Қала мен Сала

ЖАРИЯ ЕТУДІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

легализация

Алдағы қыркүйекте елімізде мүлікті заңдастыру шарасы басталмақ. Қолда бар мүлікті айналымға шығару 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Ал, 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру қолданысқа енетіндіктен, аталмыш шара азаматтарға мүліктерін заңдастырып алуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ел экономикасының дамуына да едәуір серпін әкелмек.

Алғашқы заңдастыруға үш мың адам қатысты

Елімізде алғашқы заңдастыру 2001 жылы өткізілген болатын. Сол жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында өткен шара «Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» заңымен реттелді. Заңдастыру бір реттік науқан ретінде өткізілді және тұлғаның заңдастыратын ақшасынан салық алынбайтыны және тиісті жауапкершілікке тартылмайтыны кепілдендірді. Нәтижесінде үш мыңға жуық азаматтың 480 млн доллар көлеміндегі қаражаттары заңдастырылды.

Айта кеткен жөн, 2006-2007 жылдардағы заңдастыруда тек ақша емес, сонымен қатар, жылжымайтын және жылжымалы мүлікті де заңдастыруға рұқсат берілді. Осыған байланысты заңдастыру мерзімі ұзартылып, бір жылдан аса уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» заң нормаларына сәйкес қолдағы дүниесінің құжатын түземекші болған азаматтар мен заңды тұлғалар жекелеген қылмыс жасағаны үшін, әкімшілік құқық бұзушылығы үшін және тәртіп бұзушылығы үшін жауапкершіліктен босатылды. Заң шеңберінде мүлікті заңдастырғаны үшін мүлік құнының 10 пайыздық жинағы ғана алынды. Белгілі болғандай, жүргізілген науқан аясында 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған. Соның ішінде 538,4 млрд теңге қаражат пен 236,2 млрд теңгенің жылжымайтын мүлігі бар. Өз кезегінде республикалық бюджетке 59,6 млрд теңге түскенін ерекше атап өткен жөн.

Сонымен көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған биылғы заңдастыру қолдағы бар капиталды шығарып, оны экономикаға тартуды көздейді. «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар тұлғаларға мүлiктi жария етуiне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңда жария етілетін мүлік пен қаражат заңды түрде экономикалық айналымға енгізілуі тиіс.

Бұл ретте Премьер-Министрдің бұрынғы орынбасары Бақыт Сұлтановтың «Мүлікті жария ету – әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Еуропаның бірқатар елдерінде және АҚШ-тың көптеген штаттары мұндай акцияны бірнеше мәрте өткізіп тұрады. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде бар. Ағымдағы жылы 1 қыркүйектен басталатын жаңа акцияны өткізудің алғышарты Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналымның қомақты үлесі болып табылады. 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуықтады немесе шама­­­­­мен 6 три­­­­ллион теңгені құрады. Екіншіден, бұл – шетелдік инвестициялардың қысқаруы мен ағымдағы операциялар шоты сальдосының төмендеуі. Сонымен қатар дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан экономикаға кредит берудің төмендегені байқалады. Осылайша, экономиканы дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындады» дегені есімізде.

Комиссия жұмысын бастады

Жария ету объектілеріне ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүлік, ел аумағында тұрған үйлер және ел аумағынан тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жатады.

– Айта кеткен жөн, заңға сәйкес құрылыс нысандары және құрылымдары жоқ өз бетімен басып алынған жерлер және жер телімдері, онда салынған ғимараттар мен қондырғылар заңдастырылмайды. Сонымен қатар, жалпы қолданыстағы жерлер мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аумағында орналасқан жер телімдері мен ондағы ғимараттар да заңдастыруға жатпайтын объектілердің қатарына кіреді, – дейді жекешелендіру саласының маманы, заңгер Нұржан Сейтматов.

Ал, ақшаны заңдастырудың тетіктеріне келсек, екінші деңгейлі банктердің арнайы депозиттік шотына ақша аудару арқылы жүргізіледі. Заңдастырылатын ақша арнайы депозиттік шотта бірнеше жыл бойы тұруға тиіс. Бұл ретте нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақылар төленетінін ұмытпаған жөн. Егер, банктердің арнайы депозиттік шотындағы ақшаны мерзімінен бұрын алған жағдайда заңдастыру үшін 10 пайыз көлемінде төлем алынады.

Тағы бір жаңалық, мемлекеттік құнды қағаздарды, «Халықтық ІРО» шеңберіндегі акцияларды, ұлттық компаниялардың, басқарушы холдингтердің, даму институттарының облигацияларын, екінші деңгейлі банктердің облигацияларын, қазақстандық қор биржасына салынған басқа да бағалы қағаздарды, жекешелендіру шеңберіндегі нысандарды сатып алған жағдайда ешқандай төлем алынбайды. Егер азаматтар мұндай инвестициялық тетіктерді пайдаланғысы келмесе, ол жоғарыда айтылғандай, заңдастырылатын ақшаның 10 пайызы мөлшерінде алым төлеп, өз ақшасын өзі басқаруға құқылы.

Мүлікті заңдастыру қалай жүргізіледі?

Мүлікті заңдастыру тәртібіне тоқталсақ, ол үшін азаматтар жергілікті атқарушы органдардың жанындағы комиссияларға арыз және тиісті құжаттарды беру қажет. Мүлікті (ақшадан басқа) заңдастыру үшін төлем алынбайды. Заңдастыруға жататын мүлік (ақшадан басқа) осы мүлік туралы комиссияның заңдастыру туралы шешімі шыққан күннен бастап заңдастырылған мүлік деп танылады. Мемлекеттік тіркеуге жататын заңдастырылған мүлік заңдастырушы азаматтардың жеке өтініші бойынша тіркеледі. Мүлікті заңдастырушы азамат заңдастырылған мүлікті тіркеу жөніндегі шығындарды жеке өзі көтереді, соның ішінде құжаттарды дайындау және жасау шығындары бар.

Ал, шетелдегі мүлікті заңдастыру үшін 10 пайыз алым алынады. Осыған байланысты берген өтінішті комиссия салық органы өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.

Заңдастыру шарттарында рақымшылыққа жатпайтын қылмыстар бар. «Атап айтқанда, жалған кәсіпкерлік, жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле жасасуы, несиенi заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану, бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн бұзу, жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау немесе сату, экономикалық контрабанда, кеден төлемдерi мен алымдарын төлеуден жалтару және рейдерлік» деп мәлімдеді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Францияда, Австрияда, Ирландияда – 2 рет, Португалияда – 4 рет, Үндістанда – 5 рет жүзеге асырылған екен. Сол сияқты Италия, Бельгия, Германияда сынды елдер де бұл үдерісті бастан өткізген. Нақты мысал ретінде қарастырсақ, тек АҚШ-тың өзінде 1997 жылға дейін жетпіске жуық салықтық рақымшылық жарияланған.

P.S: Заңға сәйкес, мүлікті жария ету үшін Астана әкімдігі жанынан құрылған комиссияға мүлiктi жария ету туралы өтініштің екі данасын, өтініш берген кезде жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшiрмесiн, ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізген аттестатталған сарапшының қорытындысын, жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын тапсыру керек.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button