ҚоғамРуханият

СЫНШЫЛДЫҚ. ОЙШЫЛДЫҚ. ҚАЙРАТКЕРЛІК

Ұшқыр қаламы қолынан түспейтін, ми-қазаны үздіксіз гүрілдеп жанып, көріктей дүрілдейтін, қара қазаны оттан түспейтін, өзі аттан түспейтін, өмір қазанында қайнап піскен қайраткер Ғарифолла Есімнің сүйкімді даусы ойшыл Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін, яғни 1994-1995 жылдарда жыл бойы әр сенбі сайын әрбір қара сөзінің даралық, даналық мың қырлы әлемін Қазақ радиосында соншалықты әңгімешілдік шеберлікпен ұғындырып жеткізетіні елдің жадында, ұлттың санасында мықтап ұялағаны хақ. 

243

Ол Абайдың даналық дәріс­терін, өмір жолындағы, тіршілік тізбегіндегі тәжірибелерін тыңдаушылардың санасына, көңіліне, қиялына әсер-серпін беру мақсатында мейірленіп сөйлеуші еді, қазақтың жалпақ тілімен кеңінен көсіліп баяндаушы еді, сөйтіп, ар біліміңді үстемелеп байытушы еді, әрбір нәрсені, әрбір жәйтті Абайша қабылдауға үйретуші еді. Расында, бұ да сол бір уақыттың ғажа­йып бір дастаны, суреті екен-ау! Абай мұхитына мұқият үңілген, түпсіз, тұңғиық пайымдауларын тексерген, «қазақтың жалғызына» жүгінген Ғарифолла Есім 1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» дейтін тақырыпта философия ғылымдарының докторы атағын алу үшін диссертациясын қорғады. 1995 жылы ҰҒА-ның мүшелігіне қабылданды.

Ғарифолла Есім «Хакім Абай» дейтін философиялық еңбегінде Ұлы Даланың күміс көмей шешені, ойшылы Анахарсистен (Анақарыс) бастап, Абайдың метафизикалық лексикасы мен сөз философиясының терең қатпарлы астарларын, ой орамы қылдан бетер жіңішке, нәзік қырларын ашуға тәуекелдейді. Сөз философиясы мен магиясын шығармашылық жолының мұраты, қазығы еткен философ Ғ.Есім «Данышпан Шәкәрім» кітабында Абайдың ізбасар шәкір­тінің өнернамасына герменевтикалық талдау жасайды әрі даналықты дүниетану көзқарасын ғылыми-теориялық тұрғыдан бажайлап байыптайды.

Ағаштың жапырағы да жыл сайын жаңарып тұратыны сияқты шалқар білім иесінің әрқашанда рухани жағынан жетіліп, тұйғындай түлеп қызықтырар ой жүйесі бар. Бұған айғақ – білгірлікпен, шығармашылық қабілеттен, ұлттық философия­лық көзқарастан туындаған «Адам-зат» атты айтулы еңбегі. Бұл – философиялық проза үлгісінде жазылған. Әрі ой еркіндігіне, өзіндік тұжырым-топшылауларға негізделген. Автордың адам болмысына қатысты түйіндеулері – ақыл, ой, парасат биігінен қарастырылған. Адам табиғаты – күрделінің күрделісі. Тіпті, көңілдегі көркем пиғыл мен бұзық пиғылдың саны да өлшеусіз.

Ал Ғ.Есім адам болмысында тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйе­сі, рух жүйесі деп алты жіктемеге бөліп, әрқайсысына мүмкіндігінше толық сыпаттама береді. Сонда Адам деген бір жағынан идея, екінші жағынан зат, үшінші жағынан рух дейді. Яғни, адам – таза заттық және рухани қасиеттердің тұтас бір әлемі. Академик Ғ.Есім адамның дене құрылымын, заттық сипатын әңгімелеуде «тән құрамында дүниеде бар химиялық элементтердің бәрі бар» дейді. Бұл орайда алуан-алуан ой-пікірлерге ортақтастырады. Есті кісі өз тәні мен жанының сырларына ден қояды. Бұл орайда Мәшһүр Жүсіп «адамның тәнінде темір, көмір, тұз, күкірт уа май бар дүр. Орташа ғана бір кісінің тәнінде қырық бес қара тақта, яки үш жүз алты қарындаш жасарлық көмір бар. Жеті тағаға қағарға жетерлік шеге жасарлық темір бар. Екі жүз мың шырпы жасарлық күкірт бар. Алты жүз дана шамға құярлық май бар. Жиырма қасық тұз бар» дейді. Ғарифолла Есім шығармашылығында тән жүйесі тереңірек таразыланады.

Жаратушы шеберлігі мен құдіреті, табиғи үйлесімділік пен гармония, ақыл мен парасат, даналық пен пайым, зейін мен зерде, рух пен сана, періште мен шайтан, жомарттық пен ғашықтық, жаратылыс пен тағдыр, ізгілік пен сұлулық – «Адам-зат» кітабының ең бір өзекті, көкейкесті тараулары.Ой мен сөз зергерінің «Жар жағасы» кітабына «Таңсұлу», «Адам Ата мен Хауа ана хикаялары», (Көсем Көкжалдың мәңгілікке сапары», «Баба жұрт», «Дала заңы», «Қырық қыз», «Мұсылман қыз», «Исіну», «Голощекинге көрімдік» дейтін ұзын-ырғасы 38 новеллалары мен 20 эссесі топтастырылған. Жазушының новелла-эсселеріне философия­лық-көркемдік нақыш, тарихи зерделілік, интуитивтік таным, түйсік, сыршылдық, символикалық мағына, ой, тіл, сезім байлығы тән. Ғ.Есім новеллаларының сюжеті шағын, оқиғасы бір-бірімен берік сабақтаса, тұтаса байланысқан. Өңгесі негізгі оқиғаға тәуелді. Логикалық жүйелілік, әңгімешілдік бар. Және де оқиғаның динамикалық жандылығы, көркемдік шешімнің тосындығы, образды мән тән.

Обал, зауал, тағдыр, заман – Ғ.Есім новелла-эсселерінің арқаулары. Автор тұлғасы, таным-көзқарасы, ұлттың тарихы мен әлеуметтік жайларды ақыл сүзгісінен, ой елегінен саралап өткізетіндігі, философиялық түйін жасайтындығы, көркемдік ойлау жүйесі, интеллектуалдық мәдениеті жарқын көрініс береді.«Ақ өлең – аққулы мекен» роман-эссесінде ұлт трагедиясы мен отаршылдық саясат, атап айтқанда, қазақтың жерінен, дәстүрінен, тілінен, дінінен айырылуы, кәмпеске, ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, озбырлық, азғындық, арамзалық, опасыздық, бай мен кедей дейтін таптарға бөлінушілік, кекшілдік тәрізді жексұрын іс-әрекеттер барынша сипатталған.

Ал Ғ.Есім адам болмысында тән жүйе­сі, жан жүйесі, нәпсі  жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі деп алты жіктемеге бөліп, әрқайсысына мүмкіндігінше толық сыпаттама береді. Сонда Адам деген бір жағынан идея, екінші жағынан зат, үшінші жағынан рух дейді. Яғни, адам таза заттық және ру­хани қасиеттердің тұтас бір әлемі

Романның көркемдік қуатын күшейту мақсатында «заман, заман, заманда, елдің басы аманда» дей отырып, «адам мен табиғат үйлескен ертегі заманды» шеберлікпен келістіре сөйлетеді. Қорқыт Ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ер Едіге, қара қасқа атты Қамбар, Асан қайғы, Батыр Баян тұлғалары мен ел аңыздары ұлттың тарихи санасын тереңдетеді. Көркемдік мазмұнын кемелдендіреді. Сайып келгенде, Ақ өлең – Аққулы мекен – Қамқалы көл тағдыры – заман ахуалы, халық тағдыры, тұрмыс-тіршілік талқысындағы адам болмысы деген сөз.
Академик Ғ.Есімнің рухани кеңістігі бай әрі байтақ екендігіне «Тұлғалар – қаламгерлер» кітабы дәлел. Білімдардың түркі дүниесінің шамшырақтары Йоллығ-тегін, Ясауи, Қорқыт, Фараби, Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Шығыс жұлдыздары Омар Хаям, Руми, Хафиз, Ибн Сина, араб оқымыстылары Әл-Кинди, Ибн Баджа, Әл-Маарки, Әл-Ғазали, Ибн Рушд, Ибн Араби, әлем әдебиетінің классиктері Оноре де Бальзак, Лев Толстой, Мұхаммед Икбал, Акутагава, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Мигель Анхель Астурнас, Теодор Драйзер, Альбер Камю, Джон Стейнбек, сондай-ақ, қазақ жыраулары мен Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы хақындағы қадау-қадау ой-толғамдары өз алдына өзгеше бір әлем.

Ғылыми-шығармашылық әлеуеті кемел Ғарифолла Есім «Қазақ философиясының тарихы», «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Саяси философия» оқулықтарын, «Фәлсафа тарихы» оқулық-хрестоматиясын, «Социа­лизм» романын, «Жұлдызды Жұмекен», саясат пен мәдениет тақырыбына арналған 1994-2017 жылдарда жарияланған «Сана болмысы» атты 15 кітабын туындатты. Өндірте жазудың үстіне шәкірт тәрбиелеу ісінде де ересен еңбектенгенін мынадан көруге болады. Бір өзі 22 ғылым докторын, 30 ғылым кандидатын, 2 Ph.d докторын баулып шығарды.

Академик Ғарифолла Есімнің туған жерге деген таза, шынайы ілтипаты, дария сезімі, дархан көңілі қандай екеніне 2014 жылы үш рет куә болғанымыз бар. Делегация құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, тарихшы Қойшығара Салғара, әлемге әйгілі генетик Рахметқажы Берсімбай, академик Болат Көмеков, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, қоғам қайраткері, саясаттанушы Нәубет Қалиев, профессор, қайраткер Мырзагелді Кемел, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, доцент Серікзат Дүйсенғазы  және делегация жетекшісі

2017 жылы 5 мамырда сағат 14:00-де  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚР Тұңғыш Президенті аудиториясында академик Ғ.Есімнің 70 жылдық мерей­тойына арналған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты Халықаралық ғылыми-шығармашылық кездесу өтеді.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ рек­торы, академик Ерлан Сыды­қов аудан орталығы Аққулыдағы мектептің алдындағы өз қаражатына тұрғызған Абай ескерткішіне ат басын тіредік. Саршұнақ аяз әрі күн жексенбі болса да сапқа тізілген оқушылармен мектеп ұстаздары алқызыл гүлдерімен, жайдарман жүзбен қарсы алды. Табиғат кәусар тазалыққа тұнып тұр.  Ойшыл Абай ескерткішінің қасында «құдайлық құдірет»
жаратқан зеңгір көктен ғажа­йып бір әуез жеткендей. Жап-жас, көк өрім, балауса жеткіншектеріне «құпия сыбырлап»: «Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек» дегендей, Абай рухы мен ой-парасатына бөленгендей керемет күй кештік. Қанаттандық, ғажаптандық. Сол бір сәулелі, қас-қағым мезеттен кейін сұңқардай сергек Ғарифолла Есім «Бижамал-Ана» деген жазуы еңселі ғимарат-сарайға енгізіп, дария дастарханынан дәм татқызды. Бұл – тегі таза, хазіреттің баласы Ғарифолла Есімнің мейірбан анасының құрметіне жасаған сыйлығы екен. Ғарекеңе Алланың нұры жаусын деп тілек айттық.

Оқу, жазу, ойлау өнерінің дарабозы Ғ.Есім болмысын, тұлғасын ойша барлағанда ұлы бабамыз Махмұт Қашғаридың:Ой менен көк теңізге түгел батар, Жақұт пен інжу-маржан жар­қыратар, – дейтін лебізі лайық.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button