Мәдениет

ТАЙЖАН ӘНДЕРІ ТАМСАНДЫРДЫ

_nik0319

1937 жылдың 26 қыркүйегінде солақай саясаттың құрбанына айналған ақын, әнші, композитор Тайжан Қалмағамбетов «үштіктің» үкімімен атылып кетті. Содан 1958 жылға дейін, хрущевтің «жылымығы» жеткенше есімі ескерусіз, өнері атаусыз қалды. Алайда сол кезеңде ол туралы там-тұмдап қана айтыла бастады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ғана өнерпаздың өмірі мен шығармашылығын зерттеу қолға алынды. Бұл үрдіс бүгінгі күндерге дейін жалғасуда.

Соның жарқын үлгісі Конгресс-холда өткен «Ұлытаудан қанат қаққан Тайжан ақын» атты концерт болды. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының халық әні бөлімі ұйымдастырған кеште көрермендердің қатарынан ақынның ұрпақтары да табылды.

Қазақтың сал-серілік дәстүрі салтанат құрған дәуір – ХІХ ғасырдың аяқ шенінде дүниеге келген Тайжан ақын сол дәстүрдің бар қадір-қасиетін бойына сіңіріп өсті. Туған нағашысы Үкілі Ыбырайдан бата алып, кең сахарамызды ән мен жырға бөледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан өнерпаздардың бірі де – Тайжан. Сол кезде оның саяси бюро мүшесі Григорий Орджиникидзеге айтқан арнауы «Дорогой Серго» атауымен орыс тіліне аударылып, одақтың орталық газеттерінде басылды.

_nik0502

Тайжанның өнерін академиктер Қаныш Сәтбаев пен Ахмет Жұбанов, жазушы Сәбит Мұқанов жоғары бағалады. Жетісу өңірінен шығып, онымен қатар үзеңгі қағыстырып шапқан Кенен Әзербаевтің артында «Тайжан – ақындар арасындағы тамаша талант иесі. Өзіне сай домбырасы, гармоны мен қобызы да қоса сөйлейтін. Әні мен әуені ерекше еді. Ағып айтатын, төгіп сөйлейтін» деген сөз қалған. Сыр бойында өткен тамаша өнерпаз Нартай Бекежанов Тайжанды ұстаз тұтты. Қазақ музыкасын жинақтаушы Александр Затаевич композитордың үш әнін жазып алып, өзі құрастырған «Қазақтың 1000 әні» жинағына қосты.

Жезқазған қаласындағы Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин Тайжан мұрасын халыққа таныту ісінде үлкен еңбек сіңірді. Кезінде Тайжанның ағасы Құлжаннан тараған Шаһбал ападан 8 әнді жазып алды. Кейіннен тағы іздене түсіп, айтылмай жүрген бірнеше әнін тапты. Қазір әншінің репертуарында Тайжанның он төрт әні бар.

Ғалым Мұхамедин – асқан әнші, кеңес заманында қазақтың талай тамаша әндерін өлтірмей, ұрпаққа табыстаған Жүсіпбек Елебековтің соңғы шәкірттерінің бірі. Шәкірті оқуын бітіріп, елге жүрер алдында Жүсекең: «Ғалым, үш жүздің басын қосқан Ұлытау еліне бара жатырсың. Ол – небір дүлдүлдер шыққан қасиетті жер. Сол елде Тайжан ақын өмір сүрген. Нақақтан «халық жауы» деп атып өлтірген оны. Талай жерде бірге ән салғанбыз. Тайжанның әндері айтылмай кетті ғой, қайран дүние… Тайжанның мұрасын барысымен қолға алшы» деген үлкен аманат тапсырды. Ғалым Мұхамединнің Тайжан әндерін іздеуіне ұстазының осы бір ауыз сөзі түрткі болыпты. Әнші «Алтын кесе» атты күйтабақ шығарып, оған Тайжанның 11 әнін енгізген. «Жез киік» атты дискіге де ақынның әндерін қосты.

Астанада өткен концертке Ғалым Мұхамедин арнайы қонақ болып шақырылды. Тайжанның Қарсақбай түрмесінде жатып шығарған «Өтірік күйдім жалаға» атты соңғы өлеңімен кешті ашқан әнші ақынның жан күйзелісін көрерменге жеткізе білді.

Биыл қазақ даласында бұрқ ете қалған Ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толып отыр. Ал Тайжан туған Ұлытау өңірі көтеріліс ошақтарының бірі – Торғай даласымен шекараласып жатыр. Тайжан да бұл оқиғаға үн қосып, Амангелді сарбаздарын жырлаған.

_nik0606

Жалпы ақын шығармашылығы сан алуан тақырыптарды қамтиды. Қазақ ән өнерінде «Бекежанның күлкісі» деген тіркес бар. «Қыз Жібек» операсында театр өнерінің майталманы Құрманбек Жандарбеков Бекежанды ойнағанда салған бұл күлкі актердің тапқырлығынан туындады. Осы күлкімен әртіс осыдан 80 жыл бұрын мәскеулік көрерменді табындырған еді. Тайжанның «Сақ-сақ» әнінде де ғажап күлкі бар. Бұл күлкіні Астанада өткен концертте елордалық филармония әншілері Нұрай Танабаев пен Рахат Бегасылов тамаша салды. Ал біздің басымызға: «Құрманбек Жандарбеков Бекежанның күлкісін Тайжанның «Сақ-сағынан» алған жоқ па екен?!» деген ой келді…

Кеште Тайжан Қалмағамбетовтің оннан астам әні орындалды. Атап айтсақ, «Қызыл алма» әнін Тельман Нұртай, «Жігіттерге» туындысын Жақсыгелді Маясаров, «Тайжанның әнін» Күнсұлу Тұрлыбекова, «Қарсақбай» шығармасын Перизат Тұрарова, «Шалқыма» әнін Жазгүл Даңылбаева, «Нартайға» арнауын Данияр Мұқан, «Жомарт Тайжан» өлеңін Әйгерім Нартуеева шырқады. Тайжанның басқа да әндеріне көрермен құлақ құрышын қандырды. Концертті филармонияның «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі әдемі музыкамен әрледі. Ақмола жерінде өткен халық ақыны Көкен Шәкеевтің Тайжанға арнауын Баян Мұсаева жақсы алып шықты.

Концертке арнайы қатысқан Жезқазған қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева астаналық филармонияға жерлестерінің атынан алғысын жеткізіп, сый-сыяпат жасады.

_nik0713

Тайжан Қалмағамбетовтің мұрасының елге танылуына, әндерінің халық арасында насихатталуына белгілі ақын, марқұм Кәкімбек Салықов аз еңбек сіңірмеді. Ақынның құрастыруымен Тайжанның «Сақ-сақ күлсін сырнайым» жинағы жарық көріп, «Ақын Тайжан» атты поэмасы жеке кітап болып шықты. Осыны айтқан Тайжанның немересі Жәлел Қалмағамбетов ұрпақтарының атынан концерт ұйымдастырушыларына рахметін айтты. Кештің өтуіне Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының халық әні бөлімінің көркемдік жетекшісі Секен Сыздық мұрындық болды. Филармония директоры Сәкен Әбдірахмановтің қолдауымен бұл концерт жүзеге асып, Тайжан өмірі мен шығармашылығының жаңғыруына үлкен үлесін қосты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button