Қала тіршілігіТаным

ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР ТАМЫРЫ

Астананың тарихы әріден басталады…
Бұл дала Бозоқ дәуірінен бүгінге дейін талай тарихқа куә болды. Сарыарқаның сайын төсінде сонау ғасырлардан, жылдардан үн қатқан, сыр тартқан, қисапсыз шежірені қойнауына бүккен тарихи-мәдени ескерткіштер көп-ақ. Өткеннің белгісіндей, кешегінің куәсіндей болған сол дүниелерді тәуелсіз, еркін, азат елдің өскелең ұрпағы, әр буыны қамқорлығына алуға, қорғауға, қастерлей қарауға міндетті. Ендеше, қалың бұқараның қолынан табылатын басылымның еншімізге тиген бетіне ел есінде жүруге лайық бірнеше ескерткіш жайында аз-маз сөз еткенді жөн көрдік…

Жасыл мешітте не сыр бар?

Астана қаласындағы ең көрнекті көшелердің бірі Абайдың атында. Бес шақырымнан асып жығылатын осы көшені бойлап, шаһардың ескі орталығына таяғанда, оң жақтан қызыл кірпіштен қаланған, биік бағандары бар шарбақ кезігеді. Ескі екенін білініп тұратын қақпасы да бар. Бұл – заманында «Жасыл мешіт» немесе «Татар мешіті» деп аталған құрылыстан қалған қалдық.

Бір кездері мұсылман жамағатына қалтқысыз қызмет еткен татар мешітінің құрылысын Астананың орнындағы байырғы қаланың ең бай адамы атанған Нүркей Зәбиров жеке қаражатына салдырыпты. Ол көпестің әдеті сол, қандай құрылыс тұрғызса да жасыл бояумен сырлайтын болған екен. Сол себептен көпшілік «Жасыл мешіт» атап кеткен. Бұл сөзімізді белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың мынау сөзі қуаттай түседі: «Есіл-Нұра алқабында қазақ заманындағы керуен жолдармен жүрсеңіз ескі көпірлердің, бекеттердің қалдықтарын табасыз. Егер осы қалдықтардың жасыл бояумен боялғанын байқасаңыз, онда бұл құрылыстардың салынуына көпес Нүркей Зәбировтің қатысы бар деп есептеңіз».

Астана тарихын зерттеуге бел шеше кіріскен тарихшының айтуынша, бұл мешіттің қай жылы жабылғаны туралы мәлімет жоқ. Алайда, көне құрылыстың көп жылдар Пионерлер үйі ретінде қызмет жасағанын қаланың бұрынғы тұрғындары біледі. Пионерлер үйі кейін келе қалалық партия комитетінің ғимаратына көшіріледі. Осы жылдары жергілікті тұрғындар мешіттің ағаштарын ұзақ уақыт бойы отынға пайдаланады. Енді құлшылық үйінің қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін емес еді. Ақыры, оның орнына үш қабатты тұрғын үй салынды.

Міне, Абай көшесінен ескі орталыққа таяп, Республика даңғылына жете бергенде оң жақтан көзге шалынатын жасыл қаңылтырлы телпек киген тас бағандар, темірден иілген шарбақ пен биік арканың сыры осындай.

Кубриндердің қолтаңбасы

Кубрин. Көпес Кубрин. Шамамен 1830 жылдары Ақмола жеріне қоныс тепкен казак әулеті осы өңірліктерге жақсы таныс. Әулеттің атасы –Константин Кубринді патшалық Ресей Ақмола бекінісінің негізін салушы ретінде таныған. Оның Андриан және Матвей есімді ұлдары болды. Әкесі тәрізді олар да саудамен айналысып, бай көпестердің қатарынан көрінді. Андриан мал ұстап, шарап ашытумен айналысқан, Ақмола жерінде ең алғаш сыра зауытын ашқан. Ал, Матвей қалада саудамен айналысады. Қаланың қоғамдық өміріне араласып, кейбір бастамаларға демеуші де болды. Бірақ кейін Матвей өзінің шаруасын ұлы Василийге тастап, Ресейге қоныс тебеді. Әкесінің сауда саласындағы тәжірибесін жинақтаған Василий ата кәсібін тез меңгеріп кетеді. Осылайша, Ақмола жерінде көпес Кубриндер әулеті тарихта қалады.

Тарихта қалғаны сол, Кубрин тұрғызған ғимараттардың бірнешеуі әлі де қаланың ажарын ашып тұр. Мәселен, Кенесары мен Әуезов көшелері қиылысындағы үй айрықша архитектурасымен бас шайқатады. Бүгінде Украина Елшілігі отырған нысанның тарихи Василий Кубриннен басталады. Ресейге жиі барып тұратын ол бірде Петербургте әртіс қызды жолықтырады. Аруға қатты ғашық болған Василий оны Ақмолаға әкелуге бел буады. Қыз да Василийді ұнатқанымен, жер түбіндегі мекенге келгісі келмейді. Қыздың Петербургтегі жағдайы тым жақсы. Өзі тұратын салтанатты үйі, тіпті, ғажап. Ол Василийдің Ақмоладан дәл осындай үй салып беретініне күмәнмен қарап, оған қиындау талап қоюды ұйғарады. Талабы – Ақмоладан дәл сондай үй салдырту.

Қаржысы ұшан-теңіз көпес аянсын ба, Ресейден шеберлер алдырып, екі жылдың ішінде, 1910-1912 жылдары осы үйді салдырыпты. Ауласына көпестің өзі ағаш егіп, сәнін келтіреді. «Ресей» сақтандыру қоры» мекемесіне 1913 жылы 700 жылқы немесе 40 мың рубльге бағалап, сақтандырып та қояды. Өкінішке қарай, салтанаты жарасқан үйде Василийге ұзақ тұруды тағдыр жазбапты. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісі, Кеңес өкіметінің орнауы сынды төтенше оқиғалар Кубриндер әулетінің мазасын қашырып, Ресейге көшулеріне тура келді.

Қазан төңкерісінен соң Кубриндер әулетінің үйлері мен дүкендері Кеңес өкіметінің қолына өтеді. Әртіс қыздың қалауымен салынған үй жұмысшылар клубы мен кітапханаға айналады. Кейіннен атқарушы комитеттің үйі болады. 1930 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде үйдің жертөлесі қудалауға ұшыраған зиялылардың жасырын бас қосатын мекені болса, 1950 жылдары мұнда білім басқармасы орналасты. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мекен болды. Отыз жылдан астам уақыт бойы мұражай үйі қызметін атқарған ғимарат кейіннен мұражай қорына арналған орын болды. Бүгінде бұл ғимарат Астана қаласының мақтанышы ғана емес, туристердің де келіп қызықтайтын басты орындарының бірі.

Астанадағы тарихи ғимараттардың санатындағы бүгінгі ардагерлер емханасы да елордаға көнелік сипатымен сән беріп тұр. Бұл ғимаратты көпес Кубрин тұрмысқа шыққан қызы үшін салдырған көрінеді. Нысанның құрылысы енді біткенде, қалада қызылдар төңкерісі басталып кетеді де, көпестің дүние-мүлкі тәркіленіп, қызы Қарағандының жанындағы Долинка ауылында орын тепкен еңбекпен түзеу лагеріне айдалады.

Ғимараттың қабырғасындағы қызыл кірпішті құрылысшылар түу Орал топырағынан түйемен тасыған екен. Астананың тарихына қатысты деректерде бұл үй кейін коммунистік партияның Ақмола уездік комитетіне, содан кейін облыстық кеңестің атқару комитетіне берілгені жазылған. Іле-шала облыстық партия комитетінің емханасына айналып, ұзақ жыл бойы осы бағытта қызмет еткен.

Қосшығұловтардың көзі

Астана тарихына үңілсек, шаһар бір кездері сауда-саттықтың, жәрмеңкенің орталығы болғанын көреміз. Қала кәсіпкерлігінің дамуына қазақ іскерлері де елеулі үлес қосты. Орыс-татар көпестерімен дәулет жарыстырып, бәсекеге түскен қазақ азаматтары көшін ағайынды Қосшығұловтар бастайды. Әулет басшысы – Баймұхамбет Қосшығұлұлы. Олардың атын шығарған – Ақмоладағы кондитер фабрикасы – қазіргі Абай даңғылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Абай» қонақ үйінің арасында орналасты. Сол тұста дәл осындай кәсіпорын қазақ қалаларында жоқтың қасы еді. Фабрика түрлі тәтті тағамдарды шығарды.
Баймұхамбет Ақмоладан үш дүкен ашады. Оларға келушілер күн өткен сайын көбейеді. Қала тұрғындары өлшеп алса, бақалшы саудагерлер арбалап алып қырға апарып сатады. Фабрика уақыт өткен сайын қуатын арттыра түседі.

Мұндай ел игілігі үшін қызмет етуді Баймұхамбеттің балалары да назарларынан тыс қалдырмайды. Ақмоладағы жалғыз ағаш мешіт өртеніп кеткен соң баласы Бекмұхамбет жеке қаржысына мешітті тастан қайта тұрғызады. Оның жанынан мұсылман жастарының медресесін ашады. Бұл білім ошағының негізі қазіргі Бөкейханов көшесінде әлі бар.

Ал жоғарыдағы кондитер фабрикасы оның ұлы Нұрмұхамбеттің қолына көшкенде, ол әкеден қалған дәулетті өсірмесе кемітпейді. 1929 жылы кеңес өкіметі тартып алғанша Ақмола мен оның маңайындағы елді өзінің өнімімен толық қамтамасыз еткен.

«Астана» энциклопедиясындағы деректерге сүйенсек, Қосшығұловтардың үлкені – Шәймерден ресейдің екінші Мемлекеттік думасына Ақмола облысынан депутат болып сайланған.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button