елді мекендеріндегі сыртқы даланың, тамақ өнімдеріндегі радиоактивтілікті зерттегенде, оның мөлшері, әсіресе, қой еттерінде, сүт өнімдерінде ерекше жоғары екендігі байқалады. Осыларды және басқа мәліметтерді республиканың жетекші маманы С.Балмұхановтан білген М.Ә.Сужиков зорға деп обкомның бюро мүшелерінің келісімін алып, Семей полигонындағы атом және термоядролық қаруды сынаудың зардаптары туралы 1959 жылы КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.И. Беляевке құпия ашық хат жолдаған болатын. Мұхаңның өзі айтқандай, «халық өліп жатқанда үндемей, үнсіз келісіп, әрекет етпей отыра алмаған». Өйткені, Мұхамедғали Әленұлының ар-ожданын әркез халық қамы, соның мүддесі басқаратын.

Алайда, хатқа еш жауап келген жоқ, тек КСРО Министрлер Кеңесі Семейдің жергілікті халқына аз да болса материалдық және медициналық көмек көрсету жөнінде құпия қаулы қабылдайды. Бұл сынақ басталғаннан 10 жыл өткеннен кейін қабылданған бірінші шара болатын.

Хат Мәскеу мен Алматының бірінші хатшы жөніндегі көзқарасын күрт өзгертеді. Оны мынадан байқауға болады. 1959 жылы Семей облысы мемлекетке ет және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізуде жоғары көрсеткіштерге жетіп, социалистік міндеттемесін орындап шыққанда Мұхамедғали Әленұлы «Еңбектегі ерлігі үшін» («За тудовую доблесть») медаліне ғана ие болады. Ол кезде мұндай жетістіктер үшін облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары ең кемі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталатын.

Біздер осы хатты аса құпия болса да, жазылғанынан бері көп уақыт өтті ғой, «бәлкім, табылып қалар» деген үмітпен көп іздедік. Семейде, Алматы мұрағаттарында болдық. Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы және Ресей мемлекеттік жаңаша тарих мұрағаттарының директорларының аттарына сұрау салдық. Бірақ олардан мұндай құжаттың жоқтығы туралы жауаптар алдық. 2009 жылы Мәскеуде болғанда Ресей мемлекеттік жаңаша тарих мұрағатының бөлім меңгерушісі маған «бұл құжаттар Президенттің мұрағатында құпия сақталуы мүмкін. Ол біздің қолда жоқ» деді. Сонымен хатты табу үміті ақталмады. Бірақ, оның жазылғаны туралы М.Ә.Сужиков 1991 жылғы шілденің 20-сы күні шыққан «Казахстанская правда» газетінің саяси шолушысы Л.Вайдманға берген «Үшінші дүние жүзілік соғысқа арналған бомба» атты сұхбаты мен 2001 жылғы 23 тамызда «Ана тілі» газетінде басылған «Хрущевке хат жазған себебім» деген мақалада айтқан еді. Осы хаттың тарихы туралы әңгімені академик Сайым Балмұханов ағамыздан да естідік.

Семей сынақ полигоны туралы жазылған хат Мұхаңның тағдырын шешкен еді. Бірақ, құпия мәселемен қайсар хатшыны орнынан босата салудың ол кезде реті келмеді. Сондықтан екі Орталық М.Ә. Сужиковтен құтылудың амалын іздестірумен болады. Оның «Қазақстан Магниткасы» аталған Теміртаудағы құрылыста болған атышулы оқиғамен орайы келді.

Теміртау трагедиясы 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы жабық пленумында «Қарағанды металлургия зауыты құрылысындағы істің жағдайы туралы» деген күн тәртібімен қаралады. Пленумда сөз сөйлеген М.Ә. Сужиков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросын принципті мәселеде партиялық пайымдылық танытпағаны үшін қатты сынайды. Ол бюроның басты кінәсі, ең алдымен, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысын сәтсіз таңдауында болғанын, оның тіптен шикі екенін атай отырып, Қазақстанның аса ірі аймағының басшылығына тиісті мектептен өтпеген, бірінші басшылық қызметтен тәжірибесі жоқ, басқа ұйымнан шақырылған, республиканың ерекшеліктерін білмейтін, таза функционердің басшылыққа қалай келгенін және кімнің ықпалымен келгенін түсіндіру керек еді дейді. Осы бірінші хатшысының кінәсінен бюро мүшелерінің арасында алауыздық пен жікшілдік пайда болып, облыс партия ұйымында теріс жағдай қалыптасқанда да Орталық Комитеттің бюросы тиісті шешім жасай алмағанын атап көрсетеді.

Кеңес кезінде Қазақстанға келген орыс текті басшылар қазақтың тарихын, салтын, әдет-ғұрпын, оның әдебиеті мен мәдениетін білуге тырыспайтын, білгілері де келмейтін. Оған қажеттілік болмады. Бұл сияқтылардың аңсары Мәскеуге ауатын да тұратын. Бұлар жоғары лауазымнан босай сала, Мәскеуге тартатын. Исаев та сондай кадр болатын.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумындағы «Семей обкомы хатшысының ұлтшылдық сипаттағы сөзі» жайындағы хабар Мәскеуге жедел жетеді. Апта өткенде тиісті нұсқаулар алған, КПСС Орталық Комитетінің нұсқаушысы Мәскеуден асығыс ұшып келіп, «ұлтшылды» қырына алады. Оның бұрынғы қызмет істеген облыстарының бәрінде болады. Үш айға созылған тексерістен Сужиковты айыптауға, жұмыстан босатуға негіз болатындай қомақты ешнәрсе қолға түсе қоймайды. Содан мәскеуліктер мен алматылықтар қайта-қайта жиналып, қайта-қайта ақылдасып, дәл осы кездегі облыстағы мал шаруашылығы саласындағы социалистік міндеттемелердің орындалу барысын негізгі нысана етіп алудан басқа амал таба алмайды.

Расында да, 1959 жылдың жазы мен 1960 жылға қараған қысы жалпы ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз болған еді. Жауын-шашынның аз болуына байланысты қуаңшылықтан көп аудан, шаруашылықтар малға шөп дайындай алмайды. Қыстың аса қатал болуынан мал қырылды. Ол тіптен көп болуы да, бұл жылы Семей облысының ауыл шаруашылығынан социалистік міндеттемесін орындай алмауы да мүмкін еді. Алайда, М. Сужиков қыстың зардаптарына қарсы жан-жақты ұйымдастырушылық шараларды жүзеге асырады. Тынбайды, малшылар ауылын түгел дерлік аралап, мамандармен кездесіп, күш беріп, облыстың мүмкіндігін толық пайдаланады.

Әрине, мұндай қыстан шыққан малдың өнімділігі де дәл тексеріс кезінде жоспардағыдан төмен болады. Оның үстіне, маусым-шілде-тамыз айларында мал да тойынып, тиісті өнім бере алмайтыны белгілі. Бірақ, «Табиғаттан рахым күтіп отыра алмайтын, оны тартып алу міндетіне айналған» кеңес өкіметінің кейбір басшылары өзінің мақсатын жүзеге асыру үшін мұндай ауа райының қолайсыздығымен санас­пайтын. Сужиковты орнынан алудың бұдан басқа сылтауы жоқ еді. Сондықтан, тексерістің қорытындысын дереу КПСС Орталық Комитетінің органы «Правда» газетінде «Сөзі ісіне сәйкес емес» деген мақала етіп шығарып, күн ілгері үкім шығарып қояды. Онда шыққан мақаланы ешкім теріс деп айта алмайтын. «Правдаға» шықсаң болды, «Бастық болсаң, орынтағынды босата бер, ауру болсаң, көрге түсер киіміңді дайында, басқа жол жоқ» деген қатаң принциптің бет қаратпай тұрған кезі еді. Аты «Правда» болғанымен, жазғанының барлығы шындық емес еді. Содан 1960 жылғы 27 тамызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы «Семей облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді көбейту жөніндегі және облыс колхоздары мен совхоздарының 1960 жылға қабылдаған социалистік міндеттемелерін орындаудағы қанағаттанғысыз жұмысы туралы» және осы мәселе жөніндегі КПСС Орталық Комитеті аппараты қызметкерлерінің хаттарын қарап, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығын басқарудағы елеулі кемшіліктері мен қателіктері үшін М. Сужиковты обкомның бірінші хатшысы және бюро мүшесі міндетінен босатады. Бюро осы шешім мен «Правда» газетіндегі «Сөзі ісіне сәйкес емес» атты мақала облыстық партия комитетінің пленумында талқылансын деген қаулы қабылдайды. Бұл іле-шала қыркүйектің 3-інде Семей облыстық партия комитетінің пленумында қаралып, бюрода қабылданған шешім күшіне енеді. Алайда, Мұхамедғали Әленұлы жұмыстан босағаннан үш айдан кейін республикалық, облыстық газеттер Семей облысы социалистік міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындағаны жөнінде рапортты жария­лап жатты.

Сөйтіп, кеңестік идеологияның түсінігі бойынша «ұлтшыл» аталған, біздің ұғымымызша – өз ұлтын сүйген, халқы үшін ештеңеден тайынбаған қайсар қайраткер Мұхамедғали Әленұлы Сужиков күш-жігерінің толып, ақыл-ойының кемелденген кезінде, ердің жасы елуге толуына он шақты күн қалғанда Семей облысы партия комитетінің бірінші хатшылығынан осылай босаған еді.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button