Басты ақпаратҚала мен Сала

Тарихи аудан көркейіп келеді

Астана тарихы Сарыарқа ауданынан басталады. Елордамен бірге есейіп, көркейіп келе жатқан аудан аумағында «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Орман отырғызу учаскесі» кенті орналасқан. Осы елді мекендерде жүзеге асқан игі істер туралы Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан ЕРАЛЫ кеңінен әңгімеледі.

– Бауыржан Бейбітұлы, елорданың тарихи орталығы саналатын Сарыарқа ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға 7 айға жуықтапты. Осы уақыт аралығында ауданда және тұрғын алаптарда қандай мәселелер шешімін тапты?

– Сарыарқа ауданы елорда тарихының бастауы ғой. Ауданның өзіндік дәстүрі, өзіндік ерекшелігі бар. Ел астанасы Арқаға көшпей тұрып тұрғындарымыздың көпшілігі осы ауданда өмір сүріп келеді. Елордамыздың қалай құрылғаны туралы естеліктердің басым бөлігі де біздің ауданнан басталады. Мұнда көптеген тарихи нысан бар. Осы орайда тарихи ауданды жаңғыртуға, ескі инфрақұрылымды жаңартуға ерекше назар аударып келеміз.

Ауданды жаһандық түрде өзгерді деп айта алмаймын. Бірінші кезекте тұрғындардың тіршілігіне қажетті инфрақұрылымды жақсартуға күш саламын. Өзіме дейін атқарылған жұмысты жандандырып, әрі қарай дамытудамыз. Мәселен, аудан әкімі болып тағайындалғаннан бастап тұрғындар тарапынан «Шапағат» сауда үйінің маңындағы стихиялық сауда орнын алып тастауды өтінген хаттар көп келді. Бұл жылдар бойы көтеріліп келе жатқан күрмеулі мәселе болатын. Қазіргі таңда ол аумақта жайма базарды жойып, толықтай абаттандыру жұмысын жүргіздік. Ал саудагерлерге өз кәсібін заңдастыруға көмектесіп, өркениет талабына сай павильондарға, сауда үйлеріне орналастырдық. Сондай-ақ К.Күмісбеков көшесіндегі ескі гараждардың орнына тұрғындардың өтінішін ескеріп, қоғамдық кеңістік жасалды. 800-ге жуық ағаш отырғызып, көп-көрім демалыс аумағына айналдырдық. Бұдан бөлек, жауын-шашын шамадан тыс жауған кезде жеке тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандардың ауласын су басып қалып жататын. Осы мәселені шешу үшін ауданның 15 көшесі мен 8 орамішілік аумағы бойынша арық-науа желісі мен су өткізу құбырын жүргіздік. Нәтижесінде жауыннан кейін су деңгейінің едәуір жылдам төмендеуіне себеп болды. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғаса бермек.

– Аудан құрамындағы тұрғын алаптарда қанша халық тұрады? Бүгінгі таңда оларды нендей мәселелер көбірек толғандырады?

Сарыарқа ауданының аумағында Астананың тарихи күре тамыры саналатын ескі шаһар, сонымен қатар, «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Жасыл ел» ауылы орналасқан. Халық тығыз қоныс тепкен ауданда 354 мыңдай тұрғын бар

– Сарыарқа ауданының аумағында Астананың тарихи күре тамыры саналатын ескі шаһар, сонымен қатар, «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Жасыл ел» ауылы орналасқан. Халық тығыз қоныс тепкен ауданда 354 мыңдай тұрғын бар. Әр тұрғын алаптың сұранысы да әртүрлі. Мысалы, «Көктал» тұрғын алабының «Нұрбесік» шағын ауданында өзге өңірлерден көшіп келген тұрғындарымыз көп. Ал «Агроқалашықтағы» халықтың басым бөлігі – Целиноград кезеңінен бері осында тұратын жергілікті тұрғындар. Сәйкесінше, әр жерде мәселе әркелкі. Дегенмен тұрғындармен кездескенде ең көп қозғалатыны – абаттандыру және инфрақұрылымды жақсарту мәселесі.

Бүгінде тұрғын алаптардағы көптеген мәселе жоспарлы түрде шешімін тауып жатыр. Мәселен, инфра­құрылым туралы айтатын болсақ, «Көктал-2» тұрғын алабында 100 пайыз жарықтандыру жүргізіліп, жолдар асфальтталды. Бұдан бөлек, орталық газ, сумен жабдықтау мәселелері шешімін тауып, кәріз жүйе­сі жасалды және жоғары жылдамдықты интернет қосылды. Сонымен қатар «Көктал-1» алабына келетін болсақ, жолдардың шамамен 60 пайызы асфальтталды. Алайда ешқашан асфальт көрмеген көшелері де бар. Осыған байланысты тұрғындардың тротуарлардың кейбір жерлері деформацияланған деген сын естіп жатамыз. Әлбетте, бұл тұрғыда үздіксіз жұмысты жүргізе береміз. Аталмыш орталықтың әр мәселесі – біздің назарымызда.

Аудан келбетін сақтау үшін және әрі қарай көркеюі үшін жыл сайын қажетті жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы да шет аймақтарды дамыту керек деген міндет қойды. Расымен, қаланың орталығында жасалған жағдай шет аймақтарда да жасалуы қажет. Әкімдік тарапынан жүргізілетін қандай да бір игілікті, халық бюджетіне жасалатын шарапатты тұрғындар тең көруге тиіс.

Ал «Агроқалашыққа» тоқталар болсақ, бұл аймақ – жерді заңсыз иемдену элементіне байланысты пайда болған күрделі жер телімі. Үйлер батпақты жерлерде орналасқандықтан, игерілуі өте қиын аймақ. Оң жағалаудағы төрт батпақ түгелдей дәл «Агроқалашық» аумағында орналасқан. Әсіресе көктемде еріген қар мен жерасты суы көтерілген кезде жағдай ушығып жатады. Бүгінде бұл мәселе де жер игерілуі есебінде ақырындап шешімін тауып жатыр. Сонымен қатар «Агроқалашық» тұрғын алабында кәріз жобасы жасалуда. Бұл жоғарыда айтқан мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді.

Жалпы Telegram әлеу­меттік желісінде аудан тұрғындарының чаты бар. Сол чатта мен де бармын. Чатта тұрғындар өз проблемасы туралы ашық жаза алады. Халықпен жиі кездесу өткіземіз. Жеке қабылдау да бар. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындармен үнемі байланыстамыз және барлық сұраққа ашықпыз.

– Қазіргі кездегі ең өзекті проблеманың бірі – елорданы газдандыру. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Аудан тұрғындары толығымен газдандырылды ма?

– Расымен де, тұрғын алаптарды газдандыру және энергия көздерін газға көшіру атмосфераға тигізетін зиянды азайтады. Сондай-ақ газ баллондарын пайдалануға байланысты төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Сарыарқа ауданында газдандыру процесі 90 пайызға жүргізілген. Бұл 4413 абонентті құрайды.

Бұрын газды үйге кіргізу мәселесі өте қиын болатын. Құжаттарды 8 тармақ бо­йынша ұсыну қажет болды. Бір ғана нұсқасын орындау үшін миллион теңге жұмсау қажет еді. Ал қызметтің өзі 76 жұмыс күнін алатын. Өзіңіз ойлаңыз, бір құжат үшін адам жарты жыл жүгіретін. Астана қаласының әкімі Үкіметпен ақылдасып, қолдау табуының нәтижесінде құжаттар тізімін барынша қысқартып, тұрғындарымыз үшін мүмкіндігінше қарапайым және ыңғайлы төте жолын жасадық. Бұл газдандыру процесіне белгілі бір дәрежеде серпін берді.

– Сарыарқа ауданының аумағындағы жолдардың жағдайы қалай? Биыл қай көшелер жөнделді?

– Бүгінде аудан көшелерінің 82 пайызы толық­тай асфальтталған. Биыл жоспарланған 21 көшені қалпына келтіріп, орташа жөндеу жұмысын жүргіздік. Одан бөлек, Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылының қиылысында екі деңгейлі жолайырық салынуда. Аталған құрылыс жұмысы қалаға кіріп-шығатын 20 мың көліктің жүруін жеңілдетіп, Н.Тілендиев, Бөгенбай батыр даңғылдары және Ақан сері мен Қараменде би Шақаұлы көшелеріндегі кептелістен арылтады.

– Ауданда қанша аула бар, биыл қанша аула абаттандырылды? «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы да аз-кем әңгімелей отырсаңыз.

– Биыл 40 аула аумағын абаттандырдық. Жалпы, абаттандырудың бірыңғай стандартынан бөлек, әр ауланың өз ерекшелігі бар. Тұрғындардың да тілегін ескеру қажет. Мұның барлығын әрдайым қаперімізде ұстаймыз. Сонымен қатар биыл тарихи көшелерді реконструкциядан өткізуді жоспарлағанбыз. Соның аясында «Шапағат» сауда үйі аймағындағы 12 аула көгалдандырылып, ойын алаңы жаңартылды, жарықтандыру жұмысы жүргізіліп, аумақтың тасжолы толық жөндеуден өтті. Нәтижесінде 4,5 мың аула тұрғынын қуанттық.

Аудан келбетін сақтау үшін және әрі қарай көркеюі үшін жыл сайын қажетті жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы да шет аймақтарды дамыту керек деген міндет қойды. Расымен, қаланың орталығында жасалған жағдай шет аймақтарда да жасалуы қажет. Әкімдік тарапынан жүргізілетін қандай да бір игілікті, халық бюджетіне жасалатын шарапатты тұрғындар тең көруге тиіс

Оған қоса, «Халық қатысатын бюджет-2023» жобасы бойынша ауданымыздың 15 ауласында кешенді абаттандыру жұмысы аяқталды. Ағымдағы жөндеу жұмысы аясында қосымша 13 аула аумағы жаңартылды. Осы орайда айта кетейік, аудан тұрғындары ауланы толықтай жөндеу, сквер, саябақ, қоғамдық кеңістік салу, тротуарларды жайластыру, ауданды көгалдандыру және т. б. бағыттар бойынша өзінің өтініші мен жоспарын ұсына алады.

Тұрғындар нақты өзгерістерді және жоба үшін қажетті соманы көрсете отырып, абаттандыру жоспарын әзірлеуі керек. Дайын жоспарды қала тұрғындары аудандық аппараттың ресми сайтына жүктейді. Өтінімдер техникалық тексеру және талдау кезеңінен соң тұрғындардың дауыс беруіне шығарылады. Ең соңында жеңіп шыққан жобаны жүзеге асырамыз.

– Қоғамдық кеңістіктер туралы не айтасыз?

– Абаттандыру барысында қала тұрғындарының идеясына, қалауына құлақ асып, жобаларды іске асыру бойынша бірге ақылдасамыз. Биыл осындай бірқатар ұсыныс жүзеге асып, қоғамдық кеңістіктер пайда болды. Мәселен, Көктөбе көшесі, 5-үйдің іргесінде бос жатқан алаңның орнына спорт-ойын аймағы, демалу орны абаттандырылды. Ал К.Күмісбеков көшесі, 7/1-үйінің алдындағы ескі гараждардың орнына аудан тұрғындарының демалуына ыңғайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Яғни жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру жүргізілді және 800-ден астам жасыл желек, ал жалпы аудан бойынша 5 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ Фахд бен Абдул Азиз көшесінде, Бөгенбай батыр даңғылы 43/1-үй, Ықылас Дүкенұлы, 30-үй мекенжайларында орындықтар мен әткеншектері бар демалыс аймақтары, Ықылас Дүкенұлы, 34-үй ауласында жаңа спорт алаңы және скейт-парк пайда болды. Оған қоса, Желтоқсан, Бұқарбай батыр, Ағыбай батыр, Бейбітшілік көшелері, Бөгенбай батыр, Рес­публика даңғылдарында да абаттандыру жұмысы жүргізілді. Оның ішінде кедергісіз орта құрылып, аудан тұрғындарына қолданысқа берілді. Бұл өзгерістердің барлығы елордамыздың жайлылығын арттырып, тарихи ауданның келбетін көркейте түсті.

– Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі. Бұл проблема қашан шешіледі?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астана шаһарында 24 мектеп салынады. Сол «Жайлы мектептің» екеуі Сарыарқа ауданында бой көтереді.

Қазір Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы мектеп құрылысының жұмысы аяқталып қалды. Тек ішкі жөндеу жұмысы қалғанын атап өткім келеді.

– Аудандағы сіз үшін ең өзекті проблема қайсы, оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

– Жоғарыда атап өткенімдей, ең басты мәселенің бірі – инфрақұрылым. Биыл ауданның тозығы жеткен даңғылдарын абаттандыруды қолға алмақпыз. Қазір жобасын жасаудамыз, алдағы уақытта нақтырақ жариялаймын.

Ірі жоспарлар туралы айтсақ, «Нұрбесік» шағын ауданында инженерлік инфра­құрылым жұмысын толығымен аяқтаймыз. Бүгінде бұл аймақта кәріз, су және су құбыры құрылысын жүргізудеміз. Одан бөлек, биыл ауданымыздың 6 көшесінде жарықтандыру жүргізілді. Бұрын бұл көшелерде жарық мүлдем болмаған. Енді жылдың соңына дейін техникалық мүмкіндік болған жағдайда, коммуналдық қызметтермен келісіп, тағы да жарығы жоқ 24 көшеге шамдар қоюды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ «Көктал-2» ықшам ауданында 800 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы белсенді жүруде. Пайымдауымша, аурухананың құрылысы толық біткен соң ауданның ғана емес, қаламыздағы жалпы жұрттың ем-дом қабылдауына сеп болады, мегаполистің медицина саласында ақсап жатқан күрмеулі мәселені шешуге тиіс.

– Астананың өміріңізде алатын орны қандай? Бас қаланың қай жері сізге ерекше ұнайды? Несімен?

– Ең бірінші, субъектив пікірім деп қабылдаңыз, шынын айтқанда, маған Астананың саф әрі таза ауа­сы ұнайды. Азаттық үшін арпалысқан Хан Кененің рухы сіңген, ел руханиятына ұйытқы болған шаһар десек жарасады. Әлбетте, «Астана – жастар қаласы, болашақтың қаласы» деп бекер айтылмаған.

Елордаға арман қуып келдік. Осында білім алдық, өндік, өркендедік. Еңбек жолым да осы қалада басталды, бүгінде астаналықтардың игілігі үшін барынша қызмет етіп жүрмін. Қолымыз қалт еткенде отбасыммен Есілдің жағалауында қыдырғанды жақсы көремін. Ауданымыз­дың театрларына барып тұрамын. Бірақ оқырманға мына жайтты айта кетуім керек, мұндағы театрларда аншлаг өте жоғары. 1-2 ай бұрын билеті таусылып кететін рухани орталықтарымыз бар. Жалпы демаламын деген адамға Астанада жайлы орын жетерлік.

Ауданымыздың халқы өте белсенді. Кездесулерде, басқа да жиындарда өзінің ойын, келелі мәселені көлденең, өткір сауалдарын еш бүкпесіз әрі ашық жеткізіп отырады. Жанашыр жандар көп. Жобаларды талқылауға, жүзеге асыруға әрдайым тұрақты атсалысып отырады. Әлбетте, ауданымыздың көркеюі үшін алдағы уақытта да әрқашан бірлесе жұмыс атқара береміз деп сенемін. Өз басым кез келген тұрғынға ашықпын. Сарыарқалық тұрғындарға айтар тілегім ұшан-теңіз. Мұқағали ақын айтқандай, «Жылуын беріп жебеген, ұйқымен тәтті бөлеген» баспаналарыңыз бақыттың ошағы болсын, әр үйдің ішінде мейірім мен махаббат болсын! Ауданымыз жылдан-жылға түрленіп, гүлдене берсін!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button